Меркі – Шу аңғарында жатқан облыстың кішкентай көшірмесі іспеттес өңір. Мұнда асқақтаған Алатау, таудан арқырай, күркірей, көбіктене ағатын өзендерді де, кілемнің түгіндей құлпырған көкмайсаны да көретініңіз анық. Түйенің түлеген кезіндегідей ойдым-ойдым тақыр да, төрт құбыланың қай жағынан жел соқса да құмы аспанға көтерілетін немесе сексеуілдің түбінен сая табатын жал-жал құмды өңір де осында. Оның тұмса табиғаты талай жанның таңдайын қақтырып, таңданысын тудырады.
Егемендік жылдары шұрайлы мекеннің тірлігі тіктеліп, әлеуеті артты. Инфрақұрылымның игілігін шалғайда жатқан ауылдар да көріп, бойына нәр жүгіруде. Әсіресе, коммуналдық шаруашылық ширап, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тіршілік нәрінен тапшылық жоқ
Бүгінде Меркі ауданында 45 елді мекен болса, онда 88 633 адам тұрмыс кешуде. Оның ішінде 41 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал тіршілік көзіне қолы жетпей отырған 4 елді мекеннің бірі – Кеңес ауылына осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 17,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ Чалдовар бекетін ауыз сумен қамтамасыз ету жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім берілген.
Бүгінде аудан орталығында су желілерінің тозу деңгейін төмендету бойынша да ілкімді істер қолға алынған. Аудан аумағындағы жалпы су құбырының ұзындығы 580,2 шақырымды құраса, оның 35,6 пайызы яғни 207 шақырымының тозығы жеткен. Осыған орай ағымдағы жылы Андас батыр ауылының ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар су құбырларының тозығы жеткен Ақтоған ауылына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында 23,2 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бұған қоса аудандағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты О.Үмбетов, Ш.Уәлиханов, Т.Әубакіров, Жауғаш батыр, Интернационал ауылына қарасты Мұхамеджанов көшелерін де ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама даярланған. Сонымен қатар Ойтал ауылдық округінің Меркі бекеті, Жамбыл ауылдық округінің Жамбыл, Меркі ауылдық округінің Меркі, Андас батыр ауылдық округінің Гранитогорск, Ақарал ауылдық округінің Сыпатай, Ақарал ауылдық округінің Ақарал ауылдарында да орталықтандырылған ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Көгілдір отын көпшілікке қолжетімді
Ауылдарды газдандыруға да айрықша мән берілуде. Мәселен, өңірдегі 45 елдімекеннің 39-ы көгілдір отынның игілігін көруде. Ағымдағы жылы 6 елді мекеннің 2-еуіне, яғни Ақкөз қайнар, Қарасу ауылдарына табиғи газ тарту және Беларық ауылына ауылішілік газ құбырын орнату жұмыстарына қаражат бөлінді. Келісім-шартқа сәйкес Ақкөз қайнар ауылына қаражат бөлініп, жеңімпаз ретінде «Gas Energy Construction» ЖШС танылып, қазір қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Беларық ауылына ауылішілік газ құбыр тарту жұмысы аяқталды. Ал Қарасу ауылының тұрғындары «Gas Energy Construction» ЖШС-нің мердігерлігімен көгілдір отынның қызығына кенелер күн жақын. Сонымен қатар Ойтал ауылдық округі, Мыханды ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда сараптама қорытындысы алынып, облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылып, тиісті қаражат бөлінді.
Көшелер самаладай жарқырауда
Бүгінде аудандағы елді мекендердің барлығы электр көздерімен жабдықталған. Оның ішінде Кеңес ауылдық округіне қарасты Жауғаш батыр ауылы электр қуатын көрші Қырғыз Республикасынан алып отыр. Аталған елді мекенді электр қуатымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 17 456,0 мың теңге қаражат қарастырылды.
Бүгінгі күні Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс өткізіліп, нәтижесі бойынша жобалаушы мекеме болып 15134,922 мың теңгеге «Корпорация «Асыл-Строй» ЖШС анықталды. 2021 жылы әзірленген сметалық құжаттамаға сәйкес құны – 529503,0 мың теңгені құраған болатын. Құрылыс материалдарының құны өсуіне байланысты «Корпорация АсылСтрой» ЖШС тарапынан қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынды. Қазіргі таңда сметалық құны 1 164680,53 мың теңге болып анықталды. Аталған жобаны қаржыландыру мақсатында облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінім тапсырылды. Сондай-ақ Жамбыл ауылының Смағұлов, Талдыбұлақ ауылының Жамбыл, Тескентоған ауылының Сыпатай, Ойтал ауылының Жауғаш батыр, Гранитогорск кентінің №8 мектепке барар көшелеріне түнгі жарықтандыру орнату мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, аталған жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттік өтінім тапсырылды.
Сонымен қатар аудан аумағында орналасқан елді мекендердегі электр кернеулігін ұлғайту мақсатында Екпінді, Кентай, Сарымолдаев, Талдыбұлақ ауылдарына қосалқы трансформатор орнатуға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамалық қорытындысы алынды.
Тегіс жол – қауіпсіздік кепілі
Халық қатынасын қамтамасыз етіп отырған жол мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын бюджет қаржысының бір бөлігі жолдарды жөндеу жұмысына жұмсалады.Айталық, бүгінде өңірде аудандық мәндегі автомобиль жолдарын ағымды жөндеуден өткізуге қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде «Тараз-ДорСтройПроект» ЖШС мердігер болып анықталып ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық 115,6 шақырым жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау жұмыстарына аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, мердігер анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар да қарқын алуда.
Жалпы аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 772,5 шақырым. Оның ішінде 178 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға тиесілі. Олардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 100 пайызды құрап отыр. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың да жағдайы жақсы. Тағы бір айта кетерлігі, Жамбыл ауылына қарасты О.Үмбетов көшесінің жолын орташа жөндеуден өткізуге қаражат қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілілуде.
Ауданда абаттандыру мен санитарлық тазалыққа да айрықша көңіл бөлінуде. Көктемгі және күзгі екі айлық іс-шара жоспарына сәйкес ауылдық округтер тарапынан 1129 шақырым көше мен 305,2 шақырым арық және каналдар, 19065 м2 саябақ- тар мен скверлер күл қоқыстан тазаланып, нәтижесінде 826 тонна күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар аудан аумағында 3474 тал-дарақ отырғызылып, 17 мәрте бүкіл аудандық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына тұрғындар биыл да белсенді атсалысуда.
Ербол Акек,
Меркі ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы