Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хамукат-Қостөбе қаласының тарихын білесіз бе?

0 367

Шығыс Европадан сонау Қиыр Шығысқа дейін, Оңтүстік-шығыста қытай қорғаны мен Оңтүстікте Индия, Ауған, Иран шекараларына дейін, Батыста Кавказ таулы қыраттары мен Каспий, Жерорта теңіздеріне дейінгі Ұлы Даланың жеті қырын жайлаған әрі билеген Ұлы кеңістіктің иелері болған бабаларымыз Түркілердің – Еуразия даласында қалған ат тұяғының іздері мен абырой-атақтарына әлем халықтарының бәрі бас иетіні қазіргі таңда мойындалған құбылыс. Бұл – біздің бабаларымыздың ғаламдық тарих толқынында өз орнын мәңгілік айқындағанының белгісі. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларында осы жағдайлардың барлығы да тегіннен-тегін айтылмағаны заңдылық.

Осылайша әлемдік тарих толқынында өзіндік із қалдырған Түркі халқының тарихы – баға жетпес құндылықтарға толы екені бәрімізге белгілі. Еуразия даласында атының тұяғы қалып, шығыс пен батысты, түстік пен күнгейді өз дәргейіне көндіріп, мәдениеті мен өркениетін Ұлы далада кеңінен жайғанын ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Алғашқы түркі қағанатынан бастап әлемге Түркі деген атпен танылған ұлттардың ұлағатты істері мен саяси қолтаңбалары көптеген ұлыс пен тайпалардың тарихында сайрап жатыр. Түркінің әрбір тайпасы мен ұлысы өз алдына жеке қағанат құрып, дербес мемлекет дәрежесінде дамып отырды. Жай ғана мемлекет пен көшпенді халық болған жоқ, дүниежүзілік мәдениет пен өркениеттің өркендеуіне қолғабыс жасап, ірі-ірі қалалар мен қалашықтар, керуен сарайлар мен сауда жолдарының бойында бекеттер тұрғызып, ғылым мен білімнің дамуына да өз үлестерін қоса білді.
Осындай дамудың арқасында аталарымыздың орта ғасырларда салған қаншама қалалары бар: Құлан, Меркі, Тараз, Баласағұн, Аспара, Атлах, Барысхан, Отырар, Жент, Яссы, Шымкент т.б. сияқты. Осы аталған қалалардан тағы қаншама ғұлама ғалымдарымыз шықты десейші, атап айтсақ: М.Қашқари, Ж.Баласағұни, Әл-Тарази, Әл-Фараби, Ат-Түркістани секілді. Олардың барлығы да артында қаншама ғылыми еңбектер қалдырды. Міне, мұның барлығы да бабаларымыздың ғылыми-философиялық тұрғыда әрі саяси және экономикалық дамуда көзі ашық сауатты болғанын көрсетеді.
Иә, бәрін айт та бірін айт, ең бастысы әлем мәдениетінде ойып тұрып орын алған түркілік мәдениетті қалыптастырып кетті. Біз бұл үшін мақтануға бармыз. Осындайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзі еріксіз ойыңа орала береді.


