Қалалық қоғамдық-саяси газет

Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз

0 251

Ауыл десе елең етпейтін қазақ жоқ. Себебі ауыл – кез келген қазақ баласы үшін қасиетті қара шаңырақ, кіндік қаны тамған киелі мекен. Ол – ұлтымыздың дәстүрі мен ділінің ордасы. Сондықтан ел ертеңінің жарық болуы үшін ауылдардың бойына нәр жүгірту аса маңызды. Ол үшін елді мекендерді бүгінгі заманның талабына сай көркейтуіміз қажет.

Әрине, кез келген ауылды инфрақұрылым өрістетеді. Осы бағыттағы қоғамның игілігіне бағытталған істердің нәтижесін халық көруде. Бұл, әрине, халықтың тұрмысы түзеліп, еңсесі тіктелгенін айқындайды.

Жайылмада жемісті жұмыстар жетерлік

Табыстың тайқазанын тасытқан саялы Сарысу бүгінде берекесі кірген шырайлы өңірге айналды. Әсіресе Жайылма ауылындағы жемісті жұмыстар көрген жанның көзін сүйсінтіп, жанын жадыратады. Бүгінде ауылдық округке Жайылма, Қызылдихан, Маятас және Ақтам сынды 4 елді мекен кіреді. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева секілді саңлақтарды түлеткен ауыл «Ауыл халқының табысын арттыру» бағдарламасын іске асыру үшін таңдалған санаулы елді мекеннің бірі. Округ әкімі Жандарбек Смағұловтың айтуынша, аталған бағдарлама аясында жалпы құны 925,9 миллион теңгеге 164 жобаны іске асыру жоспарланған.

– Бағдарламаның негізгі 5 бағыты бойынша нәтижелер көңіл қуантады. Айталық, жобаға дейін 328 аула егістік жер игерілсе, жобадан кейін 514 ауланың егістік жері игерілді. Осылайша игерілетін егістік алқап 20,2-дан 24 гектарға жетіп, жалпы алынатын өнім 524,6 тоннаны құрады. Жобадан кейін бір отбасының жылдық табысы көлемі 76,3 мыңға артты. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі егістік жерлерін игеру мақсатында 4 миллион теңгеге өтінім тапсырылып, 3,6 миллион теңгесіне қол жеткізілді. Сонымен қатар 121 аулада 1000 тұп алма ағашы отырғызылды. Бұған қоса жобаға дейін 492 аула мал шаруашылығымен айналысса, жобадан кейін 514 аула мал шаруашылығы арқылы кәсіптерін жүргізуде. Бүгінгі күнге жалпы ауладағы мал басының саны 10 101-ден 12 270 басқа жетіп отыр. Осы бағыт бойынша 1,3 миллиард теңгеге 193 өтінім «Тараз» ӘКК-не тапсырылған. Жалпы өтінім құжаттарының ішінде 150 құжат жалпы мөлшері 673.9 миллион теңге несиеге қол жеткізілді. Сонымен қатар Жайылма ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 12 отбасының, ішінде 3 отбасы несие алып кәсіптерін жасауда. Қалған 9 отбасы несие алудан түрлі себептермен бас тартқан. Бұдан бөлек, 45 өтінім «Тараз» ӘКК тарапынан қайтарылды.

Пилоттық жоба бойынша құрылған кооперативтің 248,3 гектар егістік, 18,9 гектар жайылым жері бар. Бүгінде егістік жер 558 гектарға жеткізілді. Бұл бағытта кооператив 23,8 миллион теңгеге өз қаражаты есебінен 45 тонна тұқым, 20 тонна тыңайтқыш, 35 тонна жанар-жағармай алып, 230 гектардан астам жер жыртылып, тұқымдар себілді. Ауылдағы 12 ұсақ шаруа қожалығы кооперативпен бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіруде. Нәтижесінде, қосымша 300 гектар егістік, 464 гектар шабындық, 10 468 гектар жайылымдық жер кооператив құрамына біріктіріліп жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ құрылған кооперативті жабдықтауға 20 дана ауыл шаруашылығы техникасын  алу жоспарланды. Бүгінгі күнге «МҚҰ-Тараз» ұйымы арқылы 140,8 миллион теңгеге 20 дана техникаға қолымыз жетіп отыр. Тұрғындардың өз кәсібін ашуына келсек, 7 азамат 40,8 миллион теңге болатын жобаларды іске асыру көздеуде. Осылайша өз кәсібін бастауға бүгінгі күнге 18,9 миллион теңгеге 4 өтінім «Тараз» ӘКК-на өткізіліп, қаралуда, – дейді Жандарбек Бекболатұлы.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында да ауылда атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Мәселен, жоба шеңберінде жеке кәсіпкерлер саны 63 тен 266-ға артса, жұмыссыздар саны 31 азаматтан 12 азаматқа азайған. Осылайша қосымша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың да саны көбейген. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың да қатары кемуде.

