Қалалық қоғамдық-саяси газет

Имамдар экологиялық акцияны қолдауда

0 288

Дана халқымыз «Таза табиғат – халық байлығы» – демекші, Байзақ ауданының мешіт қызметкерлері ауданның бас имамы Қанат Жұмағұлдың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз қолдауларын білдірді.

Имандылық ордасының қызметкерлері Қостөбе ауылдық округі арқылы өтетін «Тараз – Сарыкемер» бағытындағы автожол бойында тазалық шарасын және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

– Мұсылман баласы салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі – қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуде. Екі жаһанның сәруары – хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе, жемісті ағаштардың маңайларын ерекше таза ұстауға шақырып, сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Иә, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кімдер?» – деп сұрайды. Ол: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы, ластаушы, бүлдірушілер» – деу арқылы қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырған.

Ауқымды экологиялық акцияға атсалысып, қоршаған ортаны қорғауға сүбелі үлес қосқан барша әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп бекер айтпаған ғой. Лайым ынтымағы мен татулығы жарасқан байзақтық тұрғындардың береке-бірлігі нығая берсін, – дейді бас имам Қанат Әділханұлы.

Мешіт имамдары, жамағаттары мен белсенді жастар акция аясында қоршаған ортаның тазалығы сақтап қана қоймай, аймақты жасыл желекке айналдыру мақсатында ауқымды жұмыстар өткізді. Экологияны жақсартуға бағытталған шарада қураған ағаштарды бұтап, жол жағасындағы шөптерді шауып, кездейсоқ қоқыстардан арылтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.