Әр ұлттың өз жолы, өз қолтаңбасы бар. Өзінің даму стратегиясы мен салт-дәстүрлік бағыты бар. Оны тек сол ұлттың ұрпағы мен ғалымы ғана ұғынып, түсіне алады және зерттей алады. Осылайша ата-баба ізімен жүре отырып біз де бүгін сол бабалардың ерен еңбегі арқасында жанданып өсіп-өркендеген, әлі күнге дейін алыстан орны одырайып көрініп тұрған ерекше қалаларымыздың бірі Хамукат жайлы әңгімелемекпіз. Қала өзінің ортағасырдағы алар орны мен тарихи-мәдени өркениетінің биік дәрежеде дамығанының нәтижесінде 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл қала жөнінде де көптеген ғалымдарымыздың өзіндік пікірлері бар. Ғалымдарымыздың әрбір тарихи нысанды зерттей бастағанда сүйенері ол, көне жазба деректер көзі. Ортағасырлық шығыстың жазба деректерінің көбісі өз еңбектерінде Түркі халқының дамуы мен олардың тұрмыс-тіршілігін, жауынгерлігін, мәдениеті мен өркениетін, түркілер салған қалалардың орналасуы мен ара қашықтығын түп-түгел қалдырмай жазып отырған. Себебі, сол дәуірдегі Еуразия құрлығын жаулап алушылар мен Ұлы далада ойран салған тек түркілер ғана болатын. Яғни, шығыстың қандай патшалығы болмасын түркілермен санасуға және олармен тыныштық қарым-қатынаста өмір сүруге мәжбүр еді. Осындай ерлігі үшін көптеген өзге елдің жиһангездері түркі халықтарының мекеніне саяхат жасап, көрген-білгенін қағазға түсіріп, өзінің патшасына жеткізіп отырған-ды. Сондай жиһангездердің қатарында Әл-Макдиси, Ибн Хордадбек, Ибн Хаукал, Ат-Табари, Әл-Гардизи, Мұхамед Наршахи, Саид бин ал-Хасан ас-Самарканди секілді тарихшылар бар болатын. Осы авторлардың еңбектерін оқып отырсаңыз, Түркі даласында қаншама қалалық мәдени ошақтардың болғанына көз жеткізесіз. Міне, осы саяхатшылардың еңбектерінде біз сөз еткелі отырған Хамукат қаласы да айтылады. Әсіресе, Мұхамед Наршахидың Х ғасырда жазылған «Бұқар тарихы» атты еңбегінде қаланың пайда болуының негізі әдемілеп түсіндіріліп жеткізілген.


Осы аталған еңбекте Наршахи Бұқар қаласының пайда болуымен бірге ондағы жергілікті халықтың осы маңға қайдан келгенін тәптіштеп жазады. Мұның біз үшін маңызы зор, себебі сол дәуірдегі Бұқар қаласы мен оның аймағын соғдылар емес түркілер жайлағанын дәлелдейді.


«Люди, приходившие сюда из Туркестана, селились здесь, потому что в этой области было много воды и деревьев, были прекрасные места для охоты, все это очень нравилось этим людям. Сначала они жили в юртах и палатках, но потом стало собираться все больше и больше людей и стали возводить постройки. Собралось очень много народа, и они выбрали одного из своей среды и сделали его эмиром. Имя его было Абруй» («Бұқар тарихы» Ташкент, 1897 ж. 12-бет) деп Түркістан өңірінен келген бабаларымыз Бұқар аймағын дамытып, өздерінің жеке әмірін сайлап алады. Дәл осы кезеңде Еуразия даласында Ұлы Түркі қағанаты дәурен құрып тұрған шақ болатын. Сондықтан, әмір ретінде тек Түркі қағандарының ұрпақтары ғана сайланатын-ды. Ал Абруй да ұлы Түркі қағаны Бумын қағанның ұлы Мұқан қағанның күңнен туған баласы болатын. Абруйдың бұл аймақты қалай билегені туралы «Бұқар тарихында»: «Большое селение, где жил сам царь, называлось Пейкенд, а городом называли Кала-и Дабуси. По прошествии некоторого времени власть Абруя возросла, он стал жестоко править этой областью, так что терпение жителей истощилось» деп жазады («Бұқар тарихы» Ташкент, 1897 ж. 12-бет).


