Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иммунитетім жоғары болсын десеңіз…

0 281

Тарихқа сүйенсек, адамзат түрлі инфекциямен бетпе-бет келді. Соның ішінде ең ауырына айналған тәжтажал талайдың ажалына айналғанын көз көрді. Вирус Жер планетасын шарлап, көк пен жерге таралды. Талай адам келмеске кетті. Біразы бас көтерді. Бірақ көбінің беті бері қарағанымен, иммунитеті төмендегендіктен, әлсіздікті бастан кешіріп жүр. Расында, иммунитет адам организмінің ауруды жұқтырмауына, еңсесін тіктеуіне көп әсер етеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Әлжуаз адам қашанда дертке шалдыққыш. Иммунитеті жоғарылар ғана кез келген қиындықты қасқайып қарсы алып, жеңіп шығады. Ал осынау адам бойына күш-қуатты сіңіріп алатын иммунитетті қалай көтеруге болады? Аурудан кейін оңалудың алғышарттары туралы не білеміз?

Иммунитет деген не?

Осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Иммунитет – ол организмнің зиянды әсерлерді немесе бүлдіруші уларды қабылдамау қасиеті. Әрине, мұндай қасиет ағзаның жеке басының тіршілік ортасына бейімделуіне, сол ортадағы зиянды микроорганизмдер, вирустар және олар бөлетін түрлі бүлдіруші қасиеті бар заттарға қарсы тұра алатындығына тікелей байланысты. Осындай өзара байланыстың, дәлірек айтқанда, күрестің нәтижесінде аса күрделі биологиялық процестер басталады. Сөйтіп, ағзада қорғаныштық қасиет арта түседі. Оның түрлі зиянды микроорганизмдерді, вирустарды құртатын және улы заттардың уытын жойып, ыдырататын қабілеті күшейеді екен. Иммунитет түзілуде бүкіл біртұтас организм қатысады. Мұнда басқарушы және бағыттаушы – орталық жүйке жүйесі.
Ауру қоздырушылар немесе вакциналар жүйке жүйесінің ұштары арқылы сарысу гамма-глобулиндерін түзетін тиісті органдарға әсер етеді екен. Иммунитет пайда болуда сыртқы орта жағдайлары көп әсер етеді. Шамадан тыс қызу, салқындау немесе организмнің аса шаршауы қорғаныш заттарының түзілуін нашарлатады екен. Сонымен бірге иммунитеттің организмде жақсы түзілуін тамақтың нашарлығы, А және С дәрумендерінің, фосфор және кальций тұздарының жетіспеуі тежейді екен.

Табиғи немесе туа пайда болған иммунитет адамдар және жануарлардың белгілі бір түріне тән. Ол тұқым қуалайтын көрінеді. Бұдан мүйізді ірі қара малдың жылқының маңқасымен, жылқының, иттің обасымен, адамның ит пен шошқа обасымен ауырмауы мысал бола алады. Түрлі иммунитет бір мезгілде бірнеше зиянды әсерге қарсы әсер ете алады.

Жасанды иммунитет адам мен жануарларда жұқпалы аурулар-дың әсерінен пайда болады және оны табиғи жағдайда қабылдаған иммунитет деп те атайды. Егер де иммунитет организмге түрлі биологиялық препараттарды енгізгенде (егу, вакцина, сарысу енгізу) пайда болса, оны жасанды жолмен түзілген иммунитет деп атайды. Мәселен, адамдар шешек, обамен бір рет ауырса, екінші рет ауырмайды екен.

Тіршілік барысында түзілген иммунитетті актив және пассив деп екіге бөледі. Жасанды жолмен құралған актив иммунитет тұрақсыздау. Мәселен, паратифке қарсы бұзауларда жасалған иммунитет тек 6 ай бойына ғана сақталады екен. Сібір жарасына қарсы жасалған иммунитет тек бір-ақ жылға жетеді. Мамандар актив иммунитет организмге вакцина енгізілгеннен кейін 2-10 күн еткен соң түзілетінін айтады. Ал пассив, сарысу иммунитеті ағзаға дайын қорғаныш заттарды енгізгенде түзіледі. Түрлі аурулармен ауырған организмнің сарысуында осы ауруға қарсы иммунитет құраушы заттар пайда болады. Табиғи пассив иммунитет организмге, оның әсіресе дүниеге келер кезінде анасының сүтімен немесе жатыр арқылы беріледі.

