«Интернет қосуды сұрағанымызға 9 жыл болды»: БҚО-дағы Амангелді ауылының тұрғындары әлі күнге дейін сапалы интернетке қосыла алмай отырғанын айтып, шағымданды
Батыс Қазақстан облысы Амангелді ауылының тұрғындары интернеттің баяулығы басты мәселеге айналғанын айтады. Сөздерінше, соның кесірінен кесірінен балалар сабақ оқи алмайды, ал лыстан хат-хабар алудың өзі мұңға айналған. Олар ұлттық байланыс операторына он жылдан бері бірнеше рет хат жазып, өтініш жолдаған. Алайда әлі күнге жауап жоқ, деп хабарлайды Stan.kz
Зейнеткер Дина Қажымбетова алыс-жақыннан хабар алысу қиын екенін айтады. Бұдан бөлек денсаулығы сыр берген әжей ғаламтордан қосымша медициналық мәлімет қарағысы келеді, бірақ бұл да мүмкін емес. Ол ұялы байланыс пен интернет мәселесіне қатысты әкімдікке де, операторға да барып, бірнеше рет өтініш айтқан.
“Мінекей, 9 жыл болды біздің арыз жазып, интернет сұрағанымызға. Хабар жоқ, қанша қоңырау шалсаң да, «Сіздің көшеге өтпейді, пробел жоқ» дейді. Немерелеріміз келмейді, «әже, сізде интернет жоқ» деп”, – дейді Амангелді ауылының тұрғыны Дина Қажымбетова
Амангелді ауылында 300-ден астам үй бар. Мектепте 180 бала оқиды. Ұялы байланыс сапасы әр жерде әрқалай. Интернет те дәл солай. Елді мекеннің тең жартысы ғаламторды пайдалана алмай отыр. Ал күзде мектеп күрделі жөндеуге жабылмақ. Ауыл халқы балаларды онлайн оқытуға мүмкіндік жоқ екенін алға тартты.
“Кеше барып жолыққанда биыл оқу жылында жөндеу болатынын айтты. Сосын балалар онлайн оқиды. Қиын болады оқуға. Интернет ұстамайды. Мен көршілерде, анда-мында, сыртта жүремін. 5 сағат болды, интернет ұстамай тұр”, – деді ауыл тұрғыны Сәуле Бектенова.
“Осы 9-10 жылдай біздер интернет өткізеді деп үй телефонын өшірген жоқпыз. Алдында он шақты күннің турасында найзағай түсіп, телефон, телевизор, бәрі жанып кетті. Арыз жазып, алдырып тастадым телефонды. Демек 9 жыл босқа 700-800 теңгеден ақша төлегенмін. Иә, интернет күттім. Қашанғы күтемін енді”, – деп қосты Меңдібай Қарабалинов.
Тасқала ауданы әкімдігі де интернет сапасының қашан жақсаратынынан хабарсыз. Шенеуніктер оператордан тиісті жауап келмеген дейді.
“Біз де бірнеше рет хат жаздық. “Beeline” байланысының тарелкасы ауылымыздан 3 шақырым жерде орналасқан. Шежін деген өндірістік базасы бар, соған орнатылды. Бірақ ол қазір ауылымызды толық қамти алмай отыр. Ауылымыздағы 140-150 үйдей қазір “Мегалайн” интернет желісін пайдаланып отыр. Интернетке қосылуға 35-40 адам тіркеліп тұр. Мектебімізге қыркүйекте күрделі жөндеу өтеді. Мердігерлер анықталды. Биыл оқу жылын онлайн оқымайды деді. Барлығы оффлайн оқиды клубта, әкімшілікте”, – дейді Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Салауат Бектемісов.
Ұлттық байланыс операторындағы жауапты мамандар Амангелді елді мекеніне кең жолақты интернет желісі нақты қашан тартылатынын айтты.
“Мыс желілерінің өткізгіштік қабілеті төмен. Сондықтан бұл жерлерді жоспар бойынша модернизациялап, яғни, заманауи технологияларға бірте-бірте ауысатын боламыз. Келер жылы ауыл мобилдік кең жолақты интернетке қосылатын болады. Осы жылы үшінші тоқсанда ауылдың кейбір мекенжайларында желілерін оптикалық желіге ауыстыру жұмыстары жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта осы жұмыстар басталып кетті деп айтуға болады”, – деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ Батыс өңірі бойынша коммерциялық директоры Амантай Мұратов.
Демек ауылдың сапалы интернетке қосылар күні де алыс емес. Тек жоспарланған жұмыс кестеден кешікпесе болғаны.