Бірақ, Абырой қаған өзін билікке көтерген Бұқар халқының адами парасатын түсінбей, оларды қаталдықпен басқарды. Тіптен, оның қатыгездігі шектен шыққаны соншалық халық одан мезі болып, жан-жаққа қаша бастады. Елге керегі тыныштық пен бейбітшілік қой. Өз қағандарынан шаршаған ел оны тәубесіне келтіріп, өз жағдайларына қамқор болатын адамды іздейді де, оны Батыс Түрік қағаны Қара Шырын Түрікке арыз ретінде шағымданып, өздерін құтқаруды сұрайды. Қара Шырын Түрік қаған мұны жедел қабылдап, Абыройды тәубесіне келтіру үшін өзінің ұлы Шырын Арслан қағанды жібереді. Ол Абыройды ұстап, оны азаппен өлтіреді. Бұл туралы тағы да «Бұқар тарихы» былай дейді: «Дихканы и богатые купцы ушли из этой области в сторону Туркестана и Тараза, где выстроили город и назвали его Хамукат, потому что великий дихкан, бывший главою переселившихся, назвался Хамук, что на языке бухарцев обозначает «жемчуг», а «кат» значит «город»; таким образом название это означало «город Хамука». Вообще бухарцы «хамуками» называют вельмож. Оставшиеся в Бухаре послали к своим вельможам послов и просили защитить их от насилий Абруя. Вельможи и дихканы обратились за помощью к царю турок по имени Кара-Джурин-Турк, которого за его величие народ прозвал Биягу. Биягу тотчас послал своего сына Шири-Кишвара с большим войском. Тот прибыл в Бухару, в Пейкенде схватил Абруя и приказал, чтобы большой мешок наполнили красными пчелами и опустили туда Абруя, от чего он и умер» («Бұқар тарихы» Ташкент, 1897 ж. 12-13 беттер).


Міне, Хамукат қаласы осылайша Бұқар жерінен Абырой әміршіден қашып келген тегі түркілік бай-көпестердің қолымен тұрғызылады. Осы жерде айта кететін бір жағдай қазіргі ғалымдарымыздың көбісі қаланы Орта Азиялық соғдылықтар соқты дейтін тұжырымы. Екі өзен арасында Соғдиана болғаны шындық, бірақ, дәл мына дереккөзден ұғатынымыз Бұқар қаласын да, Хамукат қалашығын да жайнатып гүлдендірген түркілер екендігі. Ал мен мына тарихи еңбекті оқып отырып, Бұқар аймағын Түркістаннан барған түркілер билегенін және мекен еткенін, ол жерді өркендетіп, мәдениетін көтергенін байқап тұрмын. Ешқандай соғдылықтарды кездестіре алмадым. Әрі Хамукат қаласын да тұрғызған сол Түркістаннан барған түріктер екені айдан анық баяндалып тұр емес пе? Яғни, Хамукат қаласы нағыз түркі жұртының ордалы қаласы болғанын бұдан артық дәлелдеудің де қажеті жоқ. Себебі, барлық дерек нақты айтылып тұр әрі өзге емес, өзіміздің Түркі жұртының баласы болғаны да қуантарлық.


Солайша көркейген Хамукат қаласын зерттеу алғашқы орыс империясының келуінен басталды. Хамукат қаласы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылының жанында орналасқан. Сол себепті қаланы Қостөбе-Хамукат деп те атайды. Алғаш бұл қаланы 1895-1897 жылдары Түркістан губерниясында құрылған «Түркістан әуесқойларының археологиялық үйірмесі» атты үйірменің мүшелері Каллаур, Панков, Бартольд сияқты тарихшылар зерттеп өткен. Әрине, олардың зерттеуі толыққанды болған жоқ, дегенмен олар қалдырған ғылыми деректер де біз үшін өте құнды болмақ. Одан кейін 1938 жылдары аталған қалашықты КСРО ҒА Қазақстандық бөлімшесі зерттеді. Бұл бөлімшенің басшысы танымал археолог ғалым А.Н. Бернштам еді. Оның зерттеу жұмыстары біршама тереңірек болып, қаланың тарихы мен онан табылған жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізерлік дәрежеге жетті. Бернштамның қазба жұмыстарының нәтижесінде қалажұртты 6-12 ғғ. жатқызуға мүмкіндік беретін көптеген қыштар, құмыралар, ортағасырлық тиындар табылды. Бұл Хамукатты зерттудің соңы емес еді, бұдан соң Қалажұрттағы қазба жұмыстарын тарихшы, археолог (К.М.Байпақов) бастаған ғалымдар жалғастырды. 2000 жылы тағы да (К.М.Байпақовтың) басшылығымен толық зерттелді. Осы зерттеудің нәтижесінде және (К.М.Байпақовтың) тұжырымы бойынша қалажұрт 6 ғ. Түркістанға қоныс аударған бұхар соғдылары негізін қалаған Жамукат (Хамукат) қаласы екендігі дәлелденді.(Бұқар соғдылары дегеннен гөрі Бұқар түркілері деген дұрыс болар еді).


