Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылғанына – 20 жыл

0 189

Биыл елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа дәуірін бастаған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай «Мемлекеттік қызметтердің сапасы: эволюцияның 20 жылы және жаңа көкжиектер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – соңғы жиырма жылда мемлекеттік қызметтер саласында жүріп өткен реформаларды талдау, жетістіктерді бағалау және алдағы кезеңге арналған жаңа мүмкіндіктер мен бағыттарды анықтау. М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабымен бірлесіп өткен шараға еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан, өңірдегі барлық аудан өкілдері мен Корея, Грузия, Әзірбайжан Республикаларынан делегаттар қатысты. Алдымен шараның шымылдығы Дулати университетінің мәжіліс залында өткен пленарлық отырыстан басталды. Онда оқу орнының ректоры Мұхтар Байжұманов жиынның маңыздылығына тоқталып, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына сәттілік тіледі.
20 жылдық белесті артқа қалдырған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев осы уақыт аралықтағы ең басты жаңашылықтарға тоқталып кетті.
– Соңғы екі онжылдықта Қазақстанда мемлекеттік қызметтер саны да, сапасы да айтарлықтай өсті. 2000-шы жылдардың басында бар болғаны бірнеше қызмет көрсетілсе, бүгінде олардың саны 1 300-ден астам. Осы кезеңде қызметтердің құрылымы, форматы және қолжетімділігі түбегейлі өзгерді. Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы едәуір артты. Мемлекеттік органдардың цифрландыруға бағытталған саясаты нәтижесінде көрсетілетін қызметтердің саны кеңейіп, азаматтар мен бизнес үшін рәсімдер жеңілдетілді. Бүгінде жыл сайын 20 миллионнан астам қызмет көрсетіледі, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма Төрағасы Арман Шоқанұлы.
Сондай-ақ ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министірлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Курумбаев: «Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саласындағы әлеуетін еселеп арттыруда. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін баса айтты. Осы орайда келер жылы цифрлық кодекс қабылданса, бұл мемлекеттік қызмет саласына да өз өзгерісін алып келері сөзсіз», – деді.
Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова шараға онлайн қосылды. Ал Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев өңірдегі мемлекеттік қызметтер жайында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы әлеуетін нығайту бойынша маманы Гүлімжан Сүлейменова цифрландыру бағытындағы жаңашылдықтары туралы айтты.
Екі сессиядан тұрған ғылыми-конференцияның алғышқы сессиясында «Цифрландыру жағдайында мемлекеттік қызметті көрсетудің үздік тәжірибелері» тақырыбында өрбіді. Онда Корея, Грузия, Әзірбайжан мемлекетінен келген спикерлер мемлекеттік қызметтердің даму кезеңдерін жан-жақты саралады.
Мамандардың айтуынша, алғашқы онжылдықта қағазға негізделген бюрократиядан цифрландыруға көшу басты серпіліс болды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының құрылуы, электрондық үкімет порталының іске қосылуы және қызмет көрсету регламенттерінің енгізілуі осы саланың іргетасын қалаған маңызды қадамдар ретінде аталды. Екінші кезең – онлайн қызметтердің жаппай дамуы, деректер алмасудың жетілдірілуі және азаматқа бағдарланған шешімдердің артуымен ерекшеленді. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты мейлінше жеңілдетті.
Ал екінші сессия «ХҚКО-ны цифрландыру жағдайында дамыту» бағытындағы сессия басталмай тұрып сырттан келген қонақтар мен ұйымдастырушылар «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы №2 Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Шара барысында алдағы жылдары мемлекеттік қызметтер жүйесі проактивті модельге толығымен көшуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл азаматтың өтініш бермей-ақ қажетті қызметті автоматты түрде алуын көздейді. Сондай-ақ жасанды интеллектті тиімді қолдану, суперқосымшалар құру, деректер сапасын арттыру және шешім қабылдау процесінде аналитикалық құралдарды кеңейту мәселелері талқыланды.
Конференция барысында мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, азаматтардың қанағаттану деңгейін көтеру және қоғаммен кері байланысты күшейтуге қатысты ұсыныстар да ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы кезеңде басты міндет – қызметтерді тек цифрландыру емес, оларды барынша қолайлы әрі тиімді деңгейге жеткізу.
Ғылыми-практикалық конференция мемлекеттік қызметтер саласындағы реформалардың нәтижелерін талдап, болашақ даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Қатысушылардың ортақ пікіріне сәйкес, соңғы 20 жылдағы жетістіктер жаңа кезеңге өтуге берік база қалыптастырды. Енді мемлекеттік қызметтер азаматқа ыңғайлы, проактивті және тиімді экожүйеге айналуға тиіс.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.