Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықаралық қатынастар – қорғаныс қабілетіміздің кепілі

0 1  575

Бүгінгідей саяси құбылмалы заманда бейбітшілік қай ел үшін болмасын бірінші орында тұрғаны анық. ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық, химиялық және биологиялық қарулардың пайда болуына байланысты бұл мәселе тым күрделене түсті. Десе де, еліміз осы салаға байланысты оның даму мүмкіндігін саралап, ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатерден шығу жолдарын нақтылады.

Ядролық қарусыз Қазақстан

Қазақстан халқы тәуелсіздік алған күннен бастап ұлттық қауіпсіздігін қорғау жолын әскери нығайту арқылы емес, ішкі бейбітшілік саясатын жүргізу, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ұйымдармен келісімдерге қатысу, экономикалық ықпалдасуды бейбіт құрылымдарда нығайту арқылы іске асырды. Қазақстан өзінің әлемдік қауымдастықтағы беделін, демократиялық даму жолын және халықаралық құқықтық өлшемдерді анықтайтын 300 халықаралық конвенциялар мен келісімшарттарды бекітті.
Ядролық қаруды жаппай қысқартуда АҚШ белсенділік танытты. Қазақстанға тән жағдай Беларусь пен Украинаның басына туды. Әрине, Вашингтон өзіне тиетін қауіпті азайту үшін және бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналын иемденген жаңа ядролық мемлекетті болдырмауға тырысты. Ядролық қарудың сақталуы мен оған бақылау жасау осы мемлекеттерге байланысты болды.

Осыған орай АҚШ ядролық қарудың таралуына, оның орын алмауына байланысты Беларусь, Қазақстан және Украина мемлекеттерінің бірігіп, ядролық қарудың таралуына жол бермеу шартына, ядролық қарусыз мемлекет және одан бас тарту мәселесіне жол ашты.
1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда Қазақстан, Беларусь, Ресей, АҚШ және Украина төрт аймақта орналасқан стратегиялық соғыс қаруларын қысқартуға өздерінің жауапты екендігін көрсетіп, бесжақты хаттамаға қол қойды. Сонымен бірге хаттамада Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украинаның ядролық қаруды таратуға жол бермеу келісімшартты міндеттемесіне ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде кіретіндіктері көрсетілді. Осындай жолмен Қазақстан ядролық қарудан бас тарту сияқты тарихи шешім қабылдады. 1993 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі ядролық қарусыз мемлекеттер тарапына кіргенін бекітті. Бұл еліміздің сыртқы экономикасына айрықша әсерін тигізді. Әлемдегі қауымдас елдер аталған акцияны қабыл алды. Көптеген дамыған елдер Қазақстанның бұл қадамын, оның халықаралық істерге жауаптылықпен қарайтынын және оның жаңа өркениетті елдер сияқты өз мәселесін шешуге жаңа көзқараспен келгенін атап өтті.

