Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Газет дәуірі жылдармен емес, күндермен жасалады

0 65

 

Ерман ӘБДИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі.
2008-2018 жылдар аралығында «Жамбыл-Тараз» газетінде тілші,
бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарған

2008 жылдың сәуірі болатын. Алдында біраз жұмыссыз жүріп қалып, дүкен ашып, қала берді той-томалақта асаба болып жүргенмін. Бірде Болат ағам Бекжанов хабарласты.

– Қайдасың?

– Дүкендемін, аға!

– Ертең таңертең қалалық ішкі саясат бөліміне кел, – деді ағам нығыздап.

Жапарқұлда жан бар ма? Таңертең жетіп бардым. Ол кезде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы – Әбдикрам Әбдімомынов. Барсам, Бөкең екеуі шәй ішіп отыр екен.

– Мына бала ма? – деді Әбекең.

– Иә, – деді Бөкең.

– Бұл баланы танимын ғой, – деді Әбекең, отыр дегендей орындықты нұсқап.

Ол кісі қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің редакторы Эльмира Мырза-Ғалиға телефон шалды. Сөйтіп, сәуір айының басында қалалық газеттің тілшісі болып шыға келдім. Марқұм Еділ Әлиев – бас редактордың орынбасары. Бұл жылдары қалалық газет аптасына бір рет, екі тілде, яғни қазақ және орыс тілінде жарық көретін. Еділ аға қазақ бөлімі бойынша орынбасар. Жауапты хатшы да өзі. Әрине, ол кісіден үйренгенім көп болды.

Қалалық газет болғандықтан, ақпараттың легі – қаланың қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік өміріне қатысты материалдармен толысып жатады. Аптасына бір рет жарық көретін басылымның бетінде қала тыныс-тіршілігі айшықталып жататын. Бүгінгідей ғаламтордың көз ілеспес жылдамдығы жоқ ол кезде. Керекті ақпаратты керекті бөлімге барып аласың, болмаса сол бөлімнің мамандары жеткізіп береді. Қағаз күйінде келген ақпарат теріледі, өңделеді, сүзгіден өтіп барып жарық көреді. Газеті күні таңға дейін жүрген уақыттарымыз да болды.

Мен бұл басылымда он жыл еңбек етіп, тілші, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы жолынан өттім. Эльмира Инаятқызы декреттік демалысқа шыққанда бас редактордың міндетін уақытша атқару маған жүктеліп тұрды.

Қалалық газетте еңбек еткен жылдары қаланы басқарған Ілияс Тортаев, Ертарғын Астаев, Рүстем Дәулет, Бекболат Орынбеков сынды әкімдермен етене еңбек етіппін.

Ұмытпасам, 2010 жылдары (ол кезде бас редактордың міндетін атқарушымын) ұжыммен ойласа келе, газет ішінен газет, яғни кітапша шығардық. Өйткені газет бетінде тек ақпараттық сарындағы материалдар жиі жарияланып, оқырмандарға ұсынатын материалдарымыз қалып жатты. Бұл да ұтымды жол болды. Редакция қызметкерлерінің еркін тақырыптағы материалдары мен тұрақты оқырмандардың жазбалары жарияланып тұрды.

Айтпақшы, Рүстем Дәулет қала әкімі болып келгенде газетті аптасына екі рет шығару жөнінде ұсыныс тастады. Және оған тиісінше қаржы бөлуге көмек көрсетті. Есімде қалғаны, бюджетіміз томпайып қалып еді сол жылдары. Әйтпесе, газетке жанашыр әкімдердің аз екені белгілі ғой.

2011 жылы ақпан айында басылымның 15 жылдығын өткіздік. Ол кезде Болат Бекжанов редактор, ал Эльмира Мырза-Ғали директор кезі. Бөкең бұл атаулы күнге бар дайындығымен келді. Ұжым болып жоғары деңгейде атап өттік. Ол кезде Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын ағалардың көзі тірі. Барлығы мерейтойдың қонағы болған-тұғын.

Сол кезеңдерде Арғынбай Бекбосын ағамыз «Газет атауы неге «Жамбыл-Тараз»? Мүмкін ел талқысына салып көрерміз. Жаңа заман, жаңа атау керек» – деп ой тастаған еді. Сонда Арғынбай ағаның ұсынған атауы «Тараз таңы» болатын. Дегенмен, көпшіліктің талқылауынан кейін бұрынғы атауымызда қалдық.

Қалалық газеттің бір ерекше дәуірі – Болат Бекжанов редактор болған тұс. Елдің көзі үйреніп қалған газеттің макеті де, ішіндегі тақырыптар мен айдарлар да 180 градусқа өзгерді. Газетті жаздырып алатын оқырмандардың саны артты. Қалалық бөлім басшылары «біздің бөлімді қай жағынан сынады екен?» деген күдікпен жүретін күн туды. Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге ашық бардық. Мәселе, сын әр сан сайын газет бетінде айшықталып, нөмір сайын берілетін болды. Шындығында, бұл журналистердің әлеуетін көтерді, тақырып іздеуге еркіндік берді. Мойындау керек, бұл Болат ағаның редактор болып тұрған жылдардағы жағдай еді.

Жалпы, осы газетте еңбек етіп жүрген жылдар ішінде талай қызықтар өтті бастан. Бірақ ұжымның ауызбіршілігі, ұйымшылдығы, бітімгершілігі өз дәстүрінен айнымады. Бұл бұған дейін де қалыптасқан жол болатын. Бүгінде сол жол өз арнасынан айнымай жалғасын тауып келеді. Бұл дәстүрлі журналистика өкілдерінің қалыптасқан ортасының даңғылына айналған жол десек, қателеспеген болар едім. Өйткені кешегі аға буын бастаған жолды бүгінде жастар жалғастырып отыр. Яғни, «Жамбыл-Тараз» өз биігінде, сабақтастығын үзбеген өткелінде келеді.

Әрине, біразының есімдерін ұмытсам кешірім сұраймын, мұнда Мейрамбай Сатыбалдиев, Сапарғали Әлібай, Еділ Әлиев, Көкен Оршабеков, Болат Бекжанов, Досымжан Төлеуішев, Телғара Үсенбаев, Дархан Байтуов, Бақытжан Ойшиев, Талғат Талапұлы, Сәуле Сейдахметова, Гүлнар Есмаханова, Эльмира Мырза-Ғали, Жанат Қапалбаева, Құралай Сейсенбекқызы бастаған жолды бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде, жергілікті басылымдарда және осы қалалық газеттерде еңбек етіп жүрген жастар жалғап отыр. Олардың қатарында Өркен Кенжебек, Хамит Есаман, Дәулет Төленді, Нұржан Қадырәлі, Эльмира Байназарова, Индира Байқонысова, Наурызбек Саршаев, Арайлым Шабденова, Толғанай Атабай, Саятхан Сатылғанов сынды азаматтардың есімдерін ерекше айтар едім.

Сондай-ақ осы басылымда етене еңбек етіп, қызықты күндерді бірге өткізген Жарқын Балқыбекова, Айдын Байділдаева, Әдемі Өмірбекова, Алтынай Әлімқұлова, Жанат Садырбаева, Ұлбосын Балапанова, Жақсылық Киждуанов есімдері де мен үшін ыстық. Ол кездерді сағынышпен еске аламын.

Биыл қалалық газеттің мерейлі 30 жылдық тойы. Той тойға ұлассын, әріптестер! Алар асуларыңыз биік, бағындырар белестеріңіз биік болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.