Қалалық қоғамдық-саяси газет

Грузияда көз жұмған Әсел Айтбаеваның ісі бойынша күдіктіге сот үкімі шықты

0 315

Грузияда қаза тапқан қазақстандық Әсел Айтбаеваның ісі бойынша айыпталушы Мұрат Мейірбеков 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мұрат Мейірбеков «зорлау» және «адам саудасы» баптары бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот Мейірбековке барынша ауыр жаза тағайындады.

«Мұрат Бақытұлы Мейірбеков 120-баптың 1-бөлігі бойынша («зорлау»)  және қылмыстық кодекстің 128-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Адам саудасы») бойынша көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын.

ҚК-нің 120-бабының 1-бөлігі бойынша 5 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК – нің 128-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша – 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Барынша қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мейірбековтің жазасын өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген сәттен бастап, 2021 жылғы 15 мамырдан бастап қамауда ұстау уақыты 1 күн үшін 1 күн есебімен есептелсін», – деді судья.

Еске салайық, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті. Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген, онда ер адам оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады. Сонымен қатар  қыздың өлімін егжей-тегжейлі тергеу үшін Қазақстан ІІМ Грузияға өзінің тергеу-жедел тобын жібереді.

Қазақстандық бойжеткен Әсел Айтпаеваны зорлады деп айыпталған Грузия азаматы Бесик Тордуа түрмеде өлі табылған болатын.

Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да бар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.