Ал, 1985-87 жж. ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қалашықтың топографиясы туралы жаңа деректер алынып, қаланың орталық қирандыларына, қазіргі уақытта жыртылған, ұзын қабырғалармен қоршалған ауылшаруашылық аймағына қазба жұмыстары кеңінен жүргізілді. Зерттеу қорытындылары бойынша Қостөбе қалажұрты Талас алқабындағы қалалардың ірілерінің бірі болғандығы айқындалды. Хамукат-Қостөбе қаласының орталық қирандыларының периметрі бойынша қарасаңыз мұнаралы қабырғалар мен үлкен орлармен қоршалған тікбұрышты биік алаң болғандығы байқалып-ақ тұр. Қабырғаның биіктігі – 3 м астам, мұнаралардың шошақтарымен 3,5 м биіктікке дейін сақталған. Жалдардың ені іргесінде 10-12 м, үстіңгі жағында – 3-4 м болғанына қарап, қала аса ірі болғаны және мәдени тұрғыда кеңінен дамығаны байқалады. Қалажұрттың ішкі жағына төрт қақпа алып барады екен, олардың орнында қабырғалар үзіліп қалған. Бұл бекінген территорияның ішінен Шахристан мен ішкі қамалдың белгілері ерекшеленіп көрінеді.
Жүргізілген қазба жұмыстары бірнеше дара кезеңнің құрылыстарын анықтады. Олардың бірі – Қостөбе сарайы. Оның құрылысы екі кезеңге бөлініп жүргізілді: 6-8 ғғ және 8-10 ғғ. Сарай қабырғаларының көпшілік бөлігі қам кесектен тұрғызылып, бір-біріне тығыз байланыстыра қаланған, тек сарай ауласының бір қабырғасы ғана пахса блоктарынан қаланыпты. Көлемді бөлмелердің жабыны «дарбаза» түрінде, шағын бөлмелер және айналма дәлізінің жабындары болса – қары түрінде жабылған. Бұған табалдырықтың жекелеген ұяларындағы, бағана орындарындағы ойықтардағы ағаш шірінділері дәлел бола алады.


Міне, осындай археологиялық ғылыми-зерттеудің нәтижесінде Хамукат қалашығы ортағасырлық Түркілік мәдениеттің ұлы ошағы болғаны айқындалып отыр.


Осылайша Талас өзені бойынан пайда болған қала бірте-бірте үлкейіп, осы маңдағы ірі қалалардың біріне айналған. Әсіресе, Қарахан империясы тұсында тіптен гүлденіп, жайқалған бақтай, мәдениеті мен өркениеті кеңінен қанат жайып, Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркінің ұлы ордасына бағаланады. Бұл дегеніміз Қазақ халқының арғы атасы саналатын Түркі халықтарының Ұлы даланың жеті қырын билеген ұлы істерінде қалалық мәдениетті далалық мәдениетпен ұштастыра дамыта білген философиялық ой сана-сезімінің көреген екендігін байқатады. Қаншама жылдар бойы елімізге «көшпенді», «тұрағы жоқ, тұрақсыз» деген еуропалық анайы аттардың тағылып келгеніне қарамастан, археологтарымыздың ерен еңбегі мен осындай ортағасырлық деректердің арқасында Түркі-Қазақ халқының қалалық мәдениетті кеңінен және тереңінен дамығаны дәлелденді. Елдігіміз еңсесін көтеріп, тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымызға деген оң көзқарас қалыптасып, көптеген тарихи-мәдени мұраларымыз зерттелді. Олардың мән-маңызы мен құндылығының арқасында халқымыздың мәдениеті мен өркениеті мыңдаған жылдардан бері жасап келе жатқаны және әлемдік мәдениетке қосқан үлесі де зор болғаны нақтыланды.


Асылжан Шайдилдаев,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.