Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хайп атақ па, абырой ма?

0 395

Сіз жұлдыздардың әдейі ұйымдастырылған жалған конфликт, арзан әңгімелері туралы естуіңіз бар ма? Бұл біз білетін «қара пиардың» ушығып кеткен түрі – хайп. Дәл осы арзан атақ арқылы өзіне миллионнан аса оқырман жинап алғандар да бар. Сәйкесінше, сан соғып, бар абыройын желге ұшырып алғандарды да кездестіруге болады.

Хайп дегеніміз не?

«Хайп» сөзі ағылшынша «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөздің алғашқы әріптерінің алынуы арқылы жасалған термин, қазақша аудармасы «табысты инвестициялық жоба» деген мағына береді. Тағы бір баламасы тосын әрекетке бару арқылы көпшіліктің назарын аударту, таңғалдыру, халық арасында жалған жарнамасының арқасында талқыға түсу деп алуға болады. Хайп ең алғаш АҚШ-тан бастау алған. Америкалық Дуглас Рашкофф есімді медиамаманның жазуы бойынша, бұл сөздің түпкі мағынасы «тері астындағы ине» дегенді білдіреді екен. 1920 жылдары есірткіге тәуелділерге қолданылған. Ал қазіргі таңда назардан тыс қалудан қорқу және соған тәуелділік болып табылады.

Хайп біздің елімізде соңғы бірнеше жылда белең ала бастады. Бұл сөздің қазақша нұсқасын біздікілер «Атың шықпаса жер өрте» деп түсініп жүрген сияқты. Әлеуметтік желіде өзінің оқырмандарының санын арттыру мақсатында шоу-бизнес өкілдері, блогерлер арзан атақ үшін түрлі әрекеттерге бара бастады. Бірі сценарийге құрылған жалған конфликт шығарса, енді бірі жалған патриотизмді де көрсетті, тіпті тойда тамаданың жағасынан алып, ашық төбелеске шыққандар да бар, жалпы айта берсек көп.

«Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Думан Анаш бір сөзінде: «Беттің арын белге түйгеніңіз» не, белден де төмендеп, тізе мен тобықтың ортасына жетіп қалғанына куә болып жүрміз. Ілкіде шетелде болып жататын папараццилер өмірдің өзі, тек қоғамнан жасырынған шын бейнесі сияқты еді. Ал хайп сол папарацциді сценарий бойынша саналы түрде өзі тудырады», – деген екен. Қоғамда, расымен де, атақ қуып санын жалтыратқандарды да, ұлттық құндылықтарымызды қорлағанымен қоймай, жартылай жалаңаштанғандарды да көріп жүрміз.

Таэквондодан қара белбеу иегеріне арзан атақ не үшін керек?

Есі дұрыс, саналы өмір сүріп жүрген адамның бір сәтте «хайпожор» атануына не себеп? Олар қалыпты өмірден шаршады ма? Жоқ, психологиялық әлсіздік, дағдарыс осыған себеп болды ма?

«Мен таэквондодан қара белбеу иесімін және бала күнімде кәсіби түрде суда жүзумен айналысқанмын. Тенниске барған кездерім де болды, жарты жыл жылқыларға қарадым. Ер-тоқымсыз ат үстінде еркін отыра аламын», – депті Айжан Байзақова бір сұхбатында. Ал енді таэквондодан қара белбеу иегеріне арзан атақ не үшін керек? Ол өзінің бұл әрекетін «образ» деп түсіндіреді. Яғни Байзақова тек әлеуметтік желіде ғана осы образбен жүреді, ал өмірде мүлдем бөлек. Бірақ біз бұл мәселені жай ғана образ деп жылы жауып қоя алмаймыз ғой. Қазіргі таңда желі қолданушылар саны көп екенін білеміз, оның басым көпшілігі жасөспірімдер екені де белгілі. Енді осы жартылай жалаңаштанған хайпқұмарларды көру арқылы жастардың оларға еліктемесіне кім кепіл? Өйткені Айжан да өзінің осындай бейәдеп дүниелерді ғаламтор арқылы үйренгенін айтқан болатын. Иә, Айжан Байзақова ұмытылады. Бірақ еліктеушілер қалады ғой. Сондықтан арзан дүниеден аулақ болғанымыз жөн. Сонда әлеуметтік желіде «бұл жай ғана образ» деп беттің арын белге түйіп, етек көтеріп, төс ашып тұрып «өмірде ондай емеспін» деу, бәлкім, өз-өзін жұбату шығар, кім білсін?!

Хайп па әлде айып па?

