Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Иманды әйел – ұлттың ұяты»

0 144

Қоғамның көркі – иманды аналар, парасатты қыздар. Ал осы ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген жандардың бірі – «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы, әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева. Ол – нәзік жандылардың рухани тәрбиесіне, діни сауатына, өмірлік ұстанымдарына бағыт беріп жүрген тұлға. Бізбен болған сұхбат барысында ол өз қызметінің мәні мен қоғамдағы әйелдің рөлі жөнінде терең ойларын ортаға салды.

– Жазира Полатқызы, сұхбатымызды өзіңіз атқарып жатқан қызметтен бастасақ. Бұл салаға қалай келдіңіз? Қайда білім алдыңыз?
– Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Бұл салада еңбек етіп жүргеніме бірнеше жыл болды. 2009 жылы Шымкент қаласындағы қыздар медресесіне оқуға түстім. Оны тәмамдап, Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында білім алдым. Кейін отбасылы болып, 2017 жылы Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университетіне түсіп, оны 2019 жылы аяқтадым. Білім алып жүріп-ақ Алматы қаласында мешітте жұмыс істедім. Ал 2019 жылы Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы мешітке келдім. Кейін карантин басталып, арада шамалы уақыт өткен соң Тараздағы «Һибатулла Тарази» мешітіне қызметке келіп, соңғы төрт жылда осында әйел-қыздар секторының жетекшісімін.
Алғашқыда қарапайым ерікті ретінде басталған бұл жұмыс бүгінде менің өмірлік миссияма айналды. Себебі әйелдердің рухани әлеміне жол табу жүректен шыққан қызметті талап етеді.
– Әйел-қыздар секторы дегенде көпшілік оның нақты бағыты мен қызметін толық біле бермейді. Сіз бұл саланың негізгі мақсатын қалай сипаттар едіңіз?
– Әйел-қыздар секторы – нәзік жандылардың рухани және мәдени дамуына арналған кеңістік. Мұнда біз тек діни білім беріп қана қоймай, әр әйелдің ішкі әлемін, рухани мұқтаждығын түсінуге тырысамыз. Біздің басты мақсатымыз – иманды, тәрбиелі, қоғамға пайдалы әйел қалыптастыру. Себебі иманды әйел – мейірім мен ізгіліктің бастауы.
– Сіздің ойыңызша қазіргі қоғамдағы әйелдің рухани бейнесі қандай болуға тиіс?
– Қазіргі заманның әйелі білімді, бірақ сонымен бірге сабырлы, кішіпейіл, иманды болуы керек. Технология дамып, уақыт жылдамдап жатқанымен, әйел табиғаты өзгермеуге тиіс. Әйел – шаңырақтың шуағы, ананың образы – қоғамның айнасы. Егер әйел жүрегінде иман мен ізгілік болса, ол отбасының ғана емес, бүтін ұлттың ұяты болады.
– Сектор жұмысы нақты қандай бағыттарда жүргізіледі?
– Біз жұмысты төрт негізгі бағытқа бөліп жүргіземіз. Біріншісі – діни-ағартушылық бағыт. Мұнда Құран мен хадис сабақтары, фиқһ және әдеп негіздері оқытылады. Екіншісі – рухани-тәрбиелік жұмыстар. «Отбасы – мейірім мекені», «Әдепті қыз – ел ертеңі» секілді кездесулер мен дәрістер өткіземіз. Үшіншісі – әлеуметтік бағыт. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, аналарға психологиялық кеңес беру. Төртіншісі – жастармен жұмыс. Бұл бағытта біз мектеп пен колледж білім алушыларымен жиі кездесеміз, мотивациялық тренингтер өткіземіз.
Жалпы, мешіттегі ұстаздар мүфтият бекіткен кестеге сай әр бағытта жұмыстар атқарып жүр. Облысымыздың әр ауданында, ауылында әйел ұстаздар бар. Біздер тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Негізі біздің мақсатымыз – асыл дінімізді үйрету. Ол бағытта арнайы діни сауат ашу курсы бар. Бұл курста нәжік жандылар кезең-кезеңмен діннің баспалдағынан өтіп, сертификат алып шығады. Әліпбиден бастайтын қыз-келіншектерге арнайы кесте әзірленіп, аптасына 2-3 рет дәріс болады. Одан кейін тереңдетіліп, құранға түсеміз. Сосын ақида ілімі үйретіледі.
