Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қалаулылары елмен бірге

0 242

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мүшелері облыста жұмыс сапарымен болды. Арнайы жұмыс кестесіне сай Тараз қаласындағы бекітілген нысандарды Мәжіліс депутаттары Гүлшара Әбдіқалықова, Әбдіманап Бектұрғанов, Кеңес Әбсаттаров, Зәуреш Аманжолова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев және Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Мадияр Қожахмет аралап, ондағы жұмыс жайымен танысты. Арнайы топ өкілдерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков алып жүрді.

Зере Қуаныш Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Жұмыс тобы ең бірінші Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған жас кәсіпкерлердің жұмыс жәрмеңкесіне барды. Жәрмеңкеден бұрын мәдениет үйі маңында орнатылған «Әуендер әлемін» аралаған оларға жамбылдық өнерпаздар жайлы Бекболат Серікбекұлы аз-кем әңгімелеп берді. Ал бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20 кәсіпорын барлығы 327 жұмыс ұсынды. Оның көбісі техникалық мамандықтар мен қарапайым жұмысшыларға қажеттілік басым екенін айтады. Сондай-ақ жәрмеңке барысында кәсіп ашқан жастар өздері өндірген өнімдерді ұсынды.

– Бүгін біз Жамбыл облысында «Еңбек» бағдарламасы толыққанды жүзеге асып жатқанын байқап отырмыз. Аталған бағдарлама ел тұрғындарының өздеріне қажетті мамандықты меңгеріп, игеруіне бағытталған. Техникалық мамандықтарға деген сұраныс мәселесі таяу уақытта шешіледі деген ойдамын. Жоғары оқу орындары академиялық тәуелсіздігін алған соң өздерінің ыңғайына сай мамандық ұсына алатын болады, – деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов.

Халық қалаулылары ат басын бұрған келесі нысан «Сәуле» кондитерлік фабрикасы болды. 3,0 миллиард теңге көлемінде несие алып, сол қаражатқа салынған өндіріс ошағында бүгінде тәттінің түр-түрі өндіріледі. Шығарылған өнім Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстанға жөнелтіледі. Мұнда еңбек ететін 90 адамның басым бөлігі – жастар. Фабриканың бас технологы Максим Лищиннің айтуынша, алдағы күндері төртінші цех іске қосылып, тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ кәсіпорынның 40 адам еңбек ететін ұн өнімдерін өндіретін наубайханасы тағы бар. Құрал-жабдықтарын Австрия мен Швейцариядан алдырып, өнімдердің барынша сапалы шығуына мән беретін кәсіпкердің ісі депутаттардың да көңілінен шықты.

Ал «Taraz HUB» IT-орталығында «ІТ-индустрияның дамуы және жас кәсіпкерлердің жобасын қолдау» тақырыбында арнайы таныстырылым өтті. Жоба жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова пікірін білдірді. Ол мұндай заманауи істе латын қарпін енгізу тиімді жүзеге асырылса деген ойын айтты.
Сондай-ақ депутаттар «Galaxy Arena» ойын клубында болды. Клуб иесі Регина Ибрагимова бұл кәсіппен айналысу үшін мемлекеттен 16,4 миллион теңге шағын несие алғанын айтты.

Бекітілген нысандардан тыс Мәжіліс депутаттары көпбалалы және тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету бойынша Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмалары қалай жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген жатақханаға да ат басын бұрды. 90 отбасына арналған жатақханадан үйлі болған Ұлбосын Тәжібаева өзінің 7 бала асырап-бағып отырғанын және жұмыссыз жүрген ол мұндай жағдай жасағаны үшін Мемлекет басшысына алғысын жеткізуін өтінді. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай алдағы ақпан айында 90 пәтерлі тағы екі жатақхана пайдалануға берілетінін және қаладан осындай 4 нысан салынып жатқанын айтты.

Келесі кезекте ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың бесінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» тақырыбында көшпелі отырысы өтті. Жиынға арнайы топ мүшелерінен өзге министрлік өкілдері, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және қоғамдық даму саласының мамандары, сарапшылар мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Отырыс аясында жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді нысандарына, оның ішінде NEET категориясындағы, яғни жұмыссыз және жоғары білімсіз жастарға ерекше көңіл бөлінді. Облыста ондай жастардың үлес салмағы 7,7 пайызды құрайды.

Жұмыс сапарының екінші күнінде Парламент Мәжілісінің депутаттары ТЕD-X форматында өткен жастар форумына қатысты. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жүргізген бұл басқосу жастардың ойын ашық жеткізе алатын және ұсыныстарын еркін білдіре алатын алаңға айналды. Бұл күні жастар халық қалаулыларына «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шағын қалаларда да жүзеге асса, Еріктілер жылында жастардың қоғамдық көліктерде жүру ақысы төмендетілсе, жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар көрсетілсе, зейнет жасындағы кейбір мемлекеттік қызметтегі басшылар жастарға орын берсе деген ұсыныс-тілектерін айтты. Өз кезегінде Нұр-Сұлтаннан келген 12 депутат өздеріне тиесілі сала бойынша нақты жауап қайтарып, ұсыныстары ескерілетіндігін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.