Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қауіпсіздігінің қалқаны

0 95

Алты ай қыста ақ боранмен алысып, күз-көктемде тасқын-селге тосқауыл болып, жаз шықса қызыл жалынмен күресіп, адамдарды ажалдан арашалап жүрген құтқарушылардың қызметі қашанда қауіп пен қатерге толы. Көмекке зәру азаматтарға ең алғашқы болып қол ұшын созатын бейбіт күннің батырлары Тараз қалалық төтенше жағдайлар қызметінде жетерлік. Бүгін солардың қайсарлығы мен ерлігін өзгелерге үлгі етуді жөн көрдік.

Қызыл жалынмен алысқан Арман

Адам өмірін құтқару – жоғары және жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болған жанға жәрдем беру кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан өзгенің өмірін сақтау үшін өз жандарын қиюға даяр азаматтар қандай құрметке де лайық. Солардың қатарында азаматтық қорғау полковнигі Арман Сартаевтың орны бөлек.
1992-1999 жылдары Алматы жоғары өрт техникалық училищесінде білім алып, «өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын меңгерген кейіпкеріміз бүгінде өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі қызметін атқаруда.
– 2022 жылдың мамыр айында, таңғы сағат 8:00 шамасында өрт сөндіру орталық пунктіне «Ауыл-Береке» базарының өртеніп жатқаны жөнінде хабар түсті. Хабар алысымен дереу азаматтық қорғау старшинасы Ш.Базарбаевпен бірге жолға шықтық. Оқиға орнына бізден бұрын жеткен қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Шәріпбаев барлау жасап, №2 шақыртуды жариялапты. Бұл кезде түрлі тауарлар сақталған 20-ға жуық контейнер отқа оранып жатқан еді. Контейнердің ішінде маталар, киімдер, ойыншықтар да бар екен. Мен бірден №3 шақыртуды жарияладым. Себебі өрттің көлемі ауқымды еді. Содан контейнерлерді шетінен бастап өшіріп, оқпанмен су шаша бастадық. Алайда өрттің ұлғайғаны сонша аумағы 700 шаршы метрді құрады. Жүргізілген электр қуатының бойымен әр жерден контейнерлер тұтанып, өрт одан әрі күшейе бастады. Өрт сөндірушілер тоқты қай жерінен ажыратарларын білмей біраз әуре-сарсаңға түсті. Сол сәтте электрик мамандар келіп, біздің кедергісіз жұмыс істеуімізге жағдай жасады. Нәтижесінде, өрт сөндіргіш автоцистерналарды ішке кіргізіп, контейнерлердегі жалынның бәрін өшірдік. Бас-аяғы 3 сағаттың ішінде қызыл алауды толық сөндіріп, контейнердің ішіндегі тауарларды қауіпсіз жерге орналастырдық, – дейді өткенді еске алған Арман Молдатайұлы.
Сонымен қатар былтыр шаһар төріндегі №5 ықшамауданда орналасқан №24 жатақханада тұтанған өрттен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіргені кейіпкеріміздің әлі күнге жадында екен.
– Бұл 2023 жылдың күз айы болатын. Таңғы сағат 4:00 шамасында Тараз қаласындағы №5 ықшамауданда орналасқан №24 жатақхананың өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Бірден сол жерге аттандық. Барсақ, 4-қабаттан қою түтін шығып жатыр. Екі адам балконнан секіргелі тұр екен. Қара түтіннен ештеңе анық көрінбейді. Тұрғындардың көбі шырт ұйқыда. Оянып кеткендердің жан дауыстары естілді. Әрине, ең әуелі адам өмірін аман сақтауымыз керек. Сондықтан бірінші балконда тұрған екі ересек азамат пен екі кішкентай баланы құтқардық. Кіреберісті қара түтін басқаны соншалық, ештеңе көрінбейді. Сонда да түтінге тұншықпасын деп тұрғындардың есіктерін қағып оятып, қауіпсіз жерге шығардық. Тілсіз жау қаупі төнген кезде адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, олардың өмірін сақтап қалу – біз үшін бұлжымас қағида, – дейді А.Сартаев.
Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген азамат I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Сын сағатта сыр бермеген Саят

