Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ізгілік ілімін іздеген тұлға

0 1  929

Өңірлік баспасөздің қалыптасуы мен даму тарихы өткен ғасырдың басымен тұспа-тұс келеді. Адам ғұмырына шақсақ бір ғасыр өте көп мерзім саналуы мүмкін, ал бір өлкенің баспасөз тарихында қас қағым сәт. Осы уақыт аралығында небір жайсаң тұлғалар елдің сүйіспеншілігіне айналып, билік пен бұқараның арасын жалғастырып тұрған алтын көпір болған. Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосынов, Әлдихан Қалдыбаев сынды қарымды журналистер бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеп қана қоймай, шығармашылық жұмыстың даңғыл жолын салды. Сол шәкірттердің бірі бүгінгі мақаламыздың негізгі кейіпкеріне айналып отырған Мақұлбек Малдарбеков болмақ.

Тумысынан ақжарқын, тынымсыз еңбекқор, кісіні қас-қабағынан танитын сезімтал Махаң қай кезде болмасын шығармашылық ойдың жетегінде жүреді. Көшені жағалай өскен тал-дарақтармен жарыса жүріп, қаламына серік болатын материалдарды іздеу – Махаң үшін қалыпты жағдай. Бірнеше жыл бұрын орталық көшелердің бірінде екпіндеп бара жатқан Махаңды көріп, хал сұрасқаным бар. Әдеттегідей кісінің іші-бауырына кірер ашық мінезімен жағдайымды сұрап болған соң:
– Жақында ғана қасиетті Меккеге барып, мұсылмандықтың бір парызын өтеп қайттым, – деді жүзінен шаттықтың нұрын шашып.
– Маха, Мекке көптің арманына айналған киелі мекен ғой, қандай әсер алдыңыз? – дедім шым-шымдап сыр тартып. Сол – сол ақ екен, Махаң іште тұнып жатқан қатпар-қатпар ойлары мен әсерлі сезімдерін ақтарып айта бастады. Иә, Махаң тәрізді шығармашыл жандар не нәрсеге жеңіл-желпі қарамайды ғой. Махаңның әңгімесінен аз уақыттың ішінде қажылыққа барғандай әсер алдым. «Иман бар жерде өмір мен имани тірліктің барына, жүректерде нұрдың сәулесі ұялап, жарқырай береріне күмәнсіз сенесің. Алланың нұры мен шапағатына бөленгеннен артық не бар дүниеде?», – депті Махаң қажылық сапарынан оралған соң.
Саналы ғұмырын өлкелік журналистиканың дамуына арнаған Махаңның көргені мен түйгені мол. Облысымыздың түкпір-түкпірін аралай жүріп, түрлі іссапарларда көрген-білгендерін қойынындағы кітапшасына жазған дүниелері оның ой-парасатымен астасып жатқандығы анық. Аға буын ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесін өмірлік тәжірибесімен ұштастырған Махаңның қаламынан туындаған дүниелер жас буын журналистер үшін аса қажет-ақ.
Махаң – үлкен жүректі адам. Адами болмысын шығармашылықпен сабақтастырып отырған Махаң өзінің ұстаздары мен өмірге жол сілтеген ағалары жайлы толымды ой айта білді. Сағыныш пен сүйініштен тұратын оның бұл тақырыптағы мақалаларында көпке танымал қайран ағаларының бітім-болмысы айшықталып танылады. Баттал Жаңабаев, Әкім Садықбеков, Ахмет Қазыбаев, Кәрімжан Құрманұлы, Рахметбек Өзбеков, Әкпарбек Доспамбетов, Жанболат Егембердиев сынды өлке тарихындағы іздері сойдақталып жатқан тұлғалар жайлы бір үзік сырлары кім-кімді де селт еткізері хақ. Өткенге алғыс айта білу де парасаттылықтың белгісі емес пе?! Жоғарыда аталған ағалардың көбісі мәңгілік мекенге сапар шеккелі қашан. Баттал ағадан басқасы ортамызда жоқ. Алайда Махаңның мақалалары бір сәт те болса өткенге көз жүгіртіп, тарихтың терең тамырымен қауыштырғандай болады.
Журналистің негізгі жанры – публицистика. Жазғанның бәрі журналист, мақаланың бәрі публицистика емес. Қазіргі қазақ публицистикаcының хал-ахуалы жөнінде зерттеушілер өз пікірін айта жатар. Ал Махаң қалам мен қағазды серік етіп, өткен ғасыр мен қазіргі кезеңді жалғастырып жүрген шебер публицист екендігін айта кеткен жөн. Кезінде газетте істеп жүргенде, үлкенді-кішілі мақалаларының өзі қоғамға ой сала білді. Аз сөзбен көп нәрсені қозғап, оқырманның ойына ой қосу – Махаңның негізгі жетістігі. Бірде Махаңның публицистикаға жақындығы жөнінде сұрағанымда, ол:
– Мен Киров атындағы КазГУ-ді бітіргенде, дипломдық жұмысымның тақырыбы «Б.Бұлқышевтың публицистикасы» болып еді. Сондықтан мен осы жанрды жақсы көремін, – дегені бар.
Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген.
Махаңның жазғаны сан алуан тақырыпты қамтиды. Өткен дәуірдегі көк түріктің заманынан бастап, кешегі Кеңес кезеңі, одан асып қазіргі тәуелсіздік. Барлығы журналистің қаламымен ақ қағаздың бетіне түсіп, оқырманмен сырласқандай болады. Ой бөліседі. Оның жазғандары жеке өзінің көзқарасы тұрғысында баяндалғанымен, көп пікірімен келіспей тұра алмайсың. Тарихтың қайнар бұлағымен сусындап өскен оның қай сөзі болмасын шындықтың ауылынан жырақтап кетпейді. «Халық талқысына түскен талай сынақты бастан кешірдік. Ең бастысы, ашқұрсақ жүрсек те, өз тағдырымызды басқаның байлауына бермедік», – дейді ол ағынан жарылып. Рас қой. Сөйте келіп, өткен дәуірдегі жоңғар қыспағы, айдары асқақтаған Кенесары көтерілісі мен Ресей боданына терең тоқтала келіп, Кеңес билігі тұсындағы қан қасап қырғынға сұғына еніпті. Мұның барлығы – өткен тарихымыз. Оған дау жоқ. Енді келешегіміз қандай болмақ деген мәселеге келгенде, Махаң Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың ойына жүгініп, тәуелсіздіктің көкжиегіне көз жібергендей болады. «Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов осылай толғанып, осылай ұлағатын ортаға салған болатын. Оның бұл ұстанымдарын басшылыққа алып, алдағы істерімізге темірқазық етіп алғанымыз орынды болмақ», – дейді.
Әйгілі Шерағаңның «Бір кем дүние» атты кітабын білмейтін жан жоқ шығар. Шераға аталмыш кітабын зейнетке шығып, өткен өмірін қайтадан сыр елегінен өткізген шағында жазған. Шап-шағын кітабында тұтас өмірдің философиясы жатыр. Ақыл тоқтатып, күрделі өмірге қарапайым көзбен қараған тұста осындай терең ойлар келетіні рас шығар. Айтпақшы, Шераға да Махаңның ұстазы. «Ата жолы» атты кітабында Махаң ұстазымен үндесе «Шындықпен өрілген өрнектер» атты бір үзік сырын оқырманына ұсынады. Аты айтып тұрғандай, шындықпен безбенделген еңбектің түп төркінінде автордың ой түкпірінде тығындалып, уақыт күтіп жатқан өмір шындығының нақ өзі баяндалады. Бірнеше тараушалардан тұратын сыр сериясында қаламгер өткен тұлғалармен іштей сыр ақтарысып, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін тануға талпыныс жасайды. Қажетті тұстарда өзінің жеке көзқарасын білдіріп, қоғамда орын алып отырған кейбір әттеген-айларға өткір пікірін айтып отырады.
Қаламгердің өткір ойынан туындаған бірнеше сөзіне тоқтала кетейікші. «Жағымпаздар шеруі бүгінде шектен шығып кетті. Өте белсенді, ешкім тоқтата алар емес. Жарамсақтар да жағаңнан алып, жұтқыншағыңды сөйлетпей жұлып алардай қауіпті. Дегендерін істеп, делебелері қозып тұрған өте қатерлі шақ», – дейді автор. Қазіргі қоғамның бойын мерез ауруындай дендеп кеткен қауіпті дерттің кескінін осылай білдіреді. Жарамсақтық пен жағымпаздық жайлаған қоғамда не қылған әділдік, не қылған парасаттылық. Өткеніне көз алартатын, тарихына түкіретін, келешегіне балта шабатын адамдардың тоғышарлық пиғылын Махаң аяусыз сынға алады. Өйткені авторды ашындырған оқиға басқа жерде емес, нақ осы облыс орталығында болған оқиғадан басталып, еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын тауып, елдің санасын улаған жағымпаздыққа жетелепті. Сонда деймін-ау, ел тұтқасын ұстаған азаматтардың соншалықты жарамсақтануына не себеп? Әлде ана құрсағынан шыққанда, олардың пешенесіне осы дерттің қара таңбасы басылған ба? Қайдам. Алайда автор оның түп төркінін іздеп жатпайды. Болған оқиғаны қаз қалпында жазып, шешімін оқырманға қалдырады. Бәлкім, автордың жазбаларын оқып, оқырман дұрыс жолды таңдар деген сенім де жатқан болар. Кім білген?!
