Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірде өзгеріс бар

0 585

Облысымызға келген жұмыс сапарында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бір топ атқарушы органдардың өкілдерімен бірге Тараз қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына арнайы барды.

Тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін барлап, жұртпен тілдесіп, хал-ахуалын білуді көздеген вице- премьер көп жайтқа қанықты. Мекеме директоры Елдос Кеңесбеков Гүлшара Наушақызын жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, 30 шақты қызметкер өтінішпен қайырылған тұрғындардың бәрін қабылдап, тиісті құжаттарды комиссияға жіберіп отыр екен. Науқан басталғалы келушілер саны артып, нәтижесінде құжат тапсырушылар 3157-ге жеткен. Орталық директорының орынбасары Айнұр Жұмабекова 1 сәуірге дейін күніне әлеуметтік жәрдемақы алуға құжат тапсырып, өтініш білдіріп, 100-150 шамасында тұрғын келгенін айтады. Ал қазір тәулігіне келушілер саны орта есеппен 300-400-ге жетіпті. 800 адамға дейін артқан күндер де болған.

Атаулы әлеуметтік көмектің бір өзіне тоқталсақ, былтырғы сәуір айында 741 өтініш қабылданса, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 1013-ті құрап отыр. «Жалпы 20789 теңге жәрдемақыны алуға табысы төмен 2 немесе 1 баласы бар кез келген қазақстандық құжат тапсыра алады. Өйткені үйге кіретін барлық кірісті отбасы мүшелеріне шаққандағы шыққан сома 20789 теңгеден аспаса, оларға жәрдемақы тиесілі болады» – дейді орталық мамандары.

Мекемеге аталмыш жәрдемақылар бойынша кеңес алу үшін кезек күтіп отырғандар көп. Дегенмен науқанның енді басталғанын ескерсек, алдағы уақытта орталыққа қайырылатындар саны одан да арта түсуі мүмкін.
Содан соң Премьер-Министрдің орынбасары бастаған топ мүшелері Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, ондағы жұмыс жүйесімен танысты.

Әулиеаталықтардың әлеуметтік әлеуеті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастап келген жұмыс тобы облысымыздағы іргелі өндіріс ошағы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Жаңа Жамбыл фосфор зауытының мәжіліс залында аудан әкімдері және кәсіпорын басшыларымен кездесті. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары жобасы аясында өткен жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, басқосудың мәні мен маңызына тоқталса, Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарының мақсатын айтып өтті.

