Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірдің өндірісі өрістейді

0 522

Облысымызда «Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» халықаралық инвестициялық форумы өтті.
Ауқымды шараға жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің және салалық министрліктердің өкілдері қатысты. Форум аясында бірқатар кәсіпорын ел игілігіне берілді.

Қордайда цемент зауытының құрылысы басталды

Халықаралық инвестициялық форум аясында Қордай ауданында «KORCEM» ЖШС-нің цемент өндіру зауытының құрылысы басталды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, сингапурлық «ICG» компаниясының өкілі Вей Пинг, «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаков-тың қатысуымен аталған зауыт құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, ірі инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал ағымдағы жылдың 3 айында облыстың негізгі капиталына 70 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынды. Бүгінгі таңда облыста жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын ТОП-10 ірі инвестициялық жобалардың пулы жасақталып, онда 4 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, ресейлік «EuroChem Group AG» компаниясының қатысуымен минералды тыңайтқыштар зауытының құрылысы жүзеге асырылып жатса, «Monterra Group AG» неміс компаниясының қатысуымен бағалы металдарды қайта өңдеу жобасы іске асуда. Бұдан бөлек, Қытай, Франция, Түркия сияқты өзге елдердің де қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгін бұл тізім «International Сement Group LTD» сингапурлық әріптестеріміздің инвестициялық жобасымен «КОRCЕМ» серіктестігі-нің цемент өндірісі бойынша зауыт құрылысымен толығуда.
Құрылыс – қарқынды дамып келе жатқан сала екендігін ескерсек, бұл кәсіпорынның құрылысқа тигізер пайдасы мол болары сөзсіз. Бұл зауыт іске қосылғанда, Жамбыл облысында өндірілетін цементтің көлемі елім-іздегі жалпы үлестің 35 пайызын құрайды деп көзделуде, – дей келе аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаков өз кезегінде зауыт жаңа технологиялар-мен жабдықтала отырып, осы бағыттағы Орта Азиядағы ең заманауи әрі қалдықсыз кәсіпорындардың бірі болатынын атап өтті.
Құны 50 миллиард теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы 1,2 миллион тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылады деп көзделсе, жоба іске қосылған соң, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Негізінен, жергілікті тұрғындар жұмыс-пен қамтылады деп күтілуде.
Зауыттың цехтары 2024 жылдың аяғына қарай кезең-кезеңімен, ал 2025 жылы толық қуаттылығымен іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін жақын маңдағы шикізат қоры жеткілікті десек, өніммен Жамбыл облысының ішкі нарығын және Қырғызстан мен еліміздің басқа да өңірлерін қамту көзделуде.

Байзақта құрама жем шығарылады 

Осы күні Байзақ ауданында «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауытының іске қосылу рәсімі өтті.
Аталған зауыттың жалпы құны 4,4 миллиард теңгені құрайды.
Құс фабрикасында өндірілетін өнімді көбейту және бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына 96,0 мың тонна жем өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорынның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.
– Қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Аймақта егін егіп, мал өсірумен қатар құс шаруашылығын дамытудың да мүмкіншілігі жоғары. Осы орайда құс еті өнімін артыру және бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі ашылып отырған «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасында жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор десек, қателеспейміз. Айталық, облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермаларымен 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселелесі шешіледі деп күтілуде, – дей келе Нұржан Нұржігітов құс шаруашылығын дамыту өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.

Зауыт толық жағдайда жұмыс істегенде, ішкі нарықты толығымен қамтитын болады.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек инвестициялық форум аясында шетелдік және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып, өзара тәжірибе алмасып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар ол шикізаттан терең өңдеуге көшудің маңыздылығына тоқталып, құрама жем өндіруге мемлекет тарапынан 25 пайыз субсидия қаралғанын жеткізіп, бұл бағытта басқа да қолдаулар қарастырылатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев та форумның ауқымдылығы мен ұтымды тұстарына тоқталып, жаңа зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

