Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иммунитеті мықты бала ауырмайды

0 186

Елімізде коронавирус инфекциясы белең алғалы түрлі оқиғалар орын алды. Жасыратын несі бар, індеттің алғашқы кезеңінде кемшіліктер көп болды. Кем-кетігіміз білініп, вируспен күресу оңайға соқпады. Бұл ауру ең алдымен үлкендерге ауыр соқты. Енді міне, қыс түсе балалар да жаппай ауырып жатыр.

Шет мемлекеттерде коронавирустың бесінші толқыны басталды. Бейресми дерекке сүйенсек, оған біздің ел де дайындық үстінде. Әрине, алғашында керекті дәрі тапшы болып, ел дәріхана кезіп сандалды. Одан кейін құлағымыз да, көзіміз де, етіміз де үйренді ме, мән бермейтін болдық. Кейде тіпті «халық бұл дертке бірте-бірте үйренеді» деген сөз рас па деп қаласың. Өйткені екінші жыл осы инфекцияның уын қайтара алмай отырмыз.
Соңғы уақытта балалар жаппай ауырып жатыр. Бүкіл баланың диагнозы бір. Бәрі де жаппай қызуы көтеріліп, жөтелуде. Бір жағынан, дәл қазіргі уа-қыт – салқын тиіп, тұмау жұқтыратын кезең. Десе де, жылда осындай мезгілде балалар жаппай ауырып, ауруханалар лық толғанын естіген емеспіз. Алайда биыл жөтел мен тұмаудың ауыр өтіп жатқаны айдан анық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 1 аптаның ішінде (22-28 қараша аралығында) 1-5 жас балалар арасында 2313 баланың 717-сі ауруханаға жатқызылыпты. Мәселен, 1 жасқа дейінгі нәрестелердің арасында ЖРВИ 646 баладан анықталса, пнев- мониямен – 275, бронхитпен 30 бала ауырып, дәрігерге жүгінген. Ал 5 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ жұқтырғандардың саны – 376, пневмония – 52, бронхит 10 балада анықталған. Дәрігерлер ата-аналарға өз бетінше ем-дом жасамай, баланы медициналық қызметкерлердің көмегімен емдеген дұрыс дейді.
– Өздеріңізге белгілі, ауа райының тұрақсыздығына, күннің салқындауына байланысты ЖРВИ, тұмау ауруы өршіп тұр. Бір ескеретін жайт, тұмау вирусынан кейін пайда болатын асқынулар бала үшін аса қауіпті. Пневмония – өкпенің қабынуы. Белгілері: жөтел, тәбеттің болмауы, ентігу, әлсіздік. Негізі 2 айға дейінгі сәбилердің тыныс алуы минутына 60 рет болады. Ал 2 айдан 1 жасқа дейін минутына – 50, 1 жастан жоғары бүлдіршін минутына 40 рет тыныс алса, онда бұл ауруды мүлдем үйде емдеуге болмайды. Көп ата-аналар немқұрайлылыққа салып, «үйден емдеп аламын» деп баланы әбден ауру асқынғанда дәрігерге қаратады. Бұл дұрыс емес. Жедел бронхит – бұл бронхтың шырышты қабығының өткір қабынуымен көрінетін ауру. Мұнда да әлсіздік, қалтырау, арқаның және бұлшық еттің ауыруы, жөтел болады. Ата-аналар ең алдымен өз баласына тұмауға қарсы дәрі-дәрмектерді бермес бұрын учаскелік дәрігермен кеңесу керек. Дене температурасының көтерілуі, бас ауруы сияқты симптомдар менингит ауруының алғашқы белгілері болып саналатындығын да ұмытпаған жөн. Сондықтан суықтың алғашқы белгілері пайда болған кезде тез арада баланы дәрігерге қаратқан жөн, – дейді дәрігер Алтынгүл Ибайдулақызы.
Иә, баланың жиі ауруының бірнеше себебі болады. Сол үшін ең алдымен баланың иммундық жүйесіне мән беруіміз керек. Бәріміз де ата-анамыз. Дәл осы кезде әрбір отбасының баласы ауырып жатыр. Тіпті балабақшада бір күнде 5-6 ғана бала барған күндер де кездескен. Сонда қалған балалардың бәрі ауырып жатыр немесе ата-анасы көпшілік жерге жіберуге қорқып отыр. Бүгінде ата-анасының екеуі де жұмыстағы балалар ауырса да, амалсыздан балабақшаға барып жүр. Жалпы үлкендер баланы қалың киіндірме, ыстыққа ұстама деп жиі айтады. Алайда қазіргі жастар баланы қалың киіндіріп, жылы ұстауға тырысады. Дегенмен бұл әдіс иммундық жүйеге кері әсер етеді екен. Сондықтан мейлінше баланы салқын ауаға үйреткен дұрыс. Сонда олардың ағзасы кез келген температураға бейім келеді.
– Бүгінде балам бір апта балабақшаға барса, бір апта үйде ем алады. Мұндай жағдай көпшілік ата-ананың басынан өтіп жатыр. Қазір бәрінің көкейінде бір сұрақ: Неге балалар жаппай ауырып жатыр? Осы сауалдың жауабын білгіміз келеді. Бала ауырғанша, өзіміздің ауырғанымыз жақсы. Ауруханалар да лық толы екенін күнделікті әлеуметтік желі арқылы біліп отырмыз. Біз үшін ең бастысы – балалардың амандығы. Сондықтан баламды балабақшаға жібермей, үйден шығармай отырмын, – дейді қала тұрғыны Гүлнұр Шыныбаева.
Қарап отырсаңыз, бүгінде дәрігерге емес, өзіне сенетін ата-аналар көп. Баланың қызуы көтерілсе де, үйден ем-дом қабылдайды. Алайда дәл қазіргі уақытта ақ халаттылар оны құптамайды. Өйткені әлі күнге дейін әлемді алаңдатқан індеттің беті бері қарамай тұр. Сол себепті бала ауырса, дереу емханаға хабарласып, ем-дом алған жөн немесе дәрігерлерді үйге шақырыңыз. Сақтансаңыз сақтайтынын ұмытпаңыз!

Арайлым Шабденова 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.