Байзақовадан кейін тәнін жарнамалап, талқыға түскен Шырын Нарчаева болды. Ол ұлттық әшекейлерімізді тағып, жартылай жалаңаш суреттерін желісіне жүктей бастады. Оның бұл әрекетін ерсі ештеңесі жоқ дейтіндер де, құндылықтарымызды аяқасты етті дейтіндер де табылды. Бірақ Нарчаева бұл әрекетін хайп емес, шығармашылық деп түсіндіреді. Яғни ол осындай ерекше ракурстағы, басқа суреттерден өзгеше картиналарды ұнататынын жеткізді. 19 жасар қыз мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ұлттық валютамызды қорлап, онымен мұрнын сүрткен видеосы халық арасында дау туғызды. Қазіргі таңда оның парақшасындағы ұлттық киімдегі жартылай жалаңаш суреттері түгелдей дерлік алынып тасталған. Қазір тек жай ғана видеоблогинг ретінде ғана өз «Instagram» парақшасын жүргізуде. Бұл екі қызды да ел ішінде қорқытып, үркітетіндер жеткілікті. Дәл осылай ғұмыр кешу ертең қарттық жеңгенде де абырой әпермесі анық.
Ол шынымен Алаш идеясымен ауырды ма?

Келесі біздің кейіпкеріміз – Ахметбек Нұрсила. Ол 17 000 адамның психологиялық тұрғыдан өмірін өзгертіп, тренингтерінің арқасында 30 000 адамға өз кәсібін бастауға себепші болған. Ахметбек алдымен жұлдыздарды шегірткеге теңеді. Ол сөзі жастар арасында трендке айналды. Ол өзінің «Сен Алаш» атты партия ашатындығы туралы хабарлады. Бұл тұста тағы да халық пікірі екіге жарылды. Бірі қолдау білдірді, енді бірі сенімсіздік танытты. Халық сеніміне кіру мақсатында «Саяси дебат» ұйымдастырған кәсіпкер халық алдында өзін өте ерсі ұстады. Қанша адамның бизнес бастауда ұстазына айналған, жасы 60-тан асып, шашына ақ түскен азаматтың өзін сайқымазақ секілді көрсетуі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл әлі басы ғана екен. Сәл кейін бірнеше адамнан құралған қарулы топтың Ахметбекті күштеп алып кеткен видеосы тарап кетті. Әдеттегідей видео халық арасында резонанс туғызды. Бірақ бұл істің хайп үшін істеліп жатқанын түсініп те, байқап та қойғандар болды. Бір күннен кейін атышулы бизнесмен бұл сәтке 5 жыл бойы дайындалғандығын, видеода болған оқиғаның жалған екенін, барлығы танымалдылық үшін сценарийге құрылған дүние екенін мойындады. Десе де ол өз сөзінде: «Мен кейінгі 5 жылда Алаш идеясымен ауырдым. Күні-түні жатпай-тұрмай Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов сынды Алаш ардақтыларының сөзін, өлеңін жаттап, санама сіңірдім. Сонан соң өзіме серт бердім. Мен Алаш ардақтыларының жолын жалғастырамын. Біріншіден, ол үшін мен халыққа танымал болуым керек, екіншіден, менің соңымнан жүретін халықты дайындауым керек», – дейді.

Иә, ол өзі қалаған танымалдылыққа қол жеткізді. Бірақ өзінің қадір-қасиетінен, қаншама жылдар бойы жинаған абыройынан айырылды. Халық оған сенімсіздікпен қарай бастады. Әйтсе де, кәсіпкер «партия ашамын» деген ойынан қайтпады. Арзан атақ не керек? Елге келеке болған адамның артынан кім ереді? Енді ол жағы уақыт еншісінде.

Назардан тыс қалдырайық!

Негізі хайптың жүзеге асуына себепкер – қарапайым халық. Себебі ерсі дүние байқап қалса болды, бүкіл пабликтер ол видеоны немесе фотоны жарыса желіге салып жатады. Халық та сәйкесінше оны қызу талқыға түсіреді. Бұл арқылы танымалдылық үшін «хайпануть» еткен адам өзіне оқырман жинай бастайды. Қазіргі таңда хайптың ең оңай түрі – жартылай жалаңаштану болып алды. Мысалы, Айжан Байзақованы 1 млн 700 мың адам қарайды екен. Ескере кететін жайт, арзан контентке арзан аудитория бұйыратынын ұмытпаған жөн. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу адам ондай дүниеге әуестенбейді ғой. Бірақ арзан аудитория болсын, татымдысы болсын, ол арқылы жаңағы «хайпожорлар» ақша алып отырады. Иә, сіз хайп арқылы танымал бола аласыз, бірақ жоғарыда атап өткендей, сіз оның салдарынан абыройыңызды, қадіріңізді, адами құндылықтарыңызды жоғалтып алуыңыз бек мүмкін. Сондықтан арзан атақтан, арзан дүниеден аулақ болғаныңыз жөн. Кез келген нәрсенің шекарасы бар екені сөзсіз, ал сол шекараны бұзып өткені қаншама. Әлеуметтік желі тәрбиеңіздің әлеуетін түсіріп тастап жүрмесін. Сол сияқты хайп пен лайк қуып жүріп, алтынға бергісіз қымбатыңыздан айырылып қалмаңыз!

Қайрат ИЛМУРАДОВ,
ТарМУ-дың 1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.