Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықтың сүйген баршасы, қазақтың еді Наршасы…

0 599

Ел арасында аңыз болып айтылып жүрген «Пайғамбарлардан кейін ұлылар – ақындар…» деген қанатты сөз бар. Әрине, қатардағы көп адам біле бермейтін, сезіне алмайтын дүниені ақын жүрегі алдымен аңғаратыны ақиқат. Осындай тау тұлғаның бірі – ақын Нарша Қашағанұлы. 1951 жылдың 1 сәуірінде Талас ауданы, Ойық ауылында өмірге келген ақын 2013 жылы 52 жасында туған топырағында мәңгілік сапарға аттанды. Қазақ өлеңінің құлагері тірі болғанда биыл 71 жастың тұғырына қонар еді.

Ол поэзияға адал болды, өлеңге таза келді. Нарша ақынның алғашқы жинағы 1998 жылы жарық көргенін еске алсақ, бір өлеңі оқылмайтын он жинақ емес, мәңгілік мұра болар бір жинақ қалдыруды мақсат тұтқан секілді. Өз сөзімен айтқанда, «Ақ қағазды алдына алған сәттерде, Ар алдында отыр- ғандай сезінді». Ауыл дейтін астанасынан ақын ешқашан алысқа ұзамады. Елден үлкен емесін ерте сезіп, елге еңбек етті, әдеби ортадан алыс жүріп те әдебиетке қызмет етуге болатынын көрсетті. Туған елдің жел жағында жүрді, кісіліктің мектебінен өткен ортасына біржола табан тіреді. Ақын ол туралы өлеңінде:
Елде жүріп көгердім мен, көктедім,
Елден таптым қасиеттің көп кенін.
Бермесе де шені менен шекпенін,
Елім менің – ең жоғарғы мектебім! – деп толғады.
«Еңкейгенше қалармын, сірә, елде мен!» деген ақын Алматы мен Ақмоладан кешірім сұрайды. Мүмкін Нарша ағамыз осы өлеңді жазып отырғанда, қасиетті Қаратаудың топырағын мәңгілік жамылып ұйықтайтынын сезген шығар, кім білсін?! Ел қадірін бір білсе елде туып, елде жүрген азамат білер. Ал тамырын туған жерге терең жіберген шайыр халықтан биік, одан өткен үлкен күштің жоқ екенін жүрегімен сезді. Ауылынан ұзап алыс кетіп, бауырын бөтен сезінетін базбіреулерге ақын айтарын ашық айтты. Әкім, ғалым, батыр болса да, елден үлкен еместігін ескертті. Ел-Ананың перзенті екенімізді есімізге салды, өлеңмен тіл қатты:
Солай, бауырым, елден үлкен емессің,
Бұл сөзімді сен де теріс демессің.
Елге келсең, еркелеп кел, әйтпесе,
Елемейді, сыйламайды сені ешкім, – деген жыр жолдары қазақтың «Ұлы болсаң, кіші бол» деген қанатты сөзімен қабаттасып жатқандай. Ауылын сүйген азамат ана тілін сүймеуі мүмкін емес қой. Ақын отты өлеңдері арқылы тілімізді сыйлауға, қадір-қасиетін білуге шақырды. Ата-баба аманаты екенін ескертті. Ойлы ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп жырласа, Таластың талантты ұлы: «Өз тіліңді сыйласаң, ол мінің бе? Өзге тілде сөйлеу әлде білім бе?» – деп оқырманға ой тастайды, ана тілдің алдында мансабың да, атағың да құны көк тиын екенін ескертеді. Қазақшалап, әзілдесіп, ән салып отыратын бақытты күнді аңсаған ақын 30 жылдан бері айта-айта жауыр болған тілдің шалажансар бейнесіне жүрегі ауырады, мұндайда ұлтына ұлағатты ұл болған ақынның үнсіз қалуы мүмкін емес еді. Шайыр сырын ақ параққа төгеді.
Өте шығар мына қорлық, қайғы, азап,
Болашағың болсын десең бай, ғажап!
Ең алдымен тіле тілдің тілеуін,
Ел боламын десең егер, ей, қазақ!
Осы бір шумақ өлеңнің өзі бар қазақты ортақ ұранға, бір мақсатқа шақырып тұрғандай. Иә, Наршаның сөзі – баршаның сөзі болды. Баршаның сөзін айтқан бауырмал ақын бәрімізді жақсылық жасауға шақырды. «Жақсылық жаса, сыйла адамды тік тұрып, Өмір мәні сол екенін ұқтырып», – десе, өлеңінің тағы бір өзгеше жолында: «Бар кезде де, тар кезде де тарылма, Өзгермеудің өзі білсең мықтылық», – деп мынау бес күн жалғанда байлық та, басқа да өткінші екенін айтып, адамға жасаған жақсылықтың мәңгілік болатынын бойтұмар етеді.
Алаштың сөзін айтқан ақынның нәзік те сыңғырлы сезімге толы жырлары – өз алдына бір төбе. «Сүю деген – әрі бақыт, әрі мұң, қайнары ол – қасиеттің бәрінің», – деп төгіле салады Таластың табиғатындай мөлдір жыр иесі. Қазақ ақындарының арасында каракөз бұрымдыларды жырға қоспаған шайырлар кемде-кем шығар?! Қарасаздың тумасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы, нe болар екен тағдыры?!» – деп ұлт болашағының бастау көзі болған нәзікжандылардың тағдыры оны алаңдатса, Қаратаудың Наршасы: «Қазақ қызы – ұлтымыздың ұяты, Қандай құрмет көрсетсек те татиды», – деп азаматтық ой айтады. Ақын махаббат деген ұлы ұғымды биік бағалайды. «Махаббат бар, махаббат бар, сенемін мен, сезінем оны бүкіл болмыс-денеммен», – деп келетін Нар ағамыздың өлеңдерін оқып отырып, лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің: «Тағдырды адам мойындаған секілді, махаббатты мойындайды екен ғой», – деген өлеңі еске оралады. Тұманбай демекші, Нарша Қашағанұлының «Өлеңге менің дағы бар таласым» атты алғашқы жыр жинағына ақ батасын берген де осы Тұманбай болатын. «Өлеңге сенің де, Нарша, таласың бар. Жаза бер. Ойдың азабын көргенше, оны қағазға түсір. Сенің жылдар бойы білім жинап, әдебиеттің білгірі болып алғаныңды да елің онша біле бермейді. Бұл саладағы табысың өте көп болар еді сенің. Қайығыңды суға салған екенсің. Өзеннің арғы жағына өтуге міндеттісің. Жолың болсын, жаныма жақын, азамат ақын, зиялы бауырым менің», – деп жазылған аталған кітаптағы алғы сөзді оқып отырып, Нарағамыздың нар жолында жүк қалдырмай әдебиет әлемінде өз көмбесіне сүрінбей жеткенінен Тұманбайдың тұмадай тұнық тілегінің орындалғанына көзіміз жетеді.
«Рақмет саған, туған ел» деп еліңізге еміреніп кетіп едіңіз, өлмес өлеңдер қалдырған сізге рақмет айтып жатырмыз. Сіз жырлаған қыздардың қыздарына «Хат жазып тұрмыз». «Білемін мен күндердің бір күнінде, Бір тойымның өтетінін өзімсіз» деп жырлаған едіңіз. Иә, өткен жылы 70 жылдық тойыңыз Тараз төрінде тойланды. Қаратауда да қара өлең қалықтады. Өзіңіз айтқандай, орныңыз ойсырап тұрды. Сіз туралы жан-жүректен адал сөзін ақтарған халқыңыз бар екен, соған шын қуандық… Ал халық бар да Нарша ақын да, оның жырлары да мәңгі жасайтыны анық.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.