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Ол үшін не істеу қажет? Осы сауалды алға тартып, диетолог Баян Баймұратовамен тілдескен едік.
– Қоғамдық ұлттық орталықтың қағидаларына сүйене отырып, адам ағзасындағы иммунитетті көтеретін жеті қағида бар. Бірін-ші – дұрыс тамақтану. Екіншісі – бір тәулікте 6-8 сағаттық ұйқы. Үшіншісі – дене белсенділігі, яғни үнемі қозғалыста болу. Төртін-ші – темекі мен ішімдіктен бас тарту. Бесінші – су ішу. Алтыншы қағида – жаяу серуендеу. Жетіншісі – стрестен қорғану. Иммундық жүйе бірнеше органнан тұрады: сүйек кеміртігі, көкбауыр, бауыр мен лимфа түйіндері. Осы органдар адам ағзасындағы иммунитетке қарсы тұрады. Егер осы органдардың қызметі жақсы болса, адам барлық жағдайда ауруға қарсы тұрады. Әсіресе, 70 пайыз ішектегі лимфоидты ұлпаларда. Дұрыс тамақтану үшін адамның режимін қалыптастыру керек. Бес рет, таңғы ас – 7-ден 10-ға дейінгі уақыт. Түскі ас 12 мен 14-тің аралығында. Астың 45 пайызын түсте ішуге тиіспіз. Кешкі ас 18-20 сағат уақытында. Ас мәзірі сапалы және сандық мөлшері дұрыс деңгейде болуы керек. Бұл ретте ақуыздар жануар және өсімдік тектес болып екіге бөлінеді. Ет, балық, сүт және сүт өнімдері жатады. Одан кейін бұршақ, үрме бұршақ, сұлы жармаларын жеу қажет, – деді Баян Оразбекқызы.

Ауырып ем іздегенше…

Пандемия кезінде коронавирусқа шалдығып, қайта ес жиып, жазылғандар үшін иммунитет – ең таптырмас қажеттілік. Себебі адамдарды қандай дерт болмасын қарсы тұруға және күш-қуаты арта түсуге иммунның тікелей қатысы бар.
Осы орайда тәжтажалға шалдығып, күресіп, жеңіп, бүгінде амалдап күш-қуатының артуына мән беріп отырған бірнеше кісімен сұхбаттасқан едім. Айкен өзінің қуатына қатты сенетін. 28 жасқа жеткенше бірде-бір рет те ауырып көрмеген көпбалалы ана иммунитетінің жоғары екеніне, ал бұл дерттің әлсіздерді айналшықтайтынын білетін. Алайда коронавирус Айкен Оразқызын айналып өтпеді. Тыныс алуы нашарлап, дене қызуы көтеріліп, иіс пен дәм сезуден қалады. Көкірегі жаншып, жөтел қысқанда, өзін қоярға жер таппай кететін. Тұла бойын әлсіздік пен тершеңдік басып алды. Тәжтажалға тест тапсырып көріп еді, ауырғаны расталды. Енді не істеуі керек? Жуырда ғана туған жездесі осы ауруға шалдығып, өз аяғымен аттанған ауруханадан қайта оралмай, бүтін бір отбасы қан жұтып қалған еді. Оның үстіне тәжтажалдың енді ғана жер бетін жайлап, гу-гу қысыр сөз ушыққан үстіне ушығып, «ауруханаға барғандар қайтпайды екен» деген сөзді көңіліне алып, дем жетіспей жатқан шақта өз шаңырағынан сыртқа шықпай, бір айға жуық төсек тартып жатады. Отбасының қамымен үй шаруасында отырған әйел үшін бұл дерт оңайға соқпайды. Бұл уақыт аралығында жасамаған ем-домы қалмайды. Соңында хрен өсімдігіне тоқталып, соның ем-домы бойына дарып, тынысы ашылып, жаны қалады. Алайда әлсіздік жеңіп, ат шаптырым жерге қиналмай жету мұң болғанын басынан кешірген әйел дереу иммунитетін көтеруге кіріседі.

