FIFA президенті Джанни Инфантино телефон арқылы Мексика президенті Клаудия Шейнбауммен сөйлесіп, елдің биылғы футболдан әлем чемпионатын табысты өткізе алатынына сенім білдірді. Бұл туралы FIFA президенті өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
«Бүгін Мексика президенті Клаудия Шейнбауммен тамаша әңгіме өрбіді. Біз қабылдаушы елге толық сенім білдіретінімізді тағы да жеткіздім. Бүгінгі күнге дейінгі ең ауқымды әрі инклюзивті FIFA әлем чемпионаты болғалы отырған бұл турнирдің барлық жоспарланған матчтарын асыға күтеміз», деп жазды Инфантино Instagram әлеуметтік желісінде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін Мексиканың федералдық қауіпсіздік күштері Халиско штатының астанасы Гвадалахарадан шамамен 130 шақырым оңтүстікте орналасқан Тапальпа елді мекенінде «Халиско жаңа буыны» (CJNG) картеліне қарсы әскери операция жүргізді.
Қақтығыс барысында CJNG жетекшісі «Эль Менчо» лақап атымен белгілі Немесио Осегера Сервантестің көзі жойылғаны хабарланды.
Операциядан кейін, болжам бойынша қылмыстық топтың қарымта әрекеті ретінде, Халиско штатында және елдің бірқатар өңірінде жолдар жаппай жабылып, автокөліктер мен коммерциялық нысандар өртелді.
Халиско штатының билігі тұрғындарды үйлерінде болуға шақырып, қоғамдық көлік жұмысын тоқтатты және