Үлкен жүрек пен машық, білім мен білікті ұштастыра білген құтқарушылар жауапкершілік жүгін әрдайым арқалап келеді. Бұл қатарда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Саят Рүстембеков те бар.
Болашақ маман Саят Әбдіманапұлы 1982 жылы Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Сәби шағынан әке-шешесінің аялы алақанында мейірім шуағына шомылған ол басқаларға жанашыр, бауырмал, өзгелерге көмектесуге дайын тұратын елгезек бала болып өседі. Мектепті үздік бітірген талапты жас 2002-2004 жылдар аралығында «Отар» әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген соң, судан құтқару қызметіне сүңгіру-құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Қызмет пен құтқару жұмысын қатар алып жүрген Саят Әбдіманапұлы 2004-2009 жылдар аралығында Тараздағы «Парасат» колледжінде «құқықтану» мамандығы бойынша білім алды. Ал 2014 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде «заңгер» мамандығын меңгеріп, білімін әрі қарай толықтырды.
Шынын айтқанда, құтқарушы – қайсарлық пен тәуекелді талап ететін өте қиын мамандық. Өзгенің өмірі үшін өз басын ажалға байлаған сонау бір жылдарды Саят былай деп еске алды.
– Әлі есімде, 2005 жылдың жаз айларының бірі еді. Жаз келсе, бізге артылар жауапкершілік те ауырлай түседі. Мен ол кезде жұмысқа жаңа келген жас маманмын. Су жағасын патрульдеп жүргенбіз. Ересектер де, суға шомылып, жағада асыр салып ойнаған балалар да көп. Біз әдеттегідей үгіт-насихат қағаздарын таратып, қауіпсіздік ережелерін ескертіп жүрдік. Ел аузында Комсомол аталып кеткен Зербұлақ көлінің жағасы ығы-жығы адамға толы. Біз жағалауды бойлап келе жатқанда көл ортасына қарай ұзап кетіп, суға батып бара жатқан адамды байқап қалдық. Дереу рация арқылы су ішінде қауіпсіздікті қадағалап жүрген әріптестерімізге ескерттік. Біз де дереу суға түсіп, әлгі батып бара жатқан адамға қарай жүзе жөнелдік. «Өтуге болмайды!» деген белгіні ескерместен, әрі қарай жүзіп өткен 14-15 жас шамасындағы жасөспірім суға бір батып, бір шығып, екі қолын көтеріп, жанұшыра көмек сұрап жатты. Біз бірден құтқару шеңберін лақтырып, баланы аман-есен жағаға алып шықтық.
Дәл осыған ұқсас оқыс жағдай 2022 жылдың 31 мамырында орын алды. Сол күні түскі сағат 12:00 шамасында, Ермек Арқабаев есімді әріптесім екеуміз қаладағы «Қант зауыты» алқабында жүргенбіз. Бір топ бала суға шомылып жүр екен. Олар бұл аумақта суға түсуге болмайтынын ескерткен соң әрі қарай кетіп, бір айналып қайта келсек, әлгі балалар ескертуімізді құлақтарына ілмепті. Кенет алыстан, су бетінен әлдебір қарайған сұлбаны көзіміз шалды. Бірден көлік жылдамдығын арттырып сарқырамаға жетеғабыл тоқтап, жалма-жан қызметтік киімімізді кидік те, суға күмп бердік. Жақындағанда әлгі қарайған бейненің бала екенін аңғардық. Енді малтып бара жатқан сәтімізде су айналмасы баланы ағыс толқынына қарай кері итеріп, лақтырып жіберді. Сол сәтте біз оны ұстап үлгердік. 7-8 жастағы ұл балада тіршілік нышаны байқалмайды. Суды көп жұтып қойған сияқты, ес-түссіз жатыр. Жағаға жеткен соң, бірден оған алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Алдында айтқан ескертуімізді тыңдамаған балалардың бірі жылап, бір қалтырап бізді қоршап тұр. Жұтқан суын шығарған соң, бала есін жиды. Зардап шегушіні жедел жәрдем қызметінің дәрігерлеріне тапсырдық. Байқасаңыздар, екі оқыс оқиға да тыйым салынған аумақта болып отыр. Құтқарушылар қырағылық танытқанымен, барлық аумақты өз бақылауларына алуға мүмкіндіктері бола бермейді. Осы ретте ата-аналар да өз жауапкершіліктерін сезініп, балаларына бас-көз болғаны жөн, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Дәл осы ерен ерлігі үшін Саят Рүстембеков 2022 жылдың қазан айында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құтқарушы» төсбелгісімен марапаталған. Бұл күнде білікті маман өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретіп, жол көрсетіп жүр.