Ауыл ажарын айшықтап, халықтың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Атап айтсақ, Жайылма ауылдық округіне қарасты Ақтам елді мекеніне балалар ойын алаңшасы салынып қолданысқа берілді (Жоба құны – 5 259 000 теңге). Сондай-ақ Жайылма және Маятас ауылына кіре берісінде «Жасыл белдеу» қоршау жұмыстары толығымен аяқталды (Жоба құны 5 992 000 теңге). Бұған қоса Т.Рахым мен Жаңа көшесі аралығына 2,5 шақырым жол орта жөндеуден өткізілуде (Жоба құны – 70 000 000 тенге). Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қызылдихан ауылының көшелері самаладай жарқырайтын күн жақын. Бүгінде бұл жобаға қазынадан 12 310 000 теңге бөлінген.

Ауылдан шыққан атымтай өздерінің кіндік қаны тамған туған өлкелерін бір сәтке де естен шығарған емес. Олар қолдарынан келгенше ауылға демеушілік көрсетіп тұрады. Мысалы, Құрбан айтқа орай ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен, ауылдың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындардың қолдауымен Жайылма ауылында 4 сиыр мен 43 бас уақ малдарды құрбандыққа шалынып, шикідей еттері 68 аз қамтылған және көп балалы отбасыларына таратылып берілді. Сондай-ақ Жақсылық ата ұрпақтарының демеушілігімен 10,5 миллион теңгеге «Ізгілік» саябағы пайдалануға берілсе, Досым ата ұрпақтарының қолдауымен құны 9,3 миллион теңге болатын «Достық» саябағы есігін айқара ашты. Енді қыркүйек айында «Мәңгілік ел» монументі ашылмақ. Мұның құрылысын Жабал ата өз демеушіліктерімен 10 миллион теңгеге жүргізуде. Қазақтың «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалы осындай азаматтарға арнап айтылса керек.

Ауылда «Асарлатып үй салу» жобасы да өз жемісін беруде. Аталған бағдарлама шеңберінде 2020 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, толық емес отбасы Айгүл Абажановаға 7 бөлмелі үй салынып берілсе, 2021 жылы Жайылма ауылы, Қ.Байзақов көшесі, № 24 үйдің тұрғыны толық емес отбасы және көп балалы ана Мая Баймағамбетоваға 5 бөлмелі үйдің кілті табысталды. Сонымен қатар қайырымды азаматтарды қолдауымен былтыр Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы және аз қамтылған отбасы санатына жататын Күләш Кетпенбаеваға арнап 7 бөлмелі үй салынып берілсе, биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасы санатына жататын Руслан Елшібаевтың Қ.Байзақов көшесі, №29 үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда. «Жомарт түлек» жобасы аясында да Жайылмада ілкімді істер қолға алынуда. Мысалы, Әйтеке би мектебін бітіргеніне 40 жыл толған түлектер оқу ордасының мәжіліс залын 1 050 000 тенгеге 120 дана жаңа орындықпен жабдықтаса,  30 жылдық түлектер білім ордасына картина тарту етіп, ауыл тұрғындарына футбол ұйымдастырып, «Сақтаған Ата» атшабарында бәйге өткізді.

Округте ауыл шаруашылығы малдарына сырға салынып қозғалысы статистикалық есепке алынған, тұрақты қадағаланып отырады. Шаруа қожалықтары мен жеке ауладағы малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша, эпизоотияға қарсы емделуде. Бұған қоса Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қорғау, кене шағудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары да жоспарлы жүргізіліп отырады екен.

Ақкөлдегі айшықты істер

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан аман қалған ауылдар бүгінде жаңаша кейіпке еніп, заман ағымына сай түрленіп келеді. Бұл да тұғырлы тәуелсіздігіміздің арқасы. Мұндай елді мекендерді санамалағанда ойымызға әуелі Талас ауданының Ақкөл ауылдық округі оралады.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың әлі де ажары кетпеген, тұрмысы түзу. Округ бойынша 1 елді мекен, 411 аула, 2 287 адам бар. Оның ішінде экономикалық белсенді – 900, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 301, зейнеткерлер – 278, жастар 244 адамды құрайды. Сондай-ақ ауылда 2 орта мектеп,1 балабақша, 1 спорт, 1 өнер ордалары, 1 өрт сөндіру бекеті, 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 10 орындық терапия бөлімшесі, типтік үлгідегі мәдениет үйі, кітапхана, почта, «Қазақтелеком» және электр бөлімшелері, ветеринариялық пункт, 1 мешіт, учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар 1 шағын маркет, 11 азық-түлік дүкені, 2 көлік желімдеу және жуу орталығы, 1 автобөлшек дүкені, 1 ветеринариялық дәріхана, 1 наубайхана, 1 жанар-жағармай және 1 газ құю бекеті, 1 шаштараз, 1 малға жем дайындау орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Ауылдағы 411 үйдің 243-не телефон байланыс орнатылған және 231 үй интернет жүйесіне қосылған. Сонымен қатар ауылдағы әлеуметтік мекемелер талшықты-оптикалық байланыс желісінің қызығын көруде.

Ауылдық округ бойынша барлық жер көлемі – 75 785 гектар. Оның ішінде елді мекен жері – 3 463, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 66 621, оның ішінде егістік жер – 853, шабындық – 1 067, жайылымдық – 64 216, бөгде жер 484 гектарды құрайды. Бұған қоса ауылдық округ маңындағы жайлымдық жерлерді пайдалану бойынша 5 шаруа қожалықпен 8 761 га жерге меморандум жасалды.

Ауылда асыраушы сала алға озуда. Соның жарқын дәлелі – ірі қара малы 2 127 бас, 101 пайызға, қой-ешкі 22 756 бас, 101 пайызға, жылқы 1 085 бас, 110 пайызға, түйе 429 бас 121 пайызға, үй құстары 857 бас 106 пайызға өскен. Ауылдық округ бойынша жалпы мал басы санында да өсім бар. Ендігі мәселе – мал басын асылдандыру. Былтырғы жылы 5 шаруа қожалық айналысса, биылғы жылы 7 шаруа қожалық мал басын асылдандыру жұмыстарына кірісуде.

Округ әкімі Жандос Ратовтың айтуынша, ауылда кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп келеді екен.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 азаматқа қолдау көрсетілді. Жеке кәсіпкер С.Назарбеков кірпіш шығаратын құрал-жабдықтарын алып, үй іргесінен шағын цех ашты. Жеке кәсіпкер М.Базарбаева сервистік қызмет көрсету орталығына қажетті құрал жабдықтар алып тұрмыстық техникаларды жөндеумен айналысуда. А.Әбділда мар бордақылау алаңын ашып кәсібін жүргізуде. Жер мәселесімен өтініш білдірген  жеке кәсіпкер Ж.Бейлов орталықтан жер алып автобөлшектер дүкені мен май алмастыру бекетін іске қосты. Осылайша кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 11 азаматқа қолдау көрсетілді. Жеке кәсіпкер К.Қасымбекова да 2,4 миллион теңге несие алып, әлеуметтік дүкен ашты. Ал «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Лаура Сейдуалина 30 миллион теңге несие алып, жемхана сыйымдылығын 1 000 тоннаға дейін ұлғайтып 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Сондай-ақ «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында Мұстафаева Сандуғаш 5 млн тг кепілсіз несиеге қол жеткізіп, дүкенін ұлғайтуда. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 5 азамат 37,2 миллион теңге несие алып, 38 бас жылқы, 13 бас мүйізді ірі қара, 194 бас уақ мал сатып алды.

Бұқараға берері мол мемлекеттік бағдарламалар ақкөлдіктердің әлеуетінің артуына сеп болуда. Айталық, «Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша денсаулық сақтау саласында 14 маман көтерме жәрдемақыларын алса, мемлекеттік қызмет саласында 1 маманға тұрғын үй алу үшін несие берілді. Сонымен қатар, қосымша 3 маманға сұраныс жолданды. Бұдан бөлек, мектеп түлектерін, жергілікті кәсіпкерлерді және ауылдан шыққан белгілі танымал азаматтарды тарта отырып ауылды көркейту, абаттандыру бойынша «Жомарт түлек» жобасы аясында 1993 жылғы және 2003 жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен 4,2 миллион теңгеге 2 отбасына баспана кілті табысталды. Бұған қоса 1993 жылғы мектеп түлектері 1,2 миллион теңгеге Ақкөл орта мектебінің ауласына екі самалжай (беседка) орнатып берді.  Ал «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 2013 жылғы мектеп бітірген түлектердің демеушілігімен 1 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Демеушілердің көрсеткен көмегі тек бұлар ғана емес. Атымтай азаматтардың арқасында үлкен футбол алаңына газон егіліп жарық шамдары орнатылды, жазғы күрес алаңының шатыры ауыстырылды. Сонымен қатар жаңа мешіттің құрылысы жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының бастамасымен мешіттің қоршауын ауыстыру және мешіт аумағын абаттандыру да қолға алынуда, – дейді округ әкімі.

Ауылдық округте билік пен бұқара арасында берік байланыс орнатылған. Айталық, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауыл тұрғындарымен 31 жеке қабылдау өткізіліп, нәтижесінде 22 ұсыныс-пікір назарға алынып, шешімін тапқан. Бұған қоса, тұрғындар өздерін толғандыратын проблемалар бойынша арыз-шағымдары мен талап-тілектерін «Е-өтініш» ақпараттық жүйесінің көмегімен де жолдай алады. Есепті мерзімде ақпараттық жүйе арқылы 14 өтініш тіркеліп, жауаптары мерзімінде берілген. Билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың арқасында ауыл тұрғындары тарапынан берілген өтініштер мерзімінде шешімін табуда. Жалпы тұрғындардың қатысуымен 3 кездесу, жиналыстар өткізілген.

Әкімдіктердің тұрғындармен кері байланысының ұтымды тәсілдерінің бірі – әлеуметтік желі. Осыған байланысты әкімдіктің «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары ашылған. Тұрғындар тарапынан жазылған ұсыныс, пікір және сұрақтар бақылауға алынып, дер кезінде жауаптары беріледі. Сонымен қатар ауылдағы белсенді тұрғындардың қатысуымен уатсапп мессенджерінде арнайы топ ашылған. Топта тұрғындар тарапынан айтылған ой-пікірлерге тұрақты түрде мониторинг жасалады. Ауылдық округ әкімі аппаратында 5 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 2023 жылы «Елді мекендер шегінде обьектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік стандарты бойынша 10 қызмет көрсетіліп, тиісті шешімдері шығарылған.

Ақкөлде инфрақұрылым мәселелері шешімін тапқан. Мысалы, М.Әуезов көшесіне жуырда 1,8 миллион теңгеге көше жарығы жүргізілсе. Д.Қонаев көшесінің бойына жасыл белдеу орны белгіленіп, 1,2 миллион теңгеге сырты қоршалып, қажетті су сорғылар орнатылып, тамшылатып суғару әдісімен 500 түп қара тал егілген. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, ауылдың кіре беріс көшелеріне 300 мың теңгеге екі жерден жасанды жол кедергілері, әкімдік ғимаратына 395 мың теңгеге пандус орнатылған. Сондай-ақ Д.Қонаев монументі 2,8 миллион теңгеге абаттандырылса, 8,7 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы бөлімі қоныстанған ғимараттың шатырын ауыстыру жұмыстарын жүргізілуде. Сонымен қатар ауыл ішілік газ құбырын тарту жұмыстары  бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, «Ремстрой» ЖШС жеңімпаз атанды. Келісімшарт құны – 296,8 миллион теңге. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақ Отау көшесі мен екі мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Осылайша, Ақкөлде атқарылған жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр. Енді округте келешекте «Ақ отау» көшесінің көше жолдарын асфальттау және абаттандыру, Ойық пен М.Әуезов және  Д.Қонаев пен Еңбек Ерлері көшелері арасындағы жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) жөндеу көзделуде. Барлығының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.