Жалпы, көбінде әйел адамдар тұрмыстық тіршілікке байланысты курсты соңына дейін жеткізбейді. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық мешіттен – 80, «Кеңесхан қажы» мешітінен 60 қыз-келіншек оқуды аяғына жеткізіп, сертификат алды. Сондай-ақ бізге үш ай демалыста ата-аналарының рұқсатымен оқушы қыздар да келіп дәріс алады. Дін мен дәстүрді біріктіретін бізде «Әжелер мектебі» бар. 25 әжеміз – тұрақты мектеп мүшесі. Олар құранды жетік меңгерген. Ұмыт болып бара жатқан, бұрмаланған салт-дәстүрлерімізді қыз-келіншектерге, жастарға түсіндіріп, қоғамдық жұмыста белсендік танытады.
Сондай-ақ жаназа кезінде әйелдердің мәйітін жууға да апаларымыз барып, жөн-жоралғыда қол ұштарын беріп отырады.
– Әйел-қыздармен жұмыс істегенде қандай қиындықтарға жиі тап боласыздар?
– Әр адамның тағдыры әртүрлі. Кей әйелдер өмірлік сынақтан шаршап, рухани демеуге зәру. Кейбірі өз орнын таба алмай, күйзеліс жағдайында келеді. Мұндай сәттерде жай ақыл емес, жүректен шыққан жылы сөз, шынайы ықылас керек. Бізге келген әр әйел өз өмірінің мәнін қайта табуға тырысады. Көбінде бізге қайрылатын әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, күйеуі ішкілікке салынып, болмаса құмар ойынның жетегінде кетіп, бала-шағаның, үйдің жауапкершілігін әйелдің мойнына іліп қойған, өмірден баз кешіп, барар жері, басар тауы қалмағандарғ. Әрине, сабыр деп айта салу оңай, бірақ маман ретінде біз рухани ілімге келуін, тағдырдың сан түрлі сынағына сынбауын, Алладан үміт үзбеуін, дұрыс дұға жасау жолдарын айтып, жол сілтейміз.
Сондай-ақ біздің мешітте отбасылық кеңес беру орталығы да жұмыс істейді. Мұнда осындай мәселемен келген азаматтарды екі жақты мәмілеге келтіру, өзара тіл табыстыру үшін, түйткілді мәселені шешу бойынша екі жақты, яғни ер ұстаздарымызбен қосылып түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ері әйелімен келуі міндеттеледі. Бірақ көп жағдайда ерлі-зайыптылар орталыққа келіп, мәселесін ортаға салғылары келмейді. Жоғарыда айтқан мәселеде әйелдердің үлесі бары да жаныңды ауыртады. Әйел бұзылса, қоғамның бұзылатынын ұмытпауымыз керек. Сол үшін бізде жан-жақты қарастырып, қолдан келген көмекті көрсетеміз.
– Жалпы, маман ретінде сіздерге қайырылған азаматтардың ішінде көбінде қандай мәселе көп кездеседі?
– Шыны керек, бүгінде ерлер мен әйелдердің арасында ішкілікке салынып, отбасына жауапкершілік алмайтындар көп. Ең бірінші орында – құмар ойынның құрбандары, екінші орында – ажырасу. Бұл тұста «Неге осындай мәселелер белең алып барады?» деген заңды сұрақ туары хақ. Ең алдымен – сенімнің жоқтығы. Алла бәрін көріп тұрғанын ұмыту, иманның әлсіреуі, нәпсінің құлы болу. Адам баласына харам етілген істерден ләззат іздеу күнәға алып барады. Сондықтан сенімді күшейтіп, Алла жолында харам етілген дүниеден аулақ болуымыз керек. Ажырасу да – Алла сүймейтін іс.
– Қазіргі жастардың діни және рухани көзқарасына қандай баға бересіз?
– Жастардың бойында ізденіс бар. Бірақ ақпарат көп, ал шынайы білімге жетелейтін ұстаз аз. Сондықтан біз жастармен жиі кездесіп, олардың сұрақтарына нақты жауап беруге тырысамыз. Қыз баланың жүрегіне иман ұялату – ең нәзік әрі маңызды іс. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ал ананың иманы – ұлттың болашағы. Осы орайда біздің облысымызда 25 әйел ұстаз қызмет етсе, 10 ұстаз қала бойынша жұмыс істейді.
– Сіздің ойыңызша әйелдің ең үлкен байлығы не?
– Әйелдің ең үлкен байлығы – иманы мен сабыры. Киім, сұлулық, мансап – бәрі өткінші. Ал иман мен сабыр – өмірдің дауылына төтеп беретін рухани қорған. Әйел жүрегінде осы екі қасиет болса, ол қандай жағдайда да нұр шашып тұрады.
– Қыз-келіншектерге қандай кеңес айтасыз?
– Өз қадіріңді біл. Иманыңды сақта. Әке мен ананың батасын, отбасының амандығын бірінші орынға қой. Заманауи болу – дінді ұмыту емес, оны өміріңе үйлестіре білу. Әйел – ұлттың айнасы, сондықтан әр қимылың, әр сөзің тәрбие болсын.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Сіздерге де көп рақмет. Алла баршамыздың жүрегімізге иман, отбасымызға береке нәсіп етсін!

Сұхбаттасқан
Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.