– Біздің мұнда келгендегі діттеген басты мақсатымыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде айтқан жаңа әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыру және соны халыққа түсіндіру. Қазіргі кезде бұл іске жұмыс беруші тараптар да жанашырлықпен атсалысуда. Бүгінде кәсіпорындардың алдына қойылып отырған екі мәселе бар. Оның біріншісі – еңбек өнімділігін арттыру, екіншісі – адами капиталды одан әрі дамыту. Бұл ретте еліміздің барлық өңірлерінде болып, аймақ басшыларымен және бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп келеміз. Осыған байланысты атап өтетін басты мәселе, біріншіден, айлық табысы бойынша қарызға жол бермеу, екіншіден, жалақыны бағаның және инфляцияның өзгеруіне байланысты өсіріп отыру. Үшіншіден, аса қауіпті, жауапкершілігі ауыр жұмыстарда істейтін азаматтардың еңбек жағдайын жасау керек. Жалпы елімізде, өкінішке қарай, жылына 200 адам осы өндіріс ошақтарында қаза тауып, түрлі жарақаттар алып жатады. Өткен жылы Жамбыл облысында 60 адам жарақат алып, 10 адам қайтыс болған. Алдағы уақытта сіздерден осы мәселеге айрықша көңіл бөлуді сұраймын. Сонымен қатар бүгінгі әлемдік дағдарыс жағдайында жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшыларды қысқартпау да маңызды күйінде қалып отыр. Айта кететін тағы бір жағдай, әлеуметтік қамқорлық бағдарламасы бойынша мемлекет алдағы үш жылға 2,3 триллион теңге қаржы бөліп отыр. Мұндай қаржы ешқашан болмаған. Ол үш бағытта жұмсалады. Оның біріншісі – жағдайы ең нашар топтарға көмектесу, ең төменгі жалақыны көбейту. Екіншісі баспана мәселесін шешуді, жалға берілетін үйлер салуды, үшіншісі өңірлік даму, «Ауыл – ел бесігі» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыратын болады, – дей келіп, Гүлшара Наушақызы әлеуметтік салаға, соның ішінде көпбалалы аналар мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Сөзінің соңында өңір кәсіпкерлері мен өндіріс басшыларын бірінші кезекте қарамағында жұмыс істейтін көпбалалы аналарға қолдау көрсетуге шақырды. Осы санаттағы ел тұрғындарына республикамызда көптеген кәсіпкерлердің қолдау көрсетіп жатқанын айта келіп, мүмкіндік болса үй, үй алу үшін алғашқы жарнасын төлеп беру, басқа да қолдан келер көмектері болса, тартынып қалмауға үндеді.
Бұдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев баяндама жасады. Ержан Жұматұлының айтуынша, облыста 4,5 мыңнан аса 328 жалдамалы жұмыскері бар белсенді кәсіпкерлер жұмыс істейді. Олардың орташа жалақы мөлшері 114,7 мың теңгені құраған, бұл республикалық орташа деңгейден 34,8 пайызға төмен. Сондай-ақ өңіріміз республика бойынша жүргізілетін мониторингте жалақы берешегі көп аймақтардың қатарына жатқызылып отыр. Атап айтсақ, жалақы берешегі 479 миллион теңгені құраған. Оның 84,8 пайызы банкротқа ұшыраған кәсіпорындардың үлесіне тиесілі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жолдауына сәйкес бүгінде республика көлемінде төмен еңбекақы алатын қызметкерлердің айлық жалақыларының мөлшері арттырылуда. Мәселен, облыста жыл басынан бері жалақысы төмен 69,2 мың жұмыскердің айлық ақысы орташа есеппен 21,2 пайызға өскен. Жалпы өңіріміздің 16976 кәсіпорнында жалақы көлемін көтеру жоспарланған болса, соның ішінде 91 ірі, 42 орта, 4100 шағын кәсіпорын ғана жұмысшыларының жалақысын талапқа сай өсіріпті. «Қалғандарының нені күтіп отырғаны белгісіз. Тапсырманы орындамаған кәсіпорын басшыларымен облыс деңгейінде жұмыс жүргізу керек», – деп түйді ойын баяндамашы.

Сондай-ақ аталған министрлік тарапынан өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін отбасыларға да талдау жүргізілген. Оның нәтижесі аймақтағы 14 ірі кәсіпорында 272 көпбалалы ана жұмыс істейтіндігін көрсеткен. Оның ішінде 217 көпбалалы ана баспанасыз екені анықталған. Осы жағдайды ескере отырып, жұмыс берушілер мүмкіндігінше олардың материалдық және тұрмыстық жағдайына қарай көмек беріп отырса, оның еш артықтығы болмайтындығын айтып өтті.

Осыдан соң жұмыс тобының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жұмысшыларға берешегі бар бірнеше мекеме басшысын орнынан тұрғызып, жауаптарын тыңдады. Жұмысшылар алдында 20,6 миллион теңге көлемінде қарызы бар «Энерджи-Тараз» ЖШС тарапынан жақын арада берешектерінен толық құтылу мүмкіндігі бары мәлімделді. Ал «Жамбыл электр желілері» ЖШС қарамағында 60 көпбалалы ана жұмыс істесе, соның 49-ының баспанасы жоқ екен. Бұл тұрғыда мекеме басшысы А.Жарболов көпбалалы аналарға қолдарынан келгенінше көмек беріп жатқандығын жеткізді. Былтыр бір көпбалалы ананың тұрғын үйін кеңейтуге көмек берілген. «Алтын Алмас» АҚ-да 55 отбасының 41-інің, «Әулие-ата финанс» ЖШС-інде 23 ананың 21-інің жеке баспаналары жоқ екені белгілі болды. Аталған мекеме басшыларына олардың әрбіріне қолдан келгенше көмек көрсетіп, мүмкіндігінше баспанамен қамту, тіпті болмаса отбасы мүшелерін жұмысқа алу, балаларын оқыту жағын да назарда ұстау жайы тапсырылды.

«Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, компанияға қарасты мекемелерде 200-ге жуық көпбалалы және аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасы бар. Оларға жыл сайын қаржылай және азық-түлік түрінде көмектер беріліп келеді. Осы мақсатқа өткен жылы серіктестік 166 миллион теңге жұмсаған.
Жиын соңынан облыс басшысы Асқар Мырзахметов сөз алып, өңірде көпбалалы аналарға арналып көпқабатты 10 тұрғын үй салынғалы жатқанын, ол үшін жергілікті бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлініп отырғанын айтты. Ал 1 маусымға дейін тұрғындардың осындай санаттарына облыста 220 пәтер берілгелі отыр.

Үкіметке үмітпен қарайды

Гүлшара Әбдіқалықова Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде тараздық тұрғындармен кездесті. Көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері Премьер-Министрдің орынбасарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Жиында көтерілген көкейкесті мәселелерге қатысты Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев, Құрылыс және тұрғын үй шаруашылық комитетінің төрағасы Ержан Жылқыбаев және «Nur Оtan» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова жауап беріп, жұрттың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.

Жиынды ашып, сөз сөйлеген облыс әкімі Асқар Мырзахметов облысымызда әлеуметтік салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысуға келген жұмыс тобы мүшелерінің мақсат-мүддесін түсіндіріп өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова өз кезегінде «Nur Оtan» партиясының ХVIII съезінде белгіленген жаңа әлеуметтік іс-шаралар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жұртшылыққа жеткізу үшін әр өңірге барып, тұрғындармен кездесу өткізуді қолға алғанын айтып өтті. Кезең-кезеңімен әлеуметтік салада жүргізілген әртүрлі реформалардың мән-маңызына тоқталып, сол бастамалардың әлі де жалғасын табатынын жеткізді. «Міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсету» – деген вице-премьер әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесінің негізгі бағыттарына тоқталды. Бас партияның хатшысы Тамара Дүйсенова Елбасының жамбылдықтарға жолдаған ілтипатын жеткізіп, партияның ауқымды 4 жобасын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Жиында арнаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қозғалып, бірқатар сауалдарға жауап берілді. Ержан Жылқыбаев мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді. Осы ретте айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 44100-ден аса көпбалалы және 14800-ден аса аз қамтамасыз етілген отбасы бар. Еліміздегі кедейліктің шегі күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20800 теңге болып отыр десек, осыған орай қайта нақтылауда өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмек алушылардың саны да арта түскен. Мәселен, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзіліп, онда барлығы 150400 адам қамтылды. Енді 1 сәуірден бастап, 29650 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке ие болмақ. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 14849 отбасыны, 74517 адамды құраған.

Жиында көпбалалы аналар көкейдегі сұрақтарын қойып, толғандырған мәселелерінің жауабын тапты. Үкімет басшысының орынбасары мен басқа да лауазымды азаматтар қатысқан бұл жиын аналар үшін іштегі шерін ақтаруға мүмкіндік туғызғандай. Ашық сұқбат алаңында бірі әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартпауды өтінсе, енді бірі жәрдемақы, тұрғын үй, жалақы мәселелеріне қатысты жеке сұрақтарын қойып, ортақ проблемаларды жеткізіп, нанымды жауаптар алды. Ал мүгедек балалары бар аналардың мұңы бір басқа. Олар балаларының ем-шарасына, жәрдемақысына қатысты сауалдарды ортаға салып, Үкіметтің көмегінен үмітті екендерін жасырмады. Жекелеген мәселелерге қатысты облыс әкімі Асқар Мырзахметов шешімін қарастырып, нәтиже шығару мақсатында әкімдік мамандарына сұрақтарды нақтылап, жазып алуды тапсырды.

