Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықпен кері байланысты күшейту қажет

0 318
Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті.
Басқосу барысында әуелі қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматілдаева шаһардағы қоғамдық-саяси ахуалға кеңінен тоқталды.
– Ағымдағы жылы қала әкімдігіне митинг өткізуге 7 өтініш түсіп, оның 1-еуі өтініш иесімен кері қайтарылса, 6-уы қанағаттандырудан бас тартылды. Сондай-ақ облыстық және қалалық әкімдікке түрлі мәселемен қала тұрғындары 58 рет жиналып, алгоритмге сәйкес олардың мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылданды. Осы орайда бүгінгі күні қала тұрғындарының наразылығын тудырып отырған 6 өзекті мәселе айқындалды. Олардың басым бөлігі инфрақұрылым, жалақы берешегі, әлеуметтік төлемдерге қатысты, – деді Гүлназ Есенғалиқызы.
Бұдан кейін қала әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіұлы халықпен кері байланыс бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бүгінгі уақыт талабына сай халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желіден алатындықтан, біз де әлеуметтік желідегі жұмысқа жіті назар аударамыз. Әкімдіктің парақшаларында қаланың тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар дер кезінде жарияланып отырады. Тұрғындар шағымына да бөлімдердің ақпарат беруіне орай жауап берілуде. Одан бөлек, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап инстаграм әлеуметтік желісіндегі түрлі парақшаларда қалалық әкімдіктің ресми парақшасын белгілеуі және жарияланған посттар – 374, фейсбук әлеуметтік желісінде жеке азаматтардың әкімдіктің ресми парақшасын (баспасөз хатшысын) белгілеуі немесе топтарда жарияланған посттар – 292, облыс әкімі мен қала әкімінің инстаграм және фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларына келіп түскен жеке хаттар (дайрект, мессенджер) – 309, блог-тұғырнамасына келіп түскен шағымдар – 9, ресми, БАҚ – 6, облыс әкімінің ақпараттық дайджестіне келіп түскен шағымдар – 2593-ті құрайды. Келіп түскен барлық сұраққа мерзімінде жауап берілуде. Сауалдардың басым бөлігі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс бөліміне қарасты болса, қалғаны басқа да салаларды қамтиды. Дегенмен, кері байланыс бойынша «Алтын сағат» қағидасын сақтамаған мекемелер да бар. Мәселен, күні кеше БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде түрлі бағыттағы бірнеше сыни сауал жарияланды. Бұл сауалдар тиісті мемлекеттік органдарға жіберілгенімен Тараз қаласы әкімдігі 3-еуіне уақытылы жауап бермеген, – деді Дәулет Төлендіұлы.
Жиынды қорытындылаған Қайрат Әбілханұлы халықпен кері байланысты күшейтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.