Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ислам бейбітшілікке үндейді

0 350

Ислам сөзі «амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу» ұғымын білдіреді. Яғни Ислам – амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107), – деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылуда. Өйткені Құран ынтымақ пен бейбітшілікті баса назарда насихаттайды.
Адам саналы жаратылыс иесі болғандықтан еріксіз түрде: «Мен қайдан келдім?», «Қайда барамын?», «Бұл дүниеге не үшін келдім?», «Жаратушы бар ма?» деп сұрақтар қояды. Осындай сұрақтардың жауабын беру үшін Алла Тағала пайғамбарлар арқылы дін және заңдылықтар топтамасынан тұратын қағидалар жіберді. Міне, сол қағидалар мен заңдылықтар тек ауыз екі ғана емес, жазбаша түрде қасиетті кітаптармен де расталып отырды. Адамзатқа қанша елші және кітап түскенімен, сан ғасырға созылған тарихында әр алуан наным-сенім пайда болды. Жер бетіндегі діндердің ешбірі бөлінушілікке жол бермегенімен, адамдардың ойлау мен түсінік деңгейіне ешқашан тосқауыл бола алмайды. Себебі жоғарыда айтылған сұрақтарды әрбір діни сенімдегілер өзінше түсініп, түсіндіруге тырысады және мұның ақыры түрлі секталардың пайда болуына әкеп соқтырады.
Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді.
Тәуелсіздік алғалы руханиятқа шөліркеген халқымыз уақыт өткен сайын имандылыққа бет бұруда. Аллa Тағаланың рақымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні еліміз Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Бұның нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар санының артуы қуантса, енді бәзбіреулер үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылмандардың арасында ірткі салып, Касиетті Құран мен хадистерге қайшы ic-әрекеттері арқылы Ислам ілімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүрген Ислам атын жамылған діни ағымдардың белсенділігі хақ дініміз Исламға зиянын тигізуде.
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше, Исламнан алшақтатқандығы үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар Исламда зорлық жоқ. «Бақара» сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ», – деп Алла Тағала анық түрде баян еткен соң әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.
Соңғы уақыттарда діндераралық диалог, үн қатысу мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Алайда бұл үн қатысуды Құран ғасырлар бұрын мұсылмандарға әмір еткен. Құранда Алла Тағала кітап иелерін бірлікке, татулыққа және үн қатысуға былайша шақыруды үйретеді: «Уа, Мұхаммед! Оларға айт: «Ей, кітап иелері! Сендер мен біздің арамыздағы мынандай ортақ сөзге келіңдерші: (яғни) Алла Тағаладан басқаға құлшылық етпейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық. Егер олар жүз бұрса: Куә болыңдар, шәксіз біз мұсылман бол- дық», – деңдер» («Әли Имран» сүресі, 64-аят).
Ислам діні қоғамдағы өзге дін өкілдерімен сыпайылықпен қарым-қатынас жасауымызды бұйырады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят).
Мұның ең үлкен айнымас үлгісін Хазіреті Мұхаммед пайғамбар өз кезегінде тамаша етіп жүзеге асырды. Мысалы, Исламның алғашқы кезеңдерінде христиан болған римдіктерді, эфиопиялықтарды отқа табынушы парсыларға қарағанда іштей жақын тұтты. Рим империясы отқа табынушы парсылардан жеңілгенде, Пайғамбарымыз әһли китап болған римдіктердің жақын уақытта жеңіске жететіндіктерін айтқан еді. Расында да, «Рум» сүресінде айтылғандай, олар жеңіске жетті. Сондай-ақ әһли кітап болған Рим, Мысыр, Хабаш патшаларын Исламға шақырып хат жолдаса, 623 жылы Мадинада алғашқы мұсылман ата заңы қабылданып, онда мадиналық яһудилерге де діни еркіндік танылып, әділ қоғамдық заң жүйесі жүзеге асырылды.
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту – иманның кемелдігінен.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді Ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі – қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді.
Мешіт жамағаты да қоғамның ажырамас бөлігі екендігін ескеретін болсақ, мешіт жамағаты арасында түрлі жанжал мен араздық тудыру, имамның айтқанын тыңдамай қарсы келу аяттың шеңберіне кіретіндігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі аят қоғам ішіндегі өзге дін иелеріне емес, мұсылмаға бүлік шығармауды бұйырып тұр. Ислам шариғаты қоғамның тыныштығын бұзған бүлікшінің жазасы ретінде қол-аяғын айыр етіп кесуді және өлсе жаназасын шығармауды бұйырған.
Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді. Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Сондай-ақ шын мұсылман адам өмірінің бірқалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болуы керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстауы қажет.
Ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Бұныда Құран ахлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.
Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаң-дар», – деген.
Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199).
Ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

Бақытжан қажы Серікбайұлы,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.