Енді бір сөзінде: «Рушылдық пен жершілдік біздің түбімізге жетіп жүрмесе екен. Алладан осыны тіледім», – депті автор болған оқиғамен өрілген әңгіменің соңында. Рушылдық пен жершілдік те қазақтың бағы мен сорына айналып отырғаны жасырын емес. Бағы – тектің сақталуы, соры – ала ауыздықтың өрістеуі. Осыны білеміз. Біліп тұрып, істейміз. Не деген көрсоқырлық. Махаңның бұл тақырыпты өзінше көтеруі келісімді-ақ. Көпті көрген қарт қаламгер ретінде рушылдық пен жершілдіктің кесапатын айтып жатпайды. Оның қажеті де жоқ. Себебі көзі қарақты қай қазақ болмасын оның қасіретін біледі. Сондықтан автор сорымызға айналған әдетті шағын әңгіме желісіне сыйғызып, Нарша ақынның бір ауыз сөзімен түйіндейді.
«Бүгінде тәуелсіздік бізге не берді, біз тәуелсіздікке не бердік?» деген сұрақ алдымыздан көс-көстеп шығары белгілі. Сұрақ көп, ал жауап жоқ. Себебі қазіргі ұрпақ мұндай сұраққа жауап беруге дәрменсіз. Махаң тәуелсіз қазақ журналистикасының басында тұрған қайраткер ретінде осындай сұрақтардың көбісіне жауап беруге дайын. Жауап бергенде жеңіл-желпі, дәлелсіз сөздермен емес, нақты кейіпкерлердің тілімен, оқиға өрісімен жауап береді. Әр жылдары түрлі салада танылып жүрген адамдардан алған сұрақ-жауап барысында Махаң елімізде жүріп жатқан ілкімді шараларды тілге тиек ете отырып, күрмеуі қиын мәселелер төңірегінде жауап іздейді. «Еліміздің тәуелсіздігі тілдің де тәуелсіздігіне байланысты. Бірақ тіл тәуелсіздігіне жету оңай шаруа болмай тұр», – депті Махаң белгілі қаламгер Несіпбек Дәуітайұлымен болған сұхбатында. Иә, егемендігімізге отыз жыл болса да ана тіліміз босағадағы орнында тапжылмай әлі тұр. Оған кім кінәлі? «Біз әлі де болса орыстану үстіндеміз», – деп дәл тауып айтыпты автор.
Журналистің басты мақсаты – күрделі мәселелерді күн тәртібіне қоя білу. Ал оның шешімін түрлі билік орындары табуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Махаң әр жылдары баспа мінберінде тұрып, көпті толғандырып жүрген, шешілуі тиіс мәселелерді қозғап отырды. Өкініштісі, Махаң айтты екен деп оның барлығы шешіле қойған жоқ. Мүмкін келешекте шешіліп қалар. Ең бастысы, өзінің арының алдында да, келешек ұрпақтың алдында да Махаңның ары адал. Осыған тәубе дейміз.
Өткен жылы ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған бәйгеде Махаң «Мұқағали – мәңгілік сағынышым» атты мақала жазып, жүлделі орын иеленгені бар. Ақын ағасының өлеңдерін тереңнен толғап жазған мақаласы өзгелерге ұқсамайтындай дараланып жазылыпты. Мұқағали да өмір бойы ізгілікті іздеп өткен марқасқаның бірі ғой. Мүмкін Махаң мен Мұхаң бір әлемнің ішінде жоғын іздегеннен болар. Бірі келместің кемесіне кетіп, қайта оралмаса, ал екіншісі кеткен ағасының артында қалып, ізгілікті іздеуден шаршамай, өзінен кейінгілерге ізгіліктің ілімін хал-қадірінше ұғындырып жүр. Қасиетті миссия ғой.
Үстіміздегі жылы Махаң жетпістің қиясына қонбақшы. Жетпіске толғанға ұқсамайды. Әлі тың, күш-жігері ортаймаған. Жақында ғана Махаңды көріп, хал сұрасқанда, көп нәрсені орындасам деген арманын естіп сүйсінгенім бар. Жетпіс деген өмірдің шегі емес қой. Алда сексен, тоқсан, бұйырса, жүз де бар емес пе?! Олай болса, өмірдің талғамын танып, бағасын білген Мақұлбектей ағамызға ізгі ниеттерімізді аямайық, ағайын!

Көшені жағалап тағы да Махаң кетіп бара жатыр. Жай кетіп бара жатқан жоқ, екпіндеп, адымын үсті-үстіне күшейтіп, зулап барады. Ол тағы да ізгілікке жаны құмар адамдарды іздеп бара жатыр. Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз мол, ұрпаққа қалдырар ізгілік ілімдеріңіз көп болсын дейміз.

Темірбай Мұқашев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.