Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымдары

0 57

Ислам – адамдарды өзара ынтымақ пен татулыққа, бірлік пен сүйіспеншілікке шақыратын дін. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Міне, барлығың (сенімі ортақ) бір үмбетсіңдер. Ал Мен Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер», – деген («Әнбия» сүресі, 92-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!» – деп мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырған (имам Бұхари).
Мұсылман жамағатының бірлікте болуына ықпал ететін негізгі себеп – мәзһаб ұстану. «Мәзһаб» сөзі «жол, бағыт, көзқарас» деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.
Мәзһабты бөліну ретінде емес, керісінше шариғат үкімдерін әркім өз бетінше үкім шығармау үшін бір жолды ұстану деп түсінуіміз қажет. Қазіргі таңда бүкіл ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Олар – Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанып келді. Осы себепті халқымыз дін мәселесінде алауыздыққа жол бермей, бірлік пен ынтымақта болды.
Ыбырай Алтынсарин «Мұсылманманшылықтың тұтқасы» деген еңбегінде: «Мужтаһид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, имам Мәлік, имам Шафиғи, имам Ахмад ибн Ханбал. Бұл төртеуі шариғат мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді. Біз ол төрт имамның ішінде имам Ағзам мәзһабында боламыз, яғни имам Ағзамның үйреткен шариғаты бойынша іс етеміз», – деп жазған.
Ислам ғылымдарының қай саласын алып қарасақ та ондағы еңбектер мен деректерде алдыңғы буын ғұламалардың аты аталып, олардың көзқарастарына сүйену дәстүрге айналған. Әсіресе, фиқһ пен пәтуа саласындағы көлемді еңбектерде бұл үрдіс айрықша байқалады. Мұндай кітаптарды толық әрі терең түсіну үшін ғалымдар жайында нақтырақ мәлімет білу аса маңызды. Себебі ғалымның өмір жолы мен оның еңбегінің мазмұнын тану сол кітаптағы көзқарастардың мәнін дұрыс ұғынуға көмектеседі.
Әбу Ханифа мәзһабында кеңінен танылған «Әл-Һидая», «әл-Ихтияр», «Мултақа», «Фатху әл-Қадир» сынды классикалық туындылармен қатар, «әл-Мабсут», «әл-Фатау әл-Һиндия», сондай-ақ Ибн Абидиннің әйгілі «Радду әл-мухтар» еңбектері ерекше орын алады. Бұл еңбектер ислам құқықтану ғылымының тереңдігін, сондай-ақ ғұламалардың ой-пікір жүйесінің кеңдігін көрсететін мәңгілік мұра болып саналады.

Әбу Ханифаның өмір жолы

Әбу Ханифа һижри жыл санауы бойынша 80 жылы (милади 699 жылы) Куфа қаласында Омеядтар (Әмәуи) халифасы Абдул Мәлік ибн Маруанның халифалық тұсында дүниеге келген. Ата-бабасы Кабулдан қоныс аударған. Өмірінің елу екі жылын Әмауилер кезеңінде, ал қалған он сегіз жылын Аббасидтер кезеңінде өткізді. Әбу Ханифаның әкесінің аты – Сәбит, атасының есімі – Зәута. Әбу Ханифаның ұлтын араб, набатей, түркі, т.б. дегендер кездескенімен, Әбу Заһра оның дәулетті парсы әулетінен шықты деген көзқарасты көпшілік ғалымдар қолдайтынын айтады.
Әбу Ханифаның атасы Зәута Куфада төртінші халифа хазіреті Алимен (Алла оған разы болсын) жолығып, Наурыз мейрамында оған мухаллаба (тәтті) сыйлағаны жайында деректер де бар. Ол кездері халифаға тек байлар ғана мухаллаба сыйлай алатын еді. Осы жиында хазіреті Али (Алла оған разы болсын) Зәутаның қасындағы баласы Сәбитке ізгі ұрпақ нәсіп болуын тілеп, «Алла Тағала балаңызға және оның болашақ ұрпақтарына мол береке берсін!» деп дұға еткендігін имам Әбу Абдулла Хусәйн ибн Али әс-Сәймиәри өзінің «Ахбару Әби Ханифа уә асхабихи» атты еңбегінде жазады. Әйгілі Ибн Халикан өзінің «Уәфәяту әл-Ағян уә әнбәи әбнәи әз-Зәмән» еңбегінде Имам Ағзамның немересі Исмаил ибн Хаммадтың «Біз осы дұғаның қабыл болғанына сенеміз» деп айтқан сөздерін келтіреді.

