Қалалық қоғамдық-саяси газет

Инвестиция тарту жоспары жүйелі

0 222

Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Кеңесте инвестиция тарту, бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары мен ақпараттық жұмыс, яғни қоғаммен кері байланыс мәселелері қаралды.

Жиында алдымен қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары және инвестиция тарту жоспары туралы баяндады.

– Алматы, Бішкек, Шымкент, Ташкент сияқты мегаполистерге транзит болып табылатын Таразға инвесторлар тартып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік мол. 2021-2023 жылдарға арналған жоспар бойынша ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ, сондай-ақ химия өнеркәсібіне баса көңіл бөлінбек. Сондай-ақ «Әулиеата» әуежайында транзитті-логистикалық орталық құру, көше жарықтандыруын жаңғырту, LED-билбордтар орнату, әлемдік тамақ индустриясы көшбасшыларын тарту, автоматтандырылған вело-жалға беру жүйесін орнату, ӘКК жұмысын жандандыру, сол арқылы кәсіпкерлерге өнімдерін ел аумағына және алыс-жақын шетелге шығаруға жәрдемдесу мәселесі де қамтылған, – деді Дәулет Мақсұтұлы.

Мұнан соң қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы жылыту маусымы туралы баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, қалада 1365 көппәтерлі тұрғын үйдің 1294-і орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Оның қалған 71-і жылуды автономды түрде алады. Жылыту маусымы қала бойынша 19 сәуірде тоқтатылған. Дегенмен су беруге жағдай жасалған 895 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беріліп жатыр екен. Осы тұста қала әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындардан ыстық суға байланысты шағымның көп түсетінін айтып, жылуды өндіретін және тасымалдайтын мекемелерді бір-бірінің мінін іздемей, керісінше, бірлесіп іс тындыруға шақырды.
Аппараттық жиынның соңында қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова ақпараттық жұмыс, қоғаммен кері байланыс және «Медиа-орталық» КММ тарапынан жүргізілген жұмыстардың барысын хабарлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.