Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Инвестиция – өңір дамуының кепілі

0 40
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін айқындап берді. Аталған стратегиялық бағдар – экономиканы сапалы өсімге шығарып, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың сөзінше, аймақта инвестициялық саясат нақты нәтижелермен бекемделіп келеді. Соңғы үш жылдың ішінде өңір экономикасына 1,8 триллион теңгеге жуық қаржы тартылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 764,5 миллиард теңгені құрап, 38,8 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», – деді Президент өз сөзінде. Шындығында елімізге инвестиция көбірек тартылып жатса, халықтың да әл-ауқатын жақсартып, тұрақты жұмыс орындары ашылатындығы анық. Сондықтан алдағы уақытта елімізде жұмыс жасағысы келетін инвесторларға жағдай жасау, олармен бірлесіп еңбек етудің жаңа әдіс-тәсілдерін енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар өңір басшыларының жұмысы да инвестор тартумен бағаланатындығы белгілі.

Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2026 жылға негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңге деңгейінде белгіленді. Алдағы 2026-2029 жылдар кезеңінде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы жылдың өзінде 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны жүзеге асыру арқылы 2,5 мың азамат тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.

– Мемлекет басшысы Үкімет отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін айқындап берді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, кәсіпкерлікті кеңейту, сапалы инвестиция тарту – ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді өсімінің негізі. 2025 жылдың қорытындысы инвестициялық белсенділіктің артқанын көрсетті. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі ұлғайды, жеке және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бағытында оң динамика қалыптасты. Бүгінде алдымызда тұрған міндет – өңір экономикасын әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру. Бұл біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының қатарында. Құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп, инвестициялық жобалардың сапалы пулы қалыптастырылды. Мұндай жүйелі қадамдар ұзақ мерзімді дамудың берік негізін қалайды, – деді басқарма басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.