Әбу Ханифаның ілім жолы

Әбу Ханифаның ұстаздарын тану оның ғасырлар бойы нұр шашып, көңілдерді шуаққа бөлеген ілім қайнарының бастауының қайда жатқанын көрсетеді. Бұл жайында имам Әбу Зәһра «Әбу Ханифа» атты еңбегінде Имам Ағзамның: «Мен ілім мен фиқһтың қайнаған ортасында өстім. Ғұламалармен бірге жүріп-тұрдым. Фиқһта ең білгір деген ғалымнан білім алдым» деген сөзін келтіреді. Әбу Ханифаның бұл сөзі оның нағыз ілім ордасында өскенін көрсетеді. Көптеген ғалыммен жолығып, белгілі бір салада тереңдеп, танымал болғандарынан сабақ алған. Солардың арасында Ирактағы фиқһ саласының көрнекті ұстаздарының бірі Хаммад ибн Әбу Сүлейменге шәкірт болып, одан ілім үйренген. Әрине, ол Хаммадтан ғана сабақ алумен шектелмеген.
Әбу Ханифа ілімінің қайнар бұлағы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жарық дүниеден өткеннен кейін, Куфаға қоныс аударған Али ибн Әбу Тәліп пен Абдулла ибн Мәсғудқа барып тіреледі. Өйткені осы сахабалардан Мәсрук ибн Әжда (қ. 63 һ.ж.), Алқама ибн Қайс (қ. 62 һ.ж.) және Шурәйх ибн әл-Харистан (қ. 80 ж) Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (қ. 104 ж.) мен Ибраһим ән-Нәхәи (қ. 96 ж) сынды табиғиндер ілім үйренді. Ал осы атақты табиғиндерден Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Әбу Сүлеймен (қ. 120 һ.ж.) ілім алған. Сонымен қатар Әбу Ханифаның ілім шежіресі Абдулла ибн Аббастың құлы Икрима (қ. 105 һ.ж.) мен Абдулла ибн Омардың азат етілген құлы Нафиғ (қ. 117 һ.ж.) сынды ғалымдарға да негізделеді.
Сондай-ақ Әбу Ханифа Меккенің атақты фақиһы, табиғин Ата ибн Әби Рабахтан (қ. 114 һ.ж.) ұзақ жылдар бойы сабақ алған. Мұны имам Зәһаби өзінің «Тәзкирату әл-Хуффаз» кітабында, имам Ибн Хажар асқалани «Тәхзибу Тәхзиб» еңбегінде, имам Әбу Заһра өзінің «Әбу Ханифа» еңбегінде келтіреді.
Демек, Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадпен бірге басқа да фиқһ және хадис ұстаздарынан сабақ алуды тоқтатпаған. Кейбір кітаптарда оның ұстаздарының саны төрт мың деп беріледі.

