Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өңір спортына жаңаша серпін

Таразда футбол академиясының қазығы қағылды

0 123

Таразда жаңа футбол академиясының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, бұл жобаның өңір спорты үшін айрықша маңызын тілге тиек етті.

– Бүгін біз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Әулиеата жерінде жаңа футбол дәуірінің басталуына бірге куә болып отырмыз. Салынатын бұл нысан – тек ғимарат қана емес, болашақ чемпиондардың ордасы, ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғайтын жаңа буын футболшылардың жолын ашатын маңызды қадам.
Біздің өңір – қазақ футболының қайнар бұлағы. Осында өсіп, талай жанкүйердің жүрегін жаулаған даңқты спортшылардың есімі біз үшін зор мақтаныш, кейінгі толқынға үлгі.
Бүгін капсуланы салтанатты түрде орналастыру – алда күткен үлкен жетістіктердің нышаны. Бұл академиядан ел сенімін арқалайтын дарынды, талапты жас футболшылар өсіп шығатынына кәміл сенеміз.
Жаңа академия қазақ футболына тың серпін беріп, бізді жаңа белестерге бастай берсін! – деді Ербол Шырақпайұлы.
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория және «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жаңа академияның қазақ футболын дамытудағы рөліне тоқталды.
Сонымен қатар футбол ардагері Георгий Хутиди мен «Тараз» футбол клубының түлегі, белгілі футболшы Нұркен Мәзбаев жобаны іске асыруға атсалысып жүрген азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
Құны шамамен 3,5 миллиард теңгені құрайтын футбол академиясында жасөспірімдердің кәсіби өсуі мен дамуына ерекше назар аударылады. Бұл үшін заманауи материалдық база жасақталып, тәжірибелі жаттықтырушылар жұмыс істейді, ал оқу-жаттығу процесінде ғылыми негізделген әдістемелер қолданылмақ.
Жас футболшылардың жайлы өмір сүруі үшін 100 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Академия 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, жоба Қазақстан футбол федерациясы, «Halyk» қайырымдылық қоры және Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы серіктестік аясында жүзеге асырылуда.
Тараз – қазақ футболының алтын бесігі, талай талантты спортшыларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Осы өңірден шыққан футбол саңлақтарының табыстары мен даңқты дәстүрі еліміздің спорт тарихында ерекше орын алады. Жамбыл топырағында қалыптасқан футбол мәдениеті жылдар бойы жас буынға шабыт беріп, өңірдегі спорттық рухтың ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген жасөспірімдер дәл осы өңірдегі даңқты ойыншылардың жолын жалғауды армандайтыны ақиқат. Сондықтан көне шаһарда футбол академиясының салынуы кездейсоқтық емес, тарихи заңдылық екені даусыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.