Ақордада өткен тарихи жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның ел дамуы үшін стратегиялық маңызын айқындап берді. Президенттің айтуынша, азаматтар таңдаған жаңа Ата заң Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашып, мемлекеттің одан әрі тұрақты әрі серпінді дамуына негіз болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бүгінгі күні халықаралық беделі жоғары, ішкі тұрақтылығы берік мемлекетке айналғанын атап өтті. Алдағы кезеңде ел дамудың даңғыл жолына түсетінін айтып, бұл жолда бірлік, сабыр, еңбекқорлық пен жауапкершілік шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Мемлекет басшысы нақты мақсаттар мен жоспарлар бар екенін, ендігі міндет – оларды жүйелі түрде жүзеге асыру екенін айтты.
Президент Халық Конституциясының қабылдануын жалпыұлттық бірліктің жарқын көрінісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл құжат реформаларға кең қолдау бар екенін дәлелдеп, ел тарихындағы тағдыршешті кезеңнің басталғанын көрсетеді. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше аталып, олардың ел болашағын айқындайтын негізгі күш екені айтылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы референдумның табысты өтуіне байланысты халықаралық деңгейде қолдау білдірілгенін жеткізіп, достас мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларына алғыс білдірді.
Президент алдағы кезеңде ауқымды реформалар жүзеге асатынын атап өтті. Оның ішінде жаңа конституциялық заңдарды қабылдау, қолданыстағы заңнаманы жаңарту, мемлекеттік институттарды жетілдіру және саяси жүйені жаңғырту бағыттары бар. Бұл жұмыстар парламенттік сайлаумен қатар жүргізіліп, елдің құқықтық негізін түбегейлі жаңартуға жол ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияның қағидаттары қоғам өмірінің барлық саласына еніп, Қазақстанды құқықтық, экономикалық және саяси тұрғыдан жаңа деңгейге көтереді.
Мемлекет басшысы сөз соңында ел алдында тұрған міндеттердің ауқымды екенін атап өтіп, қандай қиындық болса да, бірлік пен табандылық арқылы мақсатқа жетуге болатынын жеткізді.