Жалақы жайы сөз болды

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Тараздағы №5 қалалық емханада болды. Емдеу мекемесіне барған Гүлшара Наушақызына бас дәрігер Динара Сәрсенова атқарылып жатқан жұмыстарын слайд арқылы көрсетіп, таныстырып өтті. Бұдан кейін вице-премьер өңірдің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Басқосуды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, төрағалық етті.

Премьер-Министрдің орынбасары қазіргі ең басты мәселелердің бірі медицина мен білім саласында ең төменгі жалақы алатын азаматтардың айлық табысын көтеру екенін сөз етіп, бұл істің ашық түрде жүргізілуі тиістігін ескертті.

Басқосуда сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Гүлшара Әбдіқалықова бүгінде жамбылдық жалпы тәжірибелі бір дәрігерге 2103 қаралушыдан келетіндігі оларға ауыр соғатынын айтып, жүктемені азайту ісін әрі қарай жүргізуді тапсырды.

Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы: «Облыста алғашқы медициналық санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілердің қатысуымен бірқатар жобалар іске асырылуда. Осындай әріптестік аясында қажетті 95 медициналық нысанды келесі жылға дейін толық шешуді көздеп отырмыз. Сондықтан осында айтылған мәселелер бойынша тиісті іс-шаралар қабылданады» – деді.

Жастарға жағдай жасалады

Гүлшара Наушақызы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне барды. Әуелі ғимарат ішін аралап көрген вице-премьер фойеге жиылған жастармен кездесті. Мемлекеттің қазіргі межелі міндеттеріне тоқталған Премьер-Министрдің орынбасары жас буын өкілдерінің сауалдарына тиісінше жауап беріп, айтқан ұсыныс-пікірлерін түртіп алды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Механика және машина жасау» кафедрасының аға оқытушысы, Жас ғалымдар кеңесінің хатшысы Айдар Әбілдаев оқу орындары ғалымдарының тауып жатқан өнертабысы өнеркәсіп ошақтарына енгізілсе деген тілегін жеткізді. Аймақ басшысы да бұл ұсыныстың маңыздылығын атап өтті. «Жібек жолы жастары» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Ақмарал Қасымғалиева еріктілерге еңбек өтілі жазылатын шетелдік тәжірибе енгізілсе деп мәселе көтерді. Жамбыл ауданы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры Маханбет Рахымжанов оқып жатқан студенттерді білім алған өңірде жұмысқа қалдыру және Жастар ресурстық орталықтары мамандары қызметі талаптарының бірыңғай үлгілік ережелерін бекіту мәселесін қозғады. Ал «Jambyl» телеарнасында 6 айлық тәжірибеден өтіп жатқан Аршат Сапаралиева есімді жас маман «Жастар тәжірибесінің» мерзімі 1 жылға дейін созылса деген ұсынысын білдірді. Тағы да басқа сұрақтарға толыққанды жауап берген Гүлшара Әбдіқалықова киелі Әулиеата өңіріне жасаған екі күндік іссапарын аяқтап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұқбат берді.

– Облыста көптеген жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар нысандар ашылып, жетіспейтін дәрігер мамандардың бос орнын биыл оқуын тәмамдайтын түлектермен толықтыру көзделуде. Ал Жамбыл политехникалық жоғары колледжі ең үздік 10 колледждің қатарына енген. Ол елімізде қолға алынатын 180 эксперименталды колледждің бірі болмақ. Осылайша, мұнда жаңа стандарттармен заманауи үлгідегі жабдықтар қойылып, жаңа бағдарлама бойынша білім беріледі. Елбасының әлеуметтік бағдарламалары бойынша толық дайындық та бар екен. Атап айтқанда, көмек тағайындау мәселесі толық жұмыс істеп тұр. Биыл күзде аз қамтылған отбасыларға 10 жатақхана есігін ашпақ. Кейін кезекте тұрғандар жалдамалы үйлерге ауыса беретін болады. Тағы бір мәселе – абаттандыру бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоспарланып отырған жұмыстар да өз мерзімінде орындалады деп ойлаймын, – деді Премьер-Министрдің орынбасары жұмыс сапарын қорытындылап.

Дайындаған Зере ҚУАНЫШ
Суреттерді түсірген В.БАРБАШ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.