Қалалық қоғамдық-саяси газет

Иесіз жүрген ит уақытша «қамауға» алынады

0 520

Үй жануарларына жауапкершілікпен қарамасаңыз, ауланып, «қамауға» алынады. Былтырдан бастап күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы»  Заң азаматтарға қандай жауапкершіліктер жүктейді? Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергеновпен қараусыз жүрсе, ит-мысықтардың иелері қандай жауапкершілікке тартылатынын сұрап-білдік.

«Заңның 11-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу ақылы негізде жүргізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана бұл қызмет тегін. Тіркеуді жеке немесе мемлекеттік ұйымдардың малдәрігерлері жүргізеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын, оның ішінде иттер мен мысықтарды тіркеуге міндетті саналады. Сондықтан үй жануарлары иелері малдәрігерлік мекемелерге қайрылып, үй жануарларын тіркетулері керек», – дейді ветеринар.

Мамандар 1 қыркүйектен кейін иесі бола тұра, тіркелмеген иттер «қамауға» алынатынын ескертеді. Енді тіркеуде жоқ, қараусыз жүрген ит-мысықтар ауланып, кастрация немесе стерилизация жасалады.

«Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілгендей, жануардың иесі иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, есепке алуға, уақтылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатыгездік көрсетпеуге міндетті. Ал қараусыз қалса, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шаралары қабылданады. Егер тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасатуға міндеттеледі», – деп түсіндірді Т.Қожабергенов.

Заңның аясында өңірде жергілікті мәслихат«Жамбыл облысы аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» және «Жамбыл облысы аумағында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің» Қағидаларынбекіткен.

«Қағидаларға сай, жануарларға жауапсыздықпен қарап немесе қатыгездік көрсетілсе, «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің» 407-1 бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, екі есеге ұлғайтылады. Сондай-ақ, иттерді қараусыз жібергендер де айыппұл төлейді», – деді маман.

Айта кетейік, құқық қорғау органдары аталғанбабқа сәйкес былтыр 59 азаматқа 1 590,0 мың теңге айыппұл салған. Биыл 63 азамат 2 173 500 теңге айыппұл төлеген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.