Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қиындықты еңсеріп, игілікке жетеміз

0 221

Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша брифинг өткізді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қала әкімі биылғы жылдағы атқарылған жұмыстарды талқылап, әр мәселені кеңінен тарқатып, жеткен жетістіктер және талапқа сай өсімдер мен кедергілерге тоқталып өтті. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ағымдағы жылдың 10 айында қала әкімдігіне 28 090 өтініш түсіпті. Оның ішінде 2 998 өтініш қанағаттандырылса, 9984-іне түсініктеме берілген. Қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдеріне 13 752 өтініш қарастыру үшін жолданған екен.

Баспана мәселесі ең алдыңғы қатардағы басты мәселе болып тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3025 пәтерді құрайтын 54 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгінде оның 47-сі жыл соңына дейін толық пайдалануға берілмек. Қалған 7 үйдің кілті 2021 жылы табысталады. Бұл туралы да Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында баяндады.

Алдағы уақытта 15-ші мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталатын болса, онда 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үй бой көтермек. Қазір онда 35 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар 2019 жылдан өтпелі 16 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, 10 арендалық және 9 кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. «Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе, ағымдағы жылы Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 45 пәтерлі 15, 60 пәтерлі 12 және 80 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады. Жалпы алғанда, 2435 пәтер пайдалануға беріледі», – деді қала басшысы.

– Бүгінде Тараз қаласында 18 887 адам үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін 765 әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта да қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін және облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жалғасатын болады. Қаланың өнеркәсіп саласы жыл соңына дейін 272 млрд 260,2 млн теңгеге өнім өндірмек. Былтыр бұл көрсеткіш 275 млрд 280,2 млн теңге болған. Ал ауыл шаруашылық саласында өнім өндіру көлемі 8 млрд 992,3 млн теңгені құраған. Биыл Таразда салықтан түскен түсім де ауыз толтырып айтарлық. Мемлекеттік бюджетке 41,3 млрд теңге салық пен өзге де міндетті төлемдер түскен. Оның ішінде облыс бюджетіне құйылған салық қаржысы – 28,4 млрд теңге. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 4 нысанды іске асыруға 1 млрд 304,0 млн теңге қарастырылған. Қомақты қаржыға өткен жылдан қалған Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың құрылысы жүргізілді. Ал «Барысхан» алқабын сумен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі қараша айының соңында аяқталған. «Арай» алқабын электрмен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі мен Ы.Дүкенұлы көшесіндегі су жүйесінің құрылыстары келесі жылы жалғаспақ, – деді қала әкімі.

Әкімге шаһар шетіндегі саяжайлар мен тұрғын алқаптардың инженерлік инфрақұрылыммен қашан қамтамасыз етілетіні туралы сауал жолданды. «Шалғай Қарасу», «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптарын, «Құмшағал» станциясын және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы шығып жатқандығы белгілі болды. Ал сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға 2021-2022 жылдары ұсынылатынын да тілге тиек етті шаһар басшысы. Сонымен қатар қаладағы қылмыс жөнінде де онлайн форматында қала тұрғындарынан біршама сұрақтар қойылды.

– Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында барлығы 2873 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 35,2%-ға төмендеген. Ал былтыр бір жыл ішінде 4437 қылмыс дерегі тіркелген болатын. Айта кету керек, биыл тонау, есірткі қылмысы, қарақшылық және ұрлық қылмыстары едәуір төмендеген. Алайда ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 92,8%, қасақана өлтіру 100%-ға өсіп отыр. Мұндай қылмыстардың ашылуы былтыр 64,9%, биыл 81,5%-ға төмендеді, – деді Айтқазы Қарабалаев.


Онлайн-оқу басталғалы білім мәселесі күнделікті айтылып жүр. Оқушылардың ата-аналары балаларының мектеп қабырғасына баруға асық екендіктерін айтып жүр. Ал кейбір үйде компьютер жетіспеушілігі орын алып жатқандығы белгілі. Бұл мәселеге де қала басшысы тоқталып өтті.

– Оқытуды тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 284 дана компьютер, 1000 дана ноутбук алынды. Республикалық бюджеттен 1250 дана планшет, 500 дана ноутбук, 531 дана компьютер алынып, оқушылардың пайдалануына үлестіріліп берілді. Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен 214 дана және республикалық бюджеттен 5793 дана компьютерлік құрылғылар алынатын болады. Жалпы жеке компьютері жоқ 12 243 отбасының 8323 отбасы компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз етілді. Қалған 3920 отбасына бюджет қаражаты есебінен компьютерлік құрылғылар берілді. Бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініштері негізінде 60 мектепте 1242 кезекші сыныптар ашылып, 17044 бала қамтылды. Бүгінгі күні кезекші сыныптарда санитарлық нормаларды сақтау үшін қажетті санитарлық құралдар алынды, – деді қала басшысы.

Жиын соңында сауалдарға толық жауап берген шаһар басшысы өткен жылдың қиындығы артта қалып, келер жылдан тек жақсылық күтетінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.