Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Халық тойды тек жақындарымен өткізуді үйренді»

0 559

 Қазақ «Өнерліге өріс кең» деп бекер айтпаса керек. Табиғат сыйлаған дарын мен туа біткен талант болмаса, кез келген адам ел арасында құрметке ие болып, ыстық ықыласқа бөлене алмайды. Қазіргі таңда облысымыздың жастары арасында кеңінен танылған Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Құрмаш Қуанышбаевпен жуырда жүздесіп, шығармашылығы мен алдағы жоспарлары жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Құрмаш, бүгінде өзіңнің әншілігіңмен көпке танымалсың. Осынау өнер жолына түсуіңе кім түрткі болды? Бала Құрмаш нені армандады?
– Негізі анам да, әкем де ән айтқан емес. Отбасымызда өнер жолын таңдаған жалғыз мен ғана десем де болады. Бала күнімде ешкім бетімнен қақпай өсірді. Мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған түрлі жобалар мен жарыстарға үнемі қатысатынмын. Адамды шыңдайтын, оның қабілетін ашатын бірден-бір жол – бәсекелестік. Әртүрлі додаларда сынға түсіп, дара шапсам, бір биікті бағындырғандай қуанып қалатынмын. Бастысы – жеңіп, марапаттар мен сыйлықтарға ие болып, белгілі бір атаққа жету емес. Тек өзімді осы жолда көру болды. Балалық арманның жетегі, әке-ананың қолдауымен осы киелі жолға келдім. Бала кезімде армандарым көп болғаны соншалық, қазір өзім жаңылысып отырмын. Мұғалім, дәрігер, тіпті дүкен сатушысы болуды да армандадық қой. Кіршіксіз бала көңіл бәріне құштар болып, түрлі салада өзімізді елестетіп те көрдік. Дегенмен маған ел ортасында жүріп, өнер көрсету бағы бұйырды.
– «Ұялмаған әнші болады» деп, бүгінде кәсіби емес әншілер көбейді. Сенің өнер саласы бойынша оқыған заңды құжатың бар ма?
– Тараз қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы №1 мектепті бітіргеннен кейін «Заң» факультетіне оқуға түстім. Одан кейін теміржол ісі бойынша да маман атанып, диплом алдым. Осылай өзімді бірнеше салада байқап көріп, араға біраз уақыт салып, жергілікті Тараз педагогикалық университетін өнер саласы бойынша тәмамдадым. Осылайша бір емес, бірнеше саланың маманы деген құжатымыз бар.
– Қазіргі таңда Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияда, одан бөлек, тойларда топ құрып, ән айтып жүрсің. Осынау тірлікті бірге алып жүру қиынға соқпай ма?
– Филармонияда жұмыс жасап жүргеніме 10 жылдан аса уақыт болды. Бұл жұмыстан өзімнің жаным рақат табады. Шығармашылық ұжыммен өткізген уақыт шаршағанымды басады. Ал тойға келер болсақ, бұл – қосымша табыс көзі. Тойдан түскен ақшаға түрлі бейнеклиптер түсіріп, өзімнің шығармашылығымды көпшілікке танытудамын. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді дана қазақ. Бойымызда жастықтың жалындап тұрған күші бар уақытты дұрыс пайдаланып, барлығына үлгеруіміз қажет. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.
– Жақында елімізде қайта той тойлауға рұқсат берілді. Бұны өнер адамдары қалай қабылдады?
– Қазір елдегі жағдай тұрақты. Егер халыққа қауіп төндіретін болса, тойға рұқсат бермес еді. Оған қоса той тойлау үшін де бірнеше шарттар бар. Адам саны бұрынғыдай 150-300 болмайды. 50-60 адаммен шектеледі. Осының өзі – өнер адамдары үшін жағымды жаңалық. Бір байқағаным, халық ысырапшылдыққа жол бермей, тойды тек жақындарымен өткізуге үйрене бастаған секілді.
Әрине, барлығы жақсы болып, кеселден ерте құтылсақ дейміз. Десе де, «Сақтансаң, сақтайды» деген қағидамен мейлінше өзіміз және жақындарымыз үшін қорғанып жүрейік. Бұл тек біздің ғана емес, әлемнің басына төнген қиын жағдай болды. Барлық уақытта да адамзат баласының басына қиындықтар берілді. Бірақ өмірдің өзі уақытша, сынақтардан қорықпау керек. «Болмайды» деп бүркеніп отыра беруге де болмайды. Өмірімізге көтеріңкі көңіл мен қуанышты оқиғалар керек, сол үшін тойдан келер ешқандай жамандық жоқ деп ойлаймын.
– Алдағы уақытта халықты қандай жаңалықтармен қуантпақсың?
– Жоспарларым өте көп. Шығармашылық даму – бірінші орында. Қазіргі таңда жеке репертуарымда 20-дан аса ән бар. Біраз ұсыныстар түсіп жатыр. Бірнеше іні-бауырларыммен жұмыс жасап жатырмын. Жақсы дүниелерді қолға алудамыз. Тәлім берген шәкірттерімнің де өнер жолында өз белестерін бағындыруы үшін де біршама жоспар түзіліп тұр. Бұйыртса, жамбылдықтарды тың жаңалықтармен қуантамыз. Алайда әзірге құпия қалсын.
– Әңгімеңе рақмет.

Сұхбаттасқан Гүлжауһар Бажақай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.