Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Гитлер туған үйде полиция бөлімшесі ашылады

0 75

Аустрияда Адольф Гитлер дүниеге келген үйдің болашағына қатысты ондаған жылға созылған пікірталас аяқталды. Енді бұл ғимаратта полиция бөлімшесі орналасады.

AFP агенттігінің хабарлауынша, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 2026 жылдың екінші тоқсанында мұнда полиция жұмысын бастауы жоспарланып отыр.

Гитлердің отбасы 1889 жылы бұл үйдің екінші қабатындағы жалдамалы пәтерде тұрған. Көп ұзамай олар Аустрияның Браунау-ам-Инн қаласынан Бавариядағы Пассау қаласына көшіп кеткен. XVII ғасырда салынған ғимарат бастапқыда қала тұрғынының үйі болса, кейін Gasthof zum Pommer атты трактирге айналған.

Үшінші рейх кезеңінде ұлттық-социалистер «фюрердің туған үйін» насихат құралы ретінде пайдаланған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғимарат Поммер әулетінің меншігінде қалды, ал 1972 жылы оны Аустрияның Ішкі істер министрлігі жалға алды. Мұнда қалалық кітапхана, мектеп, кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шеберхана орналасқан.

2016 жылы тарихи нысанға қатысты оңтайлы шешім қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды.

Көпшілік мемориал ашуды ұсынғанымен, билік бұл идеядан бас тартты, өйткені ғимарат неонацистердің жиналатын орнына айналып кетуі мүмкін деген қауіп болды.

Ақырында Аустрия парламенті нысанды мемлекет меншігіне алу туралы заң қабылдады. Иесіне шамамен 810 мың еуро өтемақы төленді. Қайта құру жұмыстарына шамамен 20 млн еуро жұмсалады. Үкіметтің мақсаты — бұл орынды «бейтараптандыру». Мұнда полиция бөлімшесімен қатар адам құқықтары бойынша оқу орталығы да ашылады.

Аустрия Ішкі істер министрлігі бұл шешімді Германияның Бавария аймағындағы тәжірибемен байланыстырады: Мюнхендегі Принцрегентенплацтағы Адольф Гитлердің бұрынғы пәтерінде 1949 жылдан бері Бавария полициясының түрлі бөлімшелері орналасқан.

inform.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.