Қағаз қаптама шығаратын бірегей кәсіпорын

Бұдан бөлек, Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылды.
«KazStoneBox» ЖШС-нің гофрленген картон өндіру зауыты «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылып отыр.
Соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болмақ.
Зауыттың ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің өнеркәсіп саласында және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.
– Біз өз кезегінде осындай өндіріс ошақтарын ашу бойынша инвесторларды тарта отырып, тиісті жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл жоба аудан және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдаулар көрсетілетін болады, – деді аймақ басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі мен «KazStoneBox» ЖШС басшысы Берік Үмітқалиевтің қаты-суымен тетік басылып, зауыт іске қосылды.
Айта кетейік, құны 1,7 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 12 мың тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы. 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Берік Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын бұл кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ, шикізат ретінде минералды кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны екен.
– Кәсіпорынның өзге өндірістерден айырмашылығы – шикізатқа тәуелді болмайды. Сондай-ақ жыл сайын шамамен 500 мың тал-дарақты кесуден құтқарып, қайталама шикізат пен макулатура жинауды қажет етпейді. Кальций карбонатын шикізат ретінде пайдала-ну – экологиялық таза және тиімді бизнес- жоба, – деді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын жұмысының тағы бір артықшылығы – өндірілетін өнімнің сапасын дер кезінде бақылауға мүмкіндік беретін толық технологиялық циклдың болуы.

Еуропалық үлгідегі этнотуристік демалыс орталығы ашылды

Форум барысындағы тағы бір жағымды жаңалықтың бірі – Жамбыл ауданында «Almaly resort» этнотуристік демалыс орталығының ашылуы.
«Фортис Констракшн» ЖШС Гродеково ауылдық округі аумағынын ашылған демалыс орталығына бүгінге дейін 700 млн теңге инвестиция салған. Нысанға 10 шақырым электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтерді.
Құрылыс жұмыстарына 60-80 азамат жұмылдырылған. Жер аумағы 9.6 гектарды құрайды.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.
«Фортис Констракшн» ЖШС басшысы Досан Рымтаев қонақтарға еуропалық үлгіде салынған орталықтың мүмкіншілігін жан-жақты таныстырып өтті.
– Облыс тұрғындары мұнда таулы аймақтың табиғатын тамашалай алады. Жоба толығымен аяқталғанда, орталық бір мезетте 250 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Демалыс орталығында тек қана жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалуда. Қыс мезгілінде тау бөктерінен шанамен сырғанауға арналған жобаны іске қосамыз. Барлық ғимараттар ауыз су, жылумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, атпен саяхат, квадроциклмен серуен ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, 10 киіз үй тігілуде. Жергілікті тұрғындар үшін бағаның қолжетімділігіне назар аударатын боламыз, – дейді Д. Рымтаев.
Сонымен қатар мұнда 70 адамға арналған 7 коттедж, 8 қонақ үй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған кафе-мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, футбол, теннис алаңдары, 120 адамға арналған ашық демалыс орны, ат спорты алаңшасы, балық өсіруге арналған тоған салынған.
Құрылыс жұмыстарын небәрі 10 айда жүргізген серіктестіктің басшысы алдағы уақытта да орталықты түрлендіре түсуге, бірқатар құрылысты аяқтауға 300 млн теңгедей қаражат жұмсалатынын айтып өтті.
Қонақтар орталықтағы жұмыстарды жақсы бағалады.

Экономикалық аймақтың әлеуеті зор

Халықаралық форум қонақтары Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен жиында экономикалық аймаққа тіркелген жобалардың аяқ алысы туралы айтылып, қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтағы инфрақұрылым барысы таныстырылды.
Сонымен бірге «Тараз химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды.
Ал «QazIndustry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баяндамасында кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.
«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономиканың басым салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2 000 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы дайын инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаң екенін, онда қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетінін атап өтті. Сондай-ақ Венгрия мен Пәкістан мемлекеттерінен және еліміздің өзге де өңірлерінен келген инвесторларға экономикалық аймақтың қолайлы географиялық орналасуы, қоңыржай климаты және көлік-логистикалық әлеуеті қолайлы екенін жеткізді.
– Біз арнайы экономикалық аймақ аумағында өз жобасын іске асыруды жоспарлаған кез келген инвесторларға жәрдемдесуге дайынбыз. Қазіргі уақытта аймақта қуаттылығы 600 МВт жел электр станциясын салу және басқа да қатысушылардың жобаларына төмендетілген баға бойынша энергия беру міндеттемесін алған «Тас Маркет» ЖШС жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп санай- мын, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігі мен ірі шетелдік компаниялар арасында 730 млн АҚШ долларына келісімге қол қойылып, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 20 стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасалды. Мұның барлығы өңірдің өндірісін өрістетеріне сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.