Әбу Ханифаның сабақ беруі және шәкірт тәрбиелеуі

Әбу Ханифа жиырма екі жасынан бастап он сегіз жыл бойы Хаммадқа шәкірт болды. Ол қырыққа аяқ басқанда Куфа елінің атақты ғалымы, ұстазы Хаммад дүниеден озды. Оның жолдастары ұстаздыққа ұлы Исмаилді өткізуді ұйғарды. Шәкірттерінің арасында Әбу Ханифадан басқа да үміткерлер бар еді. Алайда сол кезге дейінгі Әбу Ханифаның өзін көрсетуі мен дарындылығына қанық достары бұл ойларынан бас тартып, ұстаздыққа Хаммадтың ең қабілетті шәкірті Имам Ағзамды бір ауыздан лайық деп тапты. Ибн Абдулбәр өзінің «әл-Интиқа» еңбегінде Имам Ағзамның ілімнің абыройын бәрінен жоғары қойып: «Мен ілімнің жоғалып кеткенін қаламаймын» деп, ол ұсынысты қабыл алғанын жазады. Шын мәнінде ол ұстазының ілімін терең меңгерген, ұстаздық етуге нағыз лайық тұлға еді. Уақыт өте келе оның атағы шартарапқа жайыла бастады. Шәкірттерінің саны көбейіп, мешіттегі дәріс алқасы сол кездегі ең үлкен алқаға айналды.
Әбу Ханифаның сабақ беру тәсілінің ең негізгі ерекшелігі – кез келген мәселені шәкірттерімен терең талқылап, көзқарастарын ашық айтуына мүмкіндік беруінде еді. Муаффақ әл-Мекки бұл жайлы: «Әбу Ханифа мәзһабын шәкірттерімен кеңесуге негіздеген. Олармен ақылдаспай, өз бетімен діни ижтиһад (үкім) жасамаған. Алла үшін, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін және мұсылмандар үшін насихат айтқан кезде шектен шықпайтын. Ол кез келген мәселені әуелі ортаға салып, шәкірттерін тыңдайтын. Мәселенің түйінін шешу үшін кейде бір ай, тіпті одан да ұзақ уақыт өзара ой бөлісетін. Осы мәселелерге қатысты қай көзқарас басым бола бастаса, Әбу Юсуф оны бір негіз ретінде белгілейтін. Мәзһаб осы негіздерге сүйене отырып құрылды. Ең дұрысы және шындыққа ең жақыны да осы тәсіл болса керек. Бұл – адамдар үшін қанағаттанарлық жол. Жалғыз өзі ижтиһад жасап, тек өз көзқарасын ғана дұрыс деушілердің мәзһабынан әлдеқайда абзал», – деген.
Әбу Ханифа шәкірттерімен мәселелерді талқылай отырып, оларды да фиқһ іліміне етене араластырып, пәтуа беруге үйрететін. Уақыты келгенде ұстаздыққа жіберетін. Міне, осының арқасында олар тек тыңдаушы ғана емес, ханафи фиқһының құрылуына мол үлес қосқан тұлғаларға айналды.
Имам Ағзам Әбу Ханифа ұстазы Хаммадтан кейін шамамен отыз жылдай Куфа секілді ілім орталықтарында сабақ берді. Оның сұхбаттары мен сабақтарына қатысып, ілім алған шәкірттерінің саны төрт мыңнан жетіп асты. Мұндай ұлы ұстаз бен шәкірттерінің саны жағынан фиқһ саласындағы ешбір ғалым иық теңестіре алмаған. Кейінгі дәуірде келген хадис имамдары Имам Ағзамнан сабақ алып, ілімін жетілдірген 800-ге жуық шәкіртінің болғанын, қырық шәкіртінің ижтиһад жасайтындай дәрежеге жеткендігін айтады.
Имам Бәззәзи өзінің «Мәнақибу әл-имам әл-Ағзам» еңбегінде Әбу Ханифа өз шәкірттерін де жақсы көргенін әрі «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, көңілімнің жұбанышысыңдар», – деп оларға жүрекжарды сөздерін арнайтынын жазады. Әрі имам Ағзамның: «36 шәкіртімнің білім-білігі жоғары, 28-і қазылыққа қабілетті. Олардың арасында 6-ауының пәтуа беруге білім-білігі толық жетеді, ал Әбу Юсуф пен Имам Зуфар әрі қазылыққа, әрі пәтуа айтуға лайықты», – деп шәкірттерін бағалағанын дерек ретінде келтіреді.
Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабын жайған, өздерінің ижтиһадтары мен көзқарастары арқылы кеңінен түсіндіріп «ханафи» мәзһабының қалыптасуына өте зор үлес қосқан Әбу Юсуф, имам Мұхаммед, Зуфар, ибн Зайд сынды шәкірттерін атауға болады.
Имам Мұхаммедтің кітаптары – ханафи фиқһының ең басты қайнар көзі. Имам Мұхаммедтің мутауатир жолмен, яғни сенімді шежіремен жеткен кітаптары – «Мабсут», «Зиядат», «Жамиу ас-сағир», «Жамиу әл-кабир», «Сияру әл-кабир», «Сияру ас-сағир». Аталмыш еңбектер Имам Мұхаммедтен сенімді ғалымдар арқылы жеткен және бұл еңбектерді «Заһиру ар-риуая» деп атайды. «Китабу әл-асар» еңбегі де осы топқа кіреді. Бұл кітапта Әбу Ханифаның дәлелдері мен келтірген хадистері жазылған. Ханафи фиқһы осы бірінші жолмен жеткен «Заһиру ар-риуая» кітаптарында қамтылған деуге болады.

Әбу Ханифаның еңбектері

1. әл-Фиқһул-әкбар
Ең үлкен фиқһ деген мағынаға саятын бұл кітап – әһлу-суннаның ақидасын қамтыған сан салалы еңбек.
2. әл-Фиқһул-әбсат.
Әбу Ханифаның өз кіндігінен тараған ұлы Хаммад, шәкірттері Әбу Юсуф пен Әбул-Мутғи әл-Хәкәмның риуаяттарымен жеткен ақидаға қатысты кітап.
3. әл-Алим уәл-мутааллим
Әһлу-сунна ақидасын түсіндіріп, қорғау мақсатында сұрақ-жауап түрінде жазылған кітап. Оны шәкірті Әбу Муқатил Хафс ибн Сәләм әс-Самарқанди жеткізген.
4. әр-Рисәлә
Бұл еңбек Басраның қазысы Осман әл-Баттиға арнап жазылған. Бұл еңбекте ақидаға қатысты мәселелерде өзіне айтылған сыни пікірлерге жауап берген.
5. әл-Уәсыя
Әбу Ханифаның баласы Хаммадқа, шәкірттері ӘбуЮсуф және Юсуф ибн Халид әс-Сәмтимен достарына арнап жазған рисәлалары (шағын кітапшалар) бар.

Қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ханафи ғалымдары

Қазақ даласынан тек қана фиқһ ілімінің ғалымдары ғана емес, сонымен қатар Хусам ад-Дин ас-Сығанақи, Һибатулла ат-Тарази сынды ақида ілімінің, әл-Женди сынды араб тілі ілімдерінің ғалымдары да шыққан. Сондай-ақ олардың көбісі ілімнің сан алуан саласын меңгеріп, жан-жақты болған. Орта ғасырда Тараз шаһарында мешіттер, медреселер, кітапханалар мол болды. Сол уақытта көптеген ғұламалар көрініс тапты.
Хусам әд-Дин ас-Сығанақи (1314 жылы дүниеден өткен) исламтану, фиһқ, усул-фиһқ, ақида саласында жемісті, мол еңбек сіңірген үлкен дін оқымыстысы болумен қатар, араб тілі жайлы қалам тартқан лингвист болған. Сығанақ қаласында туған. Бағдат, Басра, Дамаск, Халаб қалаларына сапар шеккен. Мұхаммед ибн Омар әл-Ахсикентидің (т. ж. б. 1246) «Китаб әл-мунтаһиб фи усул әд-Дин» («Діннің түп тамыры жайлы таңдаулы кітап») аталатын шығармасына түсіндірме жасаған. Ол қолжазба қазір Париж бен Каир кітапханаларында сақтаулы. К.Броккельмен «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінің 2-томында Хусам әд-дин әл-Хусейн ас-Сығанақиды «ән Насафи кітабының кіріспесіне түсіндірме нысана» және «Дәлелді өнертапқыш пен дұрыс келе жатқанның көмекшісі» аталатын 2 еңбегінде атап көрсетеді. Хусам әд-дин әл-Хусейн ас-Сығанақи Әбу Ханифа мектебінің ілімін қолдаған.
Имам әл-Курайши әл- Ханафи (1293-1373) «Әл-Жауаһир әл-мудия фи табақат әл-Ханафия» атты атақты туындысында ас-Сығанақи туралы айта келіп: «оның әл-Макхулидің «Тамһидіне» шархы бар, бұл – үлкен еңбек. Оған «Тамһидті» имам Хафиз ад-Дин жеткізген деп, кітаптың автордан ас-Сығанақиге жету тізбегін көрсетеді.
Һибатулла ат-Тарази Ислам сенім мәселелерін қамтыған Тахауи ақидасына шарх жазды. Бұл еңбекке сол замандағы халықты алауыздықтан, басқа пікірдегі топтарға тосқауыл болудан, Ханафи мәзһабын ұстанды. Бұл кісінің еңбектері өте құнды, себебі қазіргі таңда елімізде ата-баба жолынан ауытқып, түрлі ағымдарды халқымыз ажырата алмауда, сондықтан өз жерімізден шыққан әр тұлғалардың еңбектерін зерттесек бұндай жайт орын алмайтыны сөзсіз.
Бұл еңбектер кітапханаларда, қолжазба түрінде кездеседі: «Әл-Муғни фи әл-усули фиқһ», «Хашияту әл-Һидая», «Хади фу усул әд-Дин» сынды еңбектері бар. Усул фиқһтағы әйгілі «Манар» кітабына түсіндірмесі, «Китабу Рашад», «Китабу Мисал» атты еңбектері бар.
Аталған тұлғалардан бөлек қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ханафи ғалымдары жетерлік.
Құрметті жамағат!
Имам Ағзам Әбу Ханифа бастаған ұлы ғалымдар мұсылман үмбетінің бірлігі мен татулығын сақтау жолында өз өмірін сарп етті. Олардың даналығы мен ілімі – шариғаттың шамшырағы, адамзатқа тура жол нұсқаған мәңгі мұра. Біздің де борышымыз – ата-бабамыз жүрген Ханафи мәзһабының сара жолын берік ұстанып, ілім мен иманды ұштастырып, бірлік пен бауырмалдықты өміріміздің өзегіне айналдыру.
Алла Тағала баршамызды шынайы іліммен нұрландырып, ғалымдарымыздың сара жолымен жүруді нәсіп еткей!

Ғазиз ЖҮСІПОВ,
дінтанушы ғалым

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.