Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық айтса қалт айтпайды, әкім айтса ше?

0 244

Әр жұма сайын жалғасып келе жатқан көшпелі қоғамдық қабылдауын шаһар басшысы Тараз қаласы №4 аумақтық округінің «Даңқ» саябағында өткізді.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен әкімдікке қарасты бөлім басшылары мен мамандары қатысқан іс-шарада 22 тұрғын сауалдарын жолдады.

Тұрғындардың көбі жарықтандыру мен жол мәселесін шешу үшін келген. Мысалы, Шу көшесінің тұрғыны Аманжол Сейсенов көше жолына асфальт салынса дейді. Әкім бұл шаруаны бітіру үшін тиісті сала мамандарына тапсырма берді. Ал Ақын Қортыс көшесінің тұрғыны Айткүл Қалиқызы: «Балаларға арналған ешқандай үйірмелер жоқ. Олар демалайын десе, баратын жері жоқ, соған бір ойын алаңдарын салып берсеңіздер», – деп өтінсе, Сорокин көшесінің тұрғыны Орынкүл Тұрғынбаева: «Түнде ит көп, сонымен қатар жарық жоқ, қараңғы түссе, дәріханаға да бара алмаймыз», – деп шағым айтып, мәселені екі жыл көтерсе де, еш нәтиже жоқтығын жеткізді. Сонымен қатар тұрғын: «Біз тұрған жерде шіріген ағаштар мен биік теректер көп. Дауыл тұрғанда олар құлайды, жазатайым балаларымызды басып қалса, кім жауап береді?» – деп те алаңдаулы.

Қабылдауда тұрғындармен қатар, студенттер де болды. Мысалы, магистратураның 2-курс студенті Дамир Қадірқұлов:

– Сорокин көшесінің жолымен автобусқа мінейік десек, оған жаяу бару машақат. Ал енді велосипедпен барайық десек, оның да дөңгелегі тесіліп қала береді. Бұл біз сияқты жастарға өте қиын. Мысалы, мен «Рамазан» дүкенінің аялдамасына бару үшін бір шақырым жол жүруге мәжбүрмін. Ал оған жеткенше үсті-басың шаң, топырақ болып кетеді. Осы мәселе оң шешімін тапса екен, – дейді студент.

Міне, осындай мәселелер бойынша келген 100-ге жуық қала тұрғынының сауалдары ішінде 80 пайыз тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, 10 пайыз әлеуметтік, қалған 10 пайызы әртүрлі мәселелер. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда атаулы әлеуметтік көмек алу мен қайтарымсыз гранттар туралы кеңес берілді. Тұрғындар тарапынан түскен әрбір мәселе бойынша уақтылы кері байланыс орнатылып, нақты шешім табу үшін комиссия құрылып, жан-жақты зерделенетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.