17-26 желтоқсан аралығында Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында өңірде алғаш рет алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) мамандары үшін патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделі (ӘПМП) бойынша біліктілікті арттыру курсы өткізілуде.
Семинардың негізгі мақсаты — патронаждық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, жүктіліктен бастап баланың 3 жасына дейінгі шешуші кезеңде баланың және отбасының денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау.
Оқытуды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің консультанты, мастер-тренер Баян Бабаева жүргізуде.
Тренингке қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың жалпы тәжірибелі дәрігерлері, педиатрлар, патронаждық мейіргерлер мен әлеуметтік қызметкерлер қатысуда.
ӘПМП бағдарламасы үйге барып қызмет көрсету арқылы жүкті әйелдерге және 5 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға, баланың ерте дамуын қолдауға, аурулардың алдын алуға және отбасының белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқыту бағдарламасы ЮНИСЕФ әзірлеген 24 модульден тұрады. Бағдарламада ана сүтімен қоректендіру мен вакцинация мәселелерінен бастап, балалар жарақатының алдын алу және балаға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптарына дейін қамтылған.