Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хакім Абай танымындағы ұстаз бейнесі

0 487

Қазіргі жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту, күнделікті өмірде оны қолдана білу, отансүйгіштік қасиетін ұштауға бағыттау – ұстаздың басты міндеттері.

Ұлт ұстазы Абай: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», – деген сөзімен кәсіби біліктілікпен қатар, ең әуелі өз бойындағы адами ізгі қасиеттерді дамытып, рухани жағынан барынша кемелденген тұлға ретіндегі ұстаздық қызметтің ерекшелігін түйіндеген. Сонда ұстаз дегеніміз кім? Бұл орайдағы ой-танымның сабақтастық желісі «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі мен жетінші қара сөзде мазмұндалған.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, әрқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан! – деп келетін бастапқы шумақта қарама-қарсылықты ұғымдағы сөз қолданыстарының астарлы мағынасында проблемалық мәселе негіз құрап жатыр. Жалпы Абайдың поэтикалық шеберлігінде көбіне қарама-қарсылықты мәндегі ұғымдардың қолданылу жиілігі ерекше байқалады. Мысалы, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», т.б. деген сияқты. Енді бұл жердегі өнерпаздыққа қарсы мән-мағынадағы ойды бейнелеп тұрған әсемпаз сөзі қандай ұғымға негізделген? «Өмір – биік мұнара, ал адам – соған қаланатын бір кірпіш» деп шығыс ақыны А.Иүгінеки айтқандай, адам-кірпіштің өмірден өз орнын адаспай табуындағы «әсемпаздықтың» кері әсерінің нақтылы дәлелдері қандай болды екен? Ойшыл-ақынның оқырманын әсемпаз болудан сақтандыруының сыры неде болғаны? Осы жағына байыптап қарасақ, бұл жердегі әсемпаздық – дүниенің сырын танудағы материалистік таным-көзқарас. Яғни ақиқатты тануда тек көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нақтылықтың шеңберінде қалып қою. Бұған көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және тітіркену сынды тәннің физикалық қабілеттері арқылы әр нәрсеге сырттай құмар болу мәселесі жатады. Абай мұны тәннің құмары дейді. Бұл таным-көзқарас ақынның жетінші қара сөзінде де: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды», – деп таратыла баяндалады.
Ал кез келген әсемдік – өнерпаздықтың нәтижелі туындысы. Демек, өнерпаздық дегеннің өзі, түптеп келгенде, адамның қайраты, ақылы, талабы мен талпынысы, табандылығы, жүйелі ойлауының нәтижесі. Сондықтан да ақын әр нәрсеге сырттай қызығып құмарта бергенше, сол қызықтырғанды жасаудың өзі өндірудің технологиясын, тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруді ұсынады. Бұл өлеңде өнерпаз сөзі біз білетін өнер мағынасында емес, «іс-әрекет, қызмет, кәсіп» мағынасында айтылған. Өнерпаздық жолын ұстану – жан құмарын байыту. Осы қарастырылып отырған өнерпаздық жан құмары болса, ол жайындағы ақынның ойы төмендегіше: «Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» деп өрбиді. Осылайша, Абай тән құмарына қарағанда, жан құмарының әуел бастан-ақ басым жаратылғандығын дәлелдей түседі. Адам баласын хайуаннан артық ететін нәрсенің осы жан құмары екендігіне нанымды дәлелдер келтіреді. Бала күндегі белсенді күйде болатын білмекке, танымаққа деген тынымсыз талпыныстардың есейіп-ержете келе тән құмарлығының тасасында бәсеңсіп қалатындығы, тіптен семіп жоғала да бастайтынын баса айтады. Сол себепті баланың ақылы кіріп, ержеткен сәтінде бойындағы табиғат берген қарым-қабілеті мен икемділігіне қарай бейімдейтін өз ісіне шебер маман иесіне табыстаумен байланысты қарастырылады. Ал өз саласын кәсіби шығармашылықпен (Абай мұны ғылым тапқандар дейді) ұштастыра білген ізденгіш жандар көпшіліктің ықыласына бөленетіндігі белгілі («Орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып»). Ондай жандарды халықтың «кісі» деп атауының өзінде құрметтеу сезімінің белгісі танылып тұрады. Адам-кірпіштің өмір жолы дұрыс қалыптаспауының басты себебі ретінде осы жас ұрпақтың орнын табу мен кісісін табу мәселесінің маңызы ғылыми жүйеде сараланған.
