Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Инвестиция тарту бойынша үздік үштіктеміз

0 483

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосуда өңірдің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетуде.
– Өңірдің жалпы экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салаларында оң динамика байқалады.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс кәсіпорындары 967,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ 363 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген екен. Биыл облыстағы егістік алқабы 639,7 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артыпты. 21 қазандағы жағдай бойынша облыс диқандары 396,1 мың тонна дәнді дақыл, 31,3 мың тонна майлы дақыл, 206,5 мың тонна картоп, 1 208,5 мың тонна көкөніс, 389 мың тонна бақша өнімдері мен 27,5 мың тонна қант қызылшасын жинап үлгерген.
Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар екен. Айталық, негізгі капиталға 491 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 398,8 миллиард теңгені құрапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артық болған. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға шыққан.
– Экономиканың дамуы инвестиция тартуға тікелей байланысты. Бұл бағытта жүйелі жұмыс атқару – уақыттың талабы. Өңірдің әлеуеті зор, әсіресе туризм саласын өркендетуге мүмкіндік мол. Сол себепті қазір туризм және инвестиция басқармасын құру жұмыстары қолға алынуда. Жаңа құрылым білікті мамандармен жасақталып, нақты нәтижеге бағытталған істермен айналысуға тиіс, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ал құрылыс саласында 254,9 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 16,5 пайызды көрсеткен. Сонымен қатар 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сауда айналымы 752,4 млрд теңгені құрап, бөлшек сауда 419,5 миллиард теңгеге, ал көтерме сауда 331,1 миллиард теңгеге жеткен. Көлік қызметтері 469,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өсіп көрсеткен.
Дегенмен, Сарысу және Мойынқұм аудандарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі, Қордай ауданында инвестиция мен жеке инвестиция тарту деңгейі, сондай-ақ Мойынқұм мен Шу аудандарында құрылыс жұмыстарының көлемі, ал Жамбыл ауданында тұрғын үй құрылысы бойынша көрсеткіштер төмен деңгейде қалып отыр.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді. Өңір экономикасы өсім үстінде, алайда бұл қарқынды одан әрі арттыру қажет. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Әр жоспарлы кезеңде мақсаттарға уақытылы қол жеткізілмесе, кейін оны орындау қиынға соғады. Біздің жұмысымыз, ең алдымен, экономикалық даму көрсеткіштері мен халықтың тұрмыс сапасы арқылы бағаланады. Бұл – жергілікті атқарушы органдарға қойылған басты талап. Қолданыстағы заңнама шеңберінде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз қажет. Негізгі мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, белгіленген жоспарларды сапалы орындау, – деді аймақ басшысы.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.