Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Инвестиция игілігі

Таразда автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станция іске қосылды

0 217

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауында инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталған болатын.

– Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады, – деген Президент Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Бұл бағытта Тараз қаласында ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, күні кеше облыс орталығында автомобильдік газ толтыратын компрессорлық станция іске қосылды. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, бұл нысанның қала экологиясы үшін маңызы зор екенін айрықша атап өтті.
– Бүгінде қалада инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 395 жаңа жұмыс орыны құрылды. Ал ағымдағы жылы логистика саласында «Югай Юг Такси» электрлі таксиі және электр станциясын орнату жобасы іске асып, жоба құны 420 миллион теңгені құрады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 29,0 миллиард теңгеге 9 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі жобаның да шаһарымыздың экологиясы мен экономикасы үшін маңызы ерекше, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Ерекше атап өтерлігі, Қазақстан Республикасының көлік секторын экологиялық тұрғыдан жақсарту, газмоторлық инфрақұрылымды дамытуды мақсат еткен инвестициялық жобаны «QazMetanPro» ЖШС жүзеге асырып отыр.
Бұл станция тәулігіне 500 көлікті газбен қамтамасыз ете алады. Оған жүк, жолаушы және транзиттік көліктер, соның ішінде Қытай, Ресей, Өзбекстан бағытындағы маршруттар да кіреді. Сондай-ақ станция 50 жаңа жұмыс орнын ашуға және табиғи газды мотор отыны ретінде кеңінен пайдалануға, транзиттік жолдағы қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Келер жылы осы жобаның жалғасы ретінде 50 газмоторлық қоғамдық көлік сатып алу және жаңа автобустар паркін салу жоспарлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.