Өнерпаздықтың өрісі – әрқалану, яғни жан-жақтылық. Өнердің бір ғана түрін меңгерумен шектеліп қалмастан үздіксіз жалғастыру, дамыту. Қазақтың «Жігітке жетпіс өнер де аз» дейтін өмірлік ұйғарымы осыған саяды. Бұл «әрқалан» сөзі кейбір басылымдарда «арқалан» деп жазылады. Ал мәтіннің жалпы контекстік жүйесінде қарастырылған жағдайда дұрысы «әрқалан» деп жазылу қажеттілігі түсінікті болып шыға келеді. Өнерпаз болу үшін өзіңнің икеміңе, өмірлік ұстанымыңа, таңдаған мамандығыңа, кәсібіңе сай жан-жақты болу керек деген қорытындыға келуге болады. Мәселен, барлығымыз әсем киім киюге, тәтті тағам жеуге құмарланамыз, сәулетті үйде тұруға ынтызармыз. Ал егер сол әдемі киім, тәтті тағамды даярлауды өнер деп танитын болсақ, біз солардың қалай жасалғанын білуге ұмтылуымыз керек. Әдемі көйлек тігу үшін тек тігінші болу жеткіліксіз. Алдымен көйлекті кесіп-пішудің өлшемінен жаңылмау үшін адамға математикалық білім қажет. Бұйым тігуге қажетті мата мен түсті таңдау үшін заманауи сәндік-қолданбалы өнерден хабардың болғаны шарт. Қазіргі ғылым мен техника дамыған заманда қажеттілігіне қарай компьютерлік сауаттылығы, ақыл еңбегі, т.б. қажет. Демек, қай сала болмасын бір ғана бағытпен шектеліп қалуға болмайды. Кез келген адам үнемі ізденісте болуы шарт.
Қайрат: «Ей, ғылым, өзің де білесің, дүниеде еш нәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын. Әуелі, ғылым, өзіңді білуге, ерінбей-жалықпай ізденіп, үйреніп, орнына келтірмек – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе?», – дейді. Демек, біздің барлық жасайтын іс-әрекеттеріміз қайратқа тікелей байланысты болмақ, бұл – тәннің әрекеті. Қайрат адамды әртүрлі пайдасыз істерден, оңай олжаға әуестіктен және пайдасыз азғантай уақыттық әуесқойлықтан, қызығушылықтан сақтандырып, адамды еңбекке бағыттайды. Сондай-ақ қайрат та ақыл сияқты жақсылыққа, ізгілікке қызмет істеумен қоса, жамандық, зұлымдыққа да бірдей қызмет қылады. Сондықтан адам бойындағы қайрат тек қана жақсылық пен ізгілікке ғана бағытталуы керек. Ал кез келген әрекетті жасағаннан кейін оның қаншалықты жаман, жақсы екендігінің ара-жігін айыра білу – ақылдың ісі. Оның жайы аталмыш қара сөзде былай баяндалған: «Ақыл: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады?», – депті. Өлең жолдарындағы «қашқанға да, қуғанға» деген – осы айтылып отырған ақыл мен қайраттың бірлігінің нәтижесі. Демек, жақсыға ұмтылдырып, жаманнан бас тарту – ақылдың еншісіндегі міндет. Абай ғұлама осы жақсылыққа негізделген ақылды «нұрлы ақыл» десе, жамандыққа бағытталғанын «суық ақыл» деп сипаттайды. Сөйтіп, ол адамдықтың белгісі ретінде суық ақылдан алшақ болуға шақырады. Бұдан әрі қарата жалғасып кете беретін:
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа? – деген жолдардағы «бастапқы екеу» – ақыл мен қайраттың бірлігі мағынасында. Егер адамның рухани дамуы осы екеуінің шегінен аспаған жағдайда суық ақылдың іс-әрекеті жанданады да, ақырында «жарым адамдық» деңгей қалыптасады. Жалпы саналы адами таным өлшеміне қарай пенде, адам, жарым адам және толық адам деп жіктеу – Абайдың «Толық адам» ілімінің жүйесіне тән ерекшелік. Бұл өлең жолдарындағы «жалын» – ана дүниедегі тозақтың оты, «мұз» деп отырғаны – бұл дүниедегі жарым адамның жасап жүрген іс-әрекеті, яғни тұрақсыз, тайғақ, қулық-сұмдыққа толы істер. Демек, кез келген адам ақыреттік өмірге барғанда әрбір ісі үшін жауапты болады. Сол арқылы әрбір жасалған амалдың сұраусыз болмайтындығы меңзелген. Осылайша, адами кемелділікте тек ақыл мен қайраттың деңгейіндегі сана биігінің жеткіліксіз екендігі мәлімделе келіп, осы екеуінің басын біріктіретін құдіретке жүректің ғана күші жететіндігі тұжырымдалады.