– Мен ауылдағы ата-әжеме аттандым. Қаланың у-шуынан мезі болған маған, біріншіден, ауылдың саф ауасы майдай жақты. Таңмен таласа тұрып, жаңа ғана сауылған бие сүті – саумал ішуді әдетке айналдырдым. Құрт жеп, қазы-қарта, жал-жая, жас малдың сорпасы, қымыз, сүт, айран ішіп, ауылдағы ағарғанның барлығы менің айнымас серігіме айналды. Бір айдан соң, басымның айналғаны сап тыйылып, әлсіздігім басылып, бетім бері қарай бастады. Иммунитет көтеруде қазақтың дәмінен асқан ем-домның жоқтығына осылай көзім жетті. Әлі күнге дейін ауылдан қымыз-қымыран, шұбат, айранды үзбей тасымалдап, отбасымызбен қолдануды әдетке айналдырдық, – дейді Айкен.
Көзі көрмейтін және әлсіз көретіндерге арналған арнайы кітапхана директорының орынбасары Гүлнұр Алтынбекова да бұл дертке шалдыққандардың қатарында болды.

– Ауырып, қайта жазылған соң, адам денесінде ұзақ уақыт әлсіздік, тершеңдік, бірде ыстықтап, енді бірде жаурау процестері пайда болады. Дерттен айығуға дәрігерлер көп ықпал етті. Бұл аурудың бір жаманы сол, дерттен айыққаныңмен, оның соңындағы иммунитеттің төмендеп кету салдарынан болатын ыңғайсыздықтар бойыңда ұзақ жүреді. Мен шөптен итмұрын қайнатып қолдандым. Сонымен қатар қымыз іштім. Өкпені ашып, тыныс алуды жеңілдететін түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырдым. Жаяу жүретін болдым. Одан кейін темекі мен дәрінің иісіне шыдамсыздық пайда болды. Оның үстіне ұйқысыздық меңдеп алды. Жүрекше сасық шөбі, жалбыз, жалаң мия, шүйгіншөпті алты ай іштім. Моральдық тұрғыда көмектесіп, мотивация беретін, жігерлендіретін кітаптар оқыдым. Көңілді ортада жүруді әдетке айналдырдым. Меніңше, иммунитет көтеру барысында қымыз, шұбат және саумал ішу – таптырмас шипа, – деді Гүлнұр Пернебекқызы.

Бұл дертпен күрескендер арасында «Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы» КММ басшысы Назима Жұбандықова да бар. Ол да бұл дерттің өзіне оңай соқпағанын, әлі де ағзасында өзгерістер жүріп жатқанын, ал мұндай жағдайда, ең бастысы, иммунитетті көтеру керектігін баса айтты.
– Иммунитетім әлі көтерілмеді. Екінші, үшінші қабатқа көтерілгенде, әлсіздіктен тынысым тарылып кетеді. Менің тамағымнан ұстаған дерт бүгінде дауысыма өзгеріс енгізді. Қазір дауысым жуандап кетті. Әлі де ем алу үстіндемін. Иммунитетті көтерудің бар амалдарын жасап, дәрумендерді қолданып, қымыз бен саумалға жүгініп жатқан жайымыз бар, – деді Назима Норманбекқызы.

Қымыз бұл дертпен күресу барысында ең қажетті һәм емдік сусынға айналғанына көз жеткіздік. Бүгінде ауылда қымыз өндірілгенімен, ол қалаға сондай табиғи күйінде жете бермейді. Себебі тасымалдау кезінде құрамы өзгереді. Осы мәселелердің бәрін де ғылыми жүйеге келтіріп, қымызды сол қалпында халыққа жеткізу тұрғысында 1999 жылы бір жылға сақталатын қымызды өндіріске енгізуден бастаған жылқы шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген кәсіпкер-ғалым, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған Мұқашев болатын.

– Біз бие сүтінен косметикалық бұйымдарды, сабынды шығардық. Қымызды бір жылға сақтау немесе саумалды сауып алған бетте қаптап, бір жылға дейін бүлдірместен ұзақ мерзімге жеткізу үшін кептіру технологиясын игердік. Біздің ұсынысымыз бойынша бие сүтінен косметика бұйымдары Кореядан шықты. Себебі ол елде косметика жасау өндірісі өте дамып кеткен. Германияда да биенің сүтін кептіріп, одан белгілі бір өнімдерді жасауға болатынына көзіміз жетті. Бүгінде осы әдіс-тәсілдерді Қазақстанда қолдануды қолға алдық, – дейді Айтуған мырза.

Ішсең сусын, дәрумен әрі дертке шипа қымыз бен саумал барлық ауруға ем болып қана қоймай, оның үстіне иммунитет көтеруде таптырмас сусын болып көш бастап тұр. Иммунитетің түспесін десең, қымыз ішіп, қырға шық. Дәруменге бай сусынның адам ағзасы үшін пайдасы шаш етектен. Ендеше, ем болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.