Екі қызға екінші өмір сыйлаған Айдос

Әр маусым өз ретімен келуі – табиғат заңдылығы. Мәселен, жаз мезгілі бастала салысымен суға шомылатындардың қатары көбейіп, демалысқа шыққан оқушылар мен студенттер де су айдындарына жиі аялдайды. Дегенмен су – тілсіз жау. Сақтанбасаң, одан келер қауіп мол. Сондай сәттерде Айдос Әбілда өзгелердің өміріне араша түсуден бір сәтке де тартынған емес.
Айдос Сейдахметұлы 1992 жылы 25 тамызда Сарысу ауданында өмір есігін ашқан. Азаматтық қорғау жүйесінде 2013 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ол жедел-құтқару жасағының сапында өзін әрдайым ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын білікті маман ретінде сан мәрте көрсетті. Еселі еңбегінің арқасында ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен де марапатталған.
Кейіпкеріміз жедел кезекшілік кезінде авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, өзінің лауазымдық міндеттерін адал атқарады.
Сөзімізге дәлел, ағымдағы жылдың маусым айында Айдос 2012 және 2014 жылы туған екі қызды судан құтқарған. Жаздың аптап ыстығында бес баласын өзен жағасына шомылуға алып келген әке екі қызынан бір сәтте көз жазып қалады. Ал қараусыз қалған жасөспірімдер тілсіз жаудың «құрығына» түседі. Осы кезде демалушылар арасында рейдтік жұмыстарын жүргізіп жүрген Айдос Әбілда көмекке ұмтылып, оларды ажалдан аман алып шығады. Онымен әңгімелесу барысында бұл оның алғашқы ерлігі емес екенін де білдік.
– 2017 жылғы 6 шілдеде «Зербұлақ» жағажайында оқыс оқиға болды. Сол күні ауа райы 40 градус аптап ыстық болып тұрған еді. Жағалауда үлкені де, кішісі де күндегіден көп екенін байқадым. Бір кезде кішкентай қыздың суға бата бастағанын көрдім. Ойланып тұратын уақыт жоқ, санаулы секундта-ақ жүзіп барып, қызды құтқардым. Мен өзім Тараздағы «Болашақ» медициналық колледжінің «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алғанмын. Соның арқасында дереу қызға алғашқы медициналық көмек көрсеттім. 8 жасар Валентина Ли есімді бүлдіршін осылайша бір ажалдан аман қалды. Бұдан бөлек, алапат өрт кезінде балаларды құтқарып қалғаным үшін 2016 жылы ҚР Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталдым. Құтқарушы болғандықтан, мен үшін өзгелердің өмірі өзімдікінен маңызды, – дейді ол.
Сонымен қатар Айдос Әбілда жуырда көрсеткен айрықша ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы марапатына ұсынылыпты. Отаны мен отбасына адал Айдостың бұл күнде ай мен күндей бір қызы бар. От пен судан тайсалмайтын батырдың алар асуы әлі алда деп сенеміз.
Бұлар ерен ерлігімен көзге түскен төтенше жағдай қызметкерлерінің бір парасы ғана. Өкінішке орай, олардың бұл мінсіз қызметі кейде орны толмас өкінішке де соқтырып жатады. Қалай десек те, қырағылықты қалқан, сергектікті серік еткен құтқарушылардың қатарының сиремеуі аса маңызды. Сондықтан олардың қайсарлығы мен жанкештілігін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеу – ортақ міндетіміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.