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға, – деген тармақтағы «әділет» – ақиқат, шындық болса, «шапқат» – мейірім мағынасында. Бұлар – тікелей жүректің қасиеттері. Ар, намыс, әділдік, шынайылық, мейірімділік, рахым, қанағат, ізгілік нұры ұялаған ақылдың сипатына байланысты. Сондықтан нұрлы ақылдың деңгейін бағындырған жан ар ұялар іске бара алмайды. Нұрлы ақылы мен ыстық қайратын жылы жүрекке бағындыра білген адам ғана «толық адам» санатын құрайды. Он жетінші қара сөзде: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ…», – деп жүректің толғамы баяндалады. Жүректің кірлемеуі адам бойындағы қайрат пен ақыл бірлігінің нұрлы сипатына байланысты. Сондықтан да ақын үшеуінің айтысында төрелік етуші ғылымға үшеуін бірлікте ұстай отырып, жүрекке бағындыруға кеңес береді: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым». Осы үшеуі бір арнаға бас тоғыстырып, ортақ мақсатқа жұмылғанда ғана рухани кемелденген «Толық адамның» моделі қалыптасады.
Өлеңнің келесі жолдарында ақын кез келген істі ақыл таразысына салып, оның пайдалы жағына емес, арлы жағына көңіл бөле отырып, бос мақтанға салынбауға, тәкаппарлыққа жол бермеуге, өзгелердің күншілдігін қоздыратын іс-әрекеттер жасамауға шақыра отырып, әрдайым адал еңбек етудің маңыздылығын, әрбір басқан қадамның анық, нық болу керектігін айтады. Сонда ғана еңбегің зая кетпейді, ерте ме, кеш пе еленетінін баса айтады. Сондықтан әр адам өмірде, қоғамда өз орнын тауып, кетікке қаланған кірпіштей болу керек. Міне, осы айтылған қасиеттерді тал бойына тең дарыта білген жан ғана ҰСТАЗ деген құрметке лайық. Сондықтан да Абай:
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп тұжырымдайды.
«Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін талдау арқылы біз ұстаздық қызметтің ұлық мәртебе екендігінің жайын ұғындық. Ұстаз – білім алушыларды тек білім нәрімен қаруландырушы ғана емес, ең бастысы, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрегімен «Толық адам» моделін насихаттаушы тұлға. Ол – елге үлгі болатын, рухани кемелденген жан. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөз бар. Демек, ұстаздың елін, жерін сүйетін, рухани құндылықтарын құрметтейтін, барлық адамзатқа деген сүйіспеншілігі зор, бойында ар, ұят, намыс секілді қасиеттері бар білімді, саналы ұрпақтарды тәрбиелеуде алатын орны зор. Ал біздің қазіргі таңдағы ұстазға деген көзқарасымыз білім мен тәрбие беруші маман деген түсініктің шеңберінде шектеліп қалған. Сондықтан да ұстаздық мамандықтың бастауы оның қасиеті мен жауапкершілігін жете сезінуден бастау алуы қажет. Ал мұндай ұстаздан ел дегенде жанын берер нағыз көшбасшылар тәрбиеленіп шығатыны даусыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.