1993 жылы қаңтар айының 13-15 аралығында Парижде химиялық қаруды шығаруға, оны қолдануға және қарастыруға тыйым салу және оны жою туралы Конвенция өтті. Оған 130 мемлекет қол қойды, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл жаппай қырып-жою қаруын таратпау тұрғысынан жасалған ең бірінші халықаралық құжат болды.
Қазақстан аумағында химиялық қарулардың қоры жоқ. Қазақстан үшін бұл Конвенция экономика жағынан маңызды болды. Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздандыру мәселесін жүргізуде Еуропада өткізілетін барлық істерге белсенді араласады.
Біріншіден, бұл – Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты үш азиялық мемлекеттердің бейбітшілікті және аймақтағы тұрақтылықты нығайту саясаты.
Екіншіден, бұл – Қазақстанның ТМД аумағындағы халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздандыру саясаты.
Үшіншіден, бұл – СВМДА-ны шақырудағы Қазақстанның қадамы.
Төртіншіден, Қазақстанның ОБСЕ жұмысына, НАТО-ның «Бейбітшілік үшін достасу» атты бағдарламасына, сонымен қатар қарусыздандыру Конвенциясына қатысуы.
Осының бәрі – жаңа тұрпатты қауіпсіздік және қарым-қатынас жасау жұмыстары.
Қазіргі кезеңде БҰҰ-ның қатысуынсыз бейбітшіліктің сақталуын елестету мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы БҰҰ-ға халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтаушы ұйым ретінде қарайды. Қазақстан БҰҰ өзінің күшін халықаралық полиция қызметінде емес, оның ең шиеленіскен мәселелер кезінде экономикалық және соғыс өртін шығармау үшін пайдалану керек деген тұрғыдан қарайды.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін нығайту элементтерінің бірі – оның НАТО елдерімен әскери-саяси қарым-қатынасы. Бұл құжатқа 1994 жылдың 27 мамырында қол қойылды. Осы бағыттағы негізгі шаралар Қазақстан мен НАТО арасындағы қарым-қатынастар жайындағы жүргізілетін жұмыстар жобасы болды.
Айрықша оқиғалардың бірі – 1997 жылы Қазақстан аймағында өткізілген «Центразбат-97» әскери дайындықтары болды. Оған НАТО әскери күштерімен Орталық Азия мемлекеттері қатысты. Содан бастап бұл әскери дайындықтар әр жыл сайын өткізілуде.
1999 жылы сәуірде еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев НАТО-ның құрылғанына 50 жыл толуына байланысты өткен жиналысқа қатысып, қауіпсіздік мәселесін жедел шешудегі жұмыстарына жоғары баға берді.
Қазақстан халықаралық қауіпсіздік жүйесі, біріншіден, экономикалық және геостратегиялық көзқарастардан туындайды деді.
СВМДА әуел бастан-ақ бірқатар Азия елдерінен қолдау тапты. Бұл былайша түсіндіріледі: біріншіден, бұл ұсыныс жаңа тарихи жағдайларда ұсынылады, екіншіден, ол Н.Ә.Назарбаев сияқты беделді лидерлерден шығады, үшіншіден, халықаралық қауіпсіздікке өзінің беделді үлесін қосқан мемлекетке байланысты.
ҚР Тұңғыш Президенті өзінің қару-жарақты жою жөнінде конференция сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан өзінің халықаралық қауіпсіздікті және қару-жарақты жою жөніндегі істерінде негізгі екі қағидатқа сүйенеді деп атап айтты. Біріншіден, геоэкономикалық үрдісті түсінуден, қолда бар және халықаралық қауіпсіздікті құрудағы жаңа жүйе- лер – қарусыздандырудың жаңа жолдарын іздестіру. Екіншіден, аймақтық қауіпсіздік жүйесін құрудан ғаламдық қауіпсіздік жүйесін жақсарту процесін іздестіру.
Халықаралық қауіпсіздік және қару-жарақты жою аймағындағы Қазақстан Республикасының қолданатын шаралары осы аймақтағы барлық келісімшарттардың міндетті түрде және толығымен орындалуына бағытталған. Қазақстан ТМД елдерінің ішінен бірінші болып, барлық тактикалық ядролық қару-жарақты өз аумағынан шығарды. Лиссабон хаттамасы қатысушыларының ішінен ең бірінші болып ядролық қаруды сынауға жаппай тыйым салу келісімшартына, қатарына ядросыз мемлекет деген мәртебемен кірді. Семей полигонын жапты. 1995 жылы сәуірдің 21 жұлдызында бір жылдан аса уақытқа созылған, 1216 континентаралық баллистикалық жарылыс зымырандарын республика аумағынан шығару аяқталды.
Қазақстан Еуразия мемлекеті бола отырып, өзінің негізгі назарын Еуропаның, сонымен қатар Азия континенттерінің аймақтық және субаймақтық қауіпсіздігі үшін тұтас көңіл бөледі.

Қарулы Күштердің құрылуы

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ.Нұрмағамбетовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 5-тарау, 18-тармағы бойынша, Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады. «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 4-бабы бойынша, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды. Егер қандай да бір зауал туған шақта мұның құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды проблема – егемен ел армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру болатын. Жаңа мемлекеттің жаңа армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта Ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті деңгейде дайындалды. 1992 жылы 22 қыркүйектің өзінде-ақ Жоғары Кеңес «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қорғаныс туралы» Заңды қабылдады. Сондай-ақ 1993 жылы 11 ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы Әскери доктринасы ұжымдық түрде дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери теңіз күштері және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды. 1997 жылы 17 қарашада Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшжақты құрылымға ауыстырылды. Жалпы әскери күштер (оған Құрлықтағы әскер және Жедел қимыл күштері енді), Әуе қорғанысы күштері (Әскери әуе күштері мен Әуе шабуылынан қорғаныс күштері біріктірілді) және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері (олар Шекара әскерлерінің заставалары мен бөлімдерінен, Қазақстан Республикасының Әскери теңіз күштерінің кемелері мен жағалау қызметінен тұрады). Сонымен бір уақытта Бас штаб Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Штабы болып қайта құрылды. Көп өтпей, Шекара әскерлерінің Қорғаныс министрлігіне бағынуының негізсіздігі айқын болып, 1999 жылдың 2 шілдесінен бастап олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағына қайтарылды. 2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің №299 Жарлығымен мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын.

Әлемдік әскери әріптестік

ҚР Қарулы Күштер басшылығы халықаралық әскери әріптестікке, басқа елдер армияларымен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға көп көңіл бөлді. ТМД мемлекеттерімен әріптестікке Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, сондай-ақ қорғаныс сипатындағы жекелеген мәселелер бойынша екіжақты келісімдер негіз болды. ТМД-ның әрбір елінде Қарулы Күштер құрылған кезден бастап, олардың басшылары өз қорғаныстарын ұжымдық негізде құрғысы келетіндерін мәлімдеді. Алайда 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (ҰҚШ) тек 6 ел ғана – Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. Келесі жылы оған Әзірбайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Небәрі бес жыл өткеннен кейін, 1999 жылы 4 ақпанда Әзірбайжан, Грузия және Өзбекстан ҰҚШ-ға мүшеліктен шығу туралы шешім қабылдағанын мәлім етті.
2000 жылы 10 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев жаңа Әскери доктринаны бекітті. Ол бұрынғыша қорғаныс сипатына ие және әскери қақтығыстарды болдырмауды, оларды дипломатиялық жолдармен шешуді басты міндеті санайды. Геосаясаттағы өзгерістер терең талдана отырып, жаңа Әскери доктринада жаңа қауіп-қатерлердің өскені, әсіресе оның халықаралық терроризм, саяси және діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ пен есірткіні заңсыз тасымалдау тарапынан болып отырғаны мәлімделді. Осыларды, сондай-ақ қарулы күрес құралдары мен әскери өнердегі өзгерістерді ескере отырып, жаңа доктрина соғыстың сипаты, құрылымы және әскерлердің әскери іс-қимылдары туралы мәселелерді жаңаша түсіндіреді. Әскери қауіпсіздікті экономикалық жағынан қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен қарастырылды.
Әскери доктрина негізінде, 2000 жылы 7 шілдеде Әскери реформа тұжырымдамасы және Әскери құрылыстың 2005 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қазақстан армиясында бөлімшелердің, бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік оқулар Ауғанстандағы соғыстың, сондай-ақ әлемнің басқа елдерінің соңғы онжылдықтағы қарулы қақтығыстарының тәжірибелерін ескере отырып жүргізіледі. Оқу сыныптарындағы сабақтар далалық-роталық және батальондық жаттығулардағы жауынгерлік атыстармен, әртүрлі ауқымдағы командалық-штабтық жаттығулармен толықтырылады.

Армияның техникалық базасы

1992 жылы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) қатысушысы болды. Ал сол жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне қабылданғаны белгілі. Осыған орай Кеңес Одағының шарттары мен міндеттемелерінің құқықтық мұрагерлігін мойындайтынын мәлімдей отырып, Қазақстан өзі қол қойған шарттар мен келісімдерді, оның ішінде қаруды шектеу мен қысқарту мәселелері жөніндегі міндеттерін де адал орындап келеді. Орташа және шағын радиусты аумақта әрекет ететін ракеталар келісімдерде көрсетілген мерзімдер ішінде біртіндеп жойылды.
Стратегиялық шабуылдаушы қаруларды қысқарту және шектеу жөніндегі шарт негізінде құрлықаралық баллистикалық және қанатты ракеталар кезекшіліктен алынып, 1995 жылдың ортасына қарай Ресейге жеткізілді, бұл қарумен жабдықталған құрамалар біртіндеп республика аумағынан шығарылды. 1998 жылы 109 жауынгерлік және оқу шахталық іске қосу құрылғысы, 16 оқу және командалық пункт таратылды. Сол мерзімде Байқоңыр сынақ алаңында 10 сынақтық шахтаның іске қосу құрылғысы, Дегелең тауларындағы 12 құрылғы, 187 штольняның 181-і және Семей сынақ алаңының Балапан алабындағы 13 ұңғыма жойылды. 1991 жылы 29 тамызда жабылған ядролық сынақ алаңының негізінде 1992 жылы мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылып, Курчатов қаласы республиканың ядролық физика және экология проблемаларын зерттеу саласындағы ғылыми әлеуетін шұғыл көтерді. Республика армиясының негізгі құрамында бірнеше (оның ішінде бір танк) дивизиясы бар 40 жалпы әскери армия, авиация корпусы, радио және радиотехникалық барлау бөлімшелері, жабдықтау бөлімшелері және Байқоңыр ғарыш айлағын, Семей сынақ алаңын және Сарышағандағы, Ембідегі, Арал теңізінің Барсакелмес аралындағы сынақ алаңдарын арнайы жабдықтау бөлімдері, базалар, арсеналдар, қоймалар және басқа да бөлімдер мен мекемелер құрады. Қазақстанда барлығы 200 мыңнан астам әскери қызметшілер болды, олардың қарауында стратегиялық қарудың аталған түрлерінен басқа 1 200 танк және брондалған машиналар, 1 500 артиллериялық жүйе және 370 әскери ұшақ бар еді.

P.S Міне, осылайша Қазақстан тәуелсіздік пен бейбітшілікті ту еткен ел екенін төрткүл әлемге танытты. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, көршілес елдермен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Тұрақтылық пен теңдікті бойтұмар еткен еліміздің беделі күн санап биіктеп, әлемдік аренадағы орнын айғақтады. Осының арқасында бүгінде Қазақстан Азия ғана емес, тұтас құрлықаралық қауымдастықта бейбітшілікті берік ұстанған ел ретінде құрметтеледі. Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.