Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қалаулылары ел ішінде

0 285

Күні кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады. Сенатор қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге әуелі Тараздағы асфальт төселіп жатқан көшелерге аялдады. Атап айтқанда, Саңырақ батыр, Шостакович және Желтоқсан көшесіндегі жол жөндеу жұмысының барысын көзбен көрді.

«АРАЙСТРОЙМАРКЕТ-2003» ЖШС мердігерлігімен қолға алынып жатқан Саңырақ батыр көшесіндегі құрылыс жұмыстарының жалпы ұзындығы 3 шақырым 600 метрді құрайды. Техникалық қадағалаушы – «Құрылыста экспертиза» ЖШС.
Мұндағы құрылыс жұмыстары толық аяқталған кезде жолдың ені 14 метрге дейін кеңейіп, көлік қозғалысына ерекше екпін бермек. Қазір жол құрылысына 22 техника, 35 жұмысшы тартылған.
Шостакович көшесіне де қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған көшенің жалпы ұзындығы – 2,8 шақырым. Жол құрылысын жүргізуші мердігер – «UNISERV», техникалық қадағалау- шы – «Қабылан Эксперт» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Төле би даңғылынан Сүлейменов көшесіне дейінгі Желтоқсан көшесінің жол бөлігін және тротуарларды орташа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 416 метр болатын нысанның мердігері – «В grass», техникалық қадағалаушысы – «АКГЕМ СТРОЙ» ЖШС.
Сонымен қатар осы күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров те Әулиеатаға ат басын бұрды. Ол әуелі №15 «Ұлы Дала» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. 45 пәтерлі 4 үйдің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізуде. Ағымдағы жылдың қараша айында құрылысы аяқталса, тұрғын үйлер ипотекалық негізде берілмек. Халық қалаулысы өз кезегінде құрылыс жұмыстарының сапасына байланысты мердігерге бірқатар ұсыныстар айтып, алдағы уақытта да бақылау жұмыстарының тұрақты түрде жүргізіле беретінін баса ескертті. Бұдан кейін Мәжіліс депутаты аталған ықшамаудандағы білім мекемесінің құрылыс жұмысына қанықты.
Мұндағы 1 200 орынды мектептің құрылысын «Таразқұрылысинвест» ЖШС жүргізуде. Аталған мектептің ғимараты 7 блоктан тұрады. Жобада асхана, гимнастика және спорт залдары қарастырылған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды. Мердігер жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отырғанын және қажетті материалдардың барлығы бар екендігін жеткізді. Құрылыс барысымен жіті танысқан халық қалаулысы мектеп ғимараты құрылысының сапасына байланысты бірқатар сын-ескертпелерін айтты.
Келесі кезекте Мұқаш Зұлқарнайұлы «Таразэнергоорталық» АҚ-на барды. Аталған орталық магистралінен жылу температурасы белгіленген тарифке сай орта есеппен 65-70 градуспен қаладағы барлық тұрғын үйлерге бірдей жіберіледі. Кәсіпорынның пайдалануға берілгеніне 60 жылдай уақыт өтуіне байланысты қазандықтарды үнемі жөндеуден өткізіп, құбырларды ретке келтіріп отыру қажет. Осыған байланысты кәсіпорын жұмысшылары қазіргі уақытта жылу қазандықтарын жылыту маусымына дайындау жұмыстарымен айналысуда.
Кәсіпорын басшылығы Мәжіліс депутатына кәсіпорын қазандықтарын жаңартуға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.