Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халқын іздеген әкім

0 214

№5 аумақтық округіне қарасты «Денсаулық» саябағында әкімнің кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауы өтті.

Шапағат Әбдірұлы, суреттерді түсірген Дионисий Пляшешник

Қабылдауға қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен әкімдікке қарасты барлық бөлім басшылары мен мамандары қатысты. Халықтың мәселесі қаралған іс-шарада қала әкімі 34 тұрғынды қабылдап, арыз-шағымын тыңдап, тиісті саланың мекеме басшыларына тапсырма жүктеді. Қабылданған 150-ге жуық қала тұрғынының сауалдарының ішінде 70 пайызы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, 20 пайыз әлеуметтік мәселелер, қалған 10 пайызы түрлі жағдайлар бойынша шаһар басшылығына қайырылды. Қоғамдық қабылдауда «Ақбұлақ», «Қаратау», «Қарасу», «Аса», «Жансая» және «Зеленый ковер» шағын аудандарының тұрғындарынан келіп түскен негізгі сұрақтардың басым көпшілігі тұрғын үйлердің жанындағы асфальт бетон жамылғысы және балалар ойын алаңдарын салып беруді өтінсе, енді бірі қураған ағаштардан шаршағанын айтты. Тұрғындарды зер сала тыңдаған қала әкімі бұл мәселені шешуді басты мақсат ететінін, халықпен етене жақын болып, тұрғындардың талабы орындалатындығын жеткізді.

– Мен қураған ағаш мәселесі бойынша келдім. Өзім зейнеткермін, сондықтан ана есіктен мына есікке барып жүру де маған қиын. Бір жарым жылдан бері менің өтінішім қурап кеткен ағаштарды кесу туралы болса да, нәтиже болмады. Енді әкім өзі назарына алмаса, шешілетін түрі жоқ, – дейді «Қаратау» шағын ауданының №20 үйінің тұрғыны София Лесин.

– Біздің ойын алаңымыз Кеңес Одағы кезінен бері тұр. Әрине, бәрі тербелмелі, тот басқан және балаларға ойнауға қолайсыз. Біз өз күшімізбен балалар ойнайтын және спортпен айналысатын ойын алаңын жасағымыз келеді, бірақ бұл біздің тұрғындардың қалтасына өте ауыр тиіп отыр, – дейді «Қарасу» мөлтек ауданының тұрғыны.

Дегенмен де көптеген мәселелерге қарамастан, халық арасында әкімнің жұмысы туралы оң пікір де аз емес. Мәселен, қала тұрғындары өздерінің игілігіне берілген «Денсаулық» саябағы құрылысының өте жақсы екенін айтып, алғыс білдіріп, енді тек алаңға апаратын жолдарды жақсартуды сұрады. Сонымен қатар көптеген зейнеткерлер емханаларға бару қиынға соғатындықтан, коронавирусқа қарсы вакцинациялау аулаға келсе деген ұсыныстарын да жеткізді.

Қала әкімі барлық мәселелер мүмкіндігінше қарастырылып, шешілетінін атап өтті. Айта кету керек, көшпелі қоғамдық қабылдау тамыз айына дейін жалғасын табады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.