Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ілкімді істі іліп әкеткен Бақыт

0 307

Күн көзінен тамған сәулені аулап, жаңбыр суына шомылып, қыр басындағы қызғалдаққа қызығып өскен қыз Бақыт Талдыбаеваның арманы бала күнінен асқақ болатын. Есепке жүйрік, жақсылыққа жанашыр, сезімтал қыз айналасына шуақ шашып, күндей жарқырап жүргенді ұнатады. Бақыттың осы болмысы оны тек биікке жетелеп, сый-құрметтен кенде еткен емес.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тәрбие талбесіктен басталады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, қыбырлаған жанның ісі қыр асатынын сезініп жетілген сергек жүрек иесі аталы сөздің де қадірін ұғынып өскен. Өз адал ісімен табыс тауып, маңдай терімен отбасын асырап, темір жол саласында қарапайым еңбек еткен әке мен шешеден алған тәрбиесі, адал істің жемісі ғана тәтті болатынын ертеден-ақ біліп ұғындырды.

Сонау бала кезінен-ақ оның бойынан кез келген ілкімді істі іліп әкетер қабілетімен қатар, қиындыққа қарсы тұра алатын өжеттік байқалатын. Шу ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектепте білім алды. Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға түскен.

Күннің аптап ыстығы мен қақаған суығы оның еңбекқорлығына тосқауыл болған емес. Ол жастайынан әлдекімге қол жайып, біреудің ісіне телміріп күнелтуді ар санайтын. 13 сиырды бір өзі-ақ бағып, жем-суын тасып, сүтін сатып пұл еткен. Одан бөлек бөлке нан пісіріп, өз қолымен жасаған еңбегін табыс көзіне айналдырған. Бір қызығы ес білгелі дүкендегі заттардың бағасын ойша есептеп жүретін. Бұл Бақыт Алашбайқызының экономикалық қабілетін ертеден-ақ қалыптастыруға септігі тисе керек. Сарысу ауданындағы кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық етіп, сосын аудандағы жол мекемесінде бухгалтер қызметін де атқарған.
1990 жыл жоқшылық кезеңі еді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен қиын-қыстау уақыт. Таршылықтан бөлек, киім-кешек пен ас-ауқаттың да тапшылығы туындап, қара бұлт үйіріле бастайды. Алайда осы бір сынға түскен сыршыл кез талапты қыздың кәсіп жасауға деген икемін танытыпты.

– Бірде қонаққа бардық. Күйеуім шылым сатып алды. Сол сәт маған бір ой келді. Сол ойдың жетегінде көп ұзамай таныс автолавка иесіне қолқа салып, темекі алып, өз бағасына сатып беруге өтініш жасадым. Бұл өтініштің астарында ешқандай сауда-саттық, табыс көзі жатқан жоқ еді. Тек күйеуім өз бағасына темекіні үйден алса деген ниеттен пайда болған түсінік қана. Сөйтіп темекіні қораппен алып, соңыра ауылдастарыма сата бастадым. Алғашында өз бағасына сатылды. Уақыт өте келе темекі қымбаттап кетті де, мен құнын өсірмедім. Бірақ таныстарым «Ақша қосып сат» деп кеңес берді. Кейін үстінен ақша көріп, осылай табыс табуға болатынын ұқтым. Сауданың табыс көзі осылай басталатынына көзім жеткен соң әк, жанармай саттым. Біраз уақыт өткенде еңбегімді еселегім келіп, несиеге бензавоз сатып алдық. Менің кәсіппен айналысуым осылай басталды. Кейін дүкен аштық. Мал шаруашылығымен айналысамыз. Күйеуім «Сарысу жолдары» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады. Ал мен «Айжанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 1990 жылдан бері құрылтайшы директорымын. Қазіргі уақытта 2000 гектар жерім бар, малшаруашылығын қатар алып жүрмін. Екі үйір жылқы, 250 сиыр бар. Сонымен қатар 25 гектар суғармалы жүгерімен қатар жоңышқа өсіріп, мал азығын дайындаймын. Жұмысшыларыма жұмыс киімін 4 мезгіл өзім алып беремін. 1997 жылдан бастап, жол жөндеу құрылысымен де айналысып келемін. Ауылдықтар техниканы жалға алып тұрады. 2001 жылы 22 қарашасында Республикалық әйелдердің 3 форумына, сонымен қатар үзбей саммит, конгрестерге қатысып келемін. ҚР Тәуелсіздігіне 10 жылдық, 25 жылдық және 2017 жылы «Жамбыл облысына сіңірген ерен еңбегі үшін» медалдарімен марапатталдым, – деді кәсібін аз-кем сауда саттықтан бастап дамытқан Бақыт Алашбайқызы.

1997 жылдан бастап «Айжанат» ЖШС құрылтайшы Әбдіровтер жер алып, егін егіп, мал өсіруге ден қойған жұбайы Әбутәліп екеуі де ел іргесін ілкімді ісімен көркейтіп, екі қолға бір күрек алған еңбекқор отбасы. Бүгінде талай адамға шарапаты тиіп, қамқорлық танытқан. Ағайынның алғысын алып, ел игілігіне бөленген шаңырақтары құт-берекеге толы.

Бүгінде көмекке мұқтаж обасыларды қамқорлығына алып, жұмыспен қамтып, балабақша, мектеп, аналар мен балаларға демеушілік көрсетіп тұруды әдетке айналдырған. Кәсібінен нәсібін терген бұл отбасы қолға алған шұғылалы істің шырқы бұзылмауы үшін, жетістікке жету үшін жанын салып бағады. Жақсылықтың шарапаты көп екенін есте ұстап, мейірімнің қайнар көзі қайырымдылық екенін ісімен дәлелдеп жүр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.