Қалалық қоғамдық-саяси газет

Инфекцияның алдын алу өзімізден басталады

0 931

Жедел ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция лас қол, жуылмаған жемістер немесе бұзылған тағам арқылы ауыз қуысына түсіп, асқазан-ішек жолдарының микрофлорасын зақымдайды. Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі.

Инфекция гигиеналық тазалықтың сақталмауынан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ ауыз суды қайнатпай ішкендіктен және дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтынғаннан пайда болады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Алғашқы белгілері:
– Диарея (іш өтуі);
– Құсу;
– Дене қызуының көтерілуі;
– Әлсіздік, бас айналуы;
– Тәбеттің жоғалуы, тамақтан бас тарту.
– Жедел ішек инфекциясымен балалар мен жасөспірімдер жиі ауырады. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде медицина мамандарының көмегіне жүгіну қажет. Диарея, құсу және тәбеттің болмауының салдарынан ағза көп мөлшерде сусызданады. Сол себепті сусызданудың орнын уақытылы толтыру қажет. Көп мөлшерде тұзды ерітінді қабылдап, қайнаған су немесе үй жағдайында қайнатылған жеміс компоттарын тұтынған жөн.
Аурудың негізгі себептерінің бірі сапасыз, жуылмаған жеміс-жидектерді тұтыну болып келеді. Жеміс-жидектерді сатып аларда міндетті түрде балғын екендігіне көз жеткізу қажет.
Тез бұзылатын тағамдарды (майонез қосылған салаттар, ішінде кремі бар кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері, еттен дайындалған салмасы бар тоқаштар, т.б.) жарамдылық мерзімі өткеннен соң және тоңазытқышта сақталмаған жағдайда тұтыну сіз үшін аса қауіпті болуы мүмкін.
Санитарлық талаптары сақталмаған дәмханалардан және көше бойындағы тез дайындалатын тамақтану орындарынан аулақ болған жөн.
Балалардың жиі ішек инфекциясына шалдығуының тағы бір жолы – жас аналардың балаларға арналған тағамдарының дұрыс сақталмауы. Олардың сақталу температурасы +8 градустан аспау керек. Балаларға арналған шырындар, езбелер, сүт қоспаларын ашылған соң немесе дайындалған соң сақтауға және қайта жылытып беруге болмайды. Сүт қоспаларын дайындайтын бөтелкелерді дұрыс жуып тазалау да маңызды.
Жедел ішек инфекциясының алдын алу жолдары:
– Ас ішер алдында, дәретханадан кейін қолды сабындап жуыңыз!
– Тек қайнатылған су ішіңіз!
– Көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз!
– Ас дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық айдындар мен арықтардың суын пайдаланбаңыз!
– Дайындалған тағамдарды ашық қалдырмаңыз!
– Тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтаңыз!
– Тағам өнімдерін сақтау тәртібін және мерзімін қадағалаңыз!

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.