Қалалық қоғамдық-саяси газет

ІТ-лицейге еңселі ғимарат қажет

0 793

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы

ХХІ ғасыр – технологиялар дәуірі. Қазір бәсекелестікке төтеп берудің бірден-бір жолы барлық саланы цифрландыру екені белгілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс», – деген болатын. Расында, әлеуеті жоғары 30 елдің қатарына ұмтылған еліміз ғарыштық жылдамдықпен дамып жатқан алпауыт мемлекеттердің көшіне ілесуі үшін бізге білікті һәм білімді ІТ-мамандар ауадай қажет-ақ. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар да атқарылып жатыр.
Осыдан 2 жылдай бұрын осы саланың қыр-сырын жетік меңгертетін арнайы лицей-интернат Тараз қаласында ашылды. Өте құптарлық іс. Десе де, бүгінде аталған оқу ордасында орын тапшылығы сезілуде. Соның салдарынан білім алуға құштар ауыл балаларын қамтуға мүмкіндік болмай тұр. Мұндай бірегей білім ордасы облысымызда жалғыз болғандықтан, орын санын көбейту аса маңызды. Оның үстіне лицейде жаңа технологиялардың да жетіспеушілігі байқалуда. Сондықтан материалдық-техникалық базамен толықтай жабдықталған, жаңа, еңселі, зәулім ғимарат салып, білім ордасына пайдалануға берген жөн деп ойлаймын. Сонда ауыл балаларына да жол ашылар еді. Бәлкім, олардың арасында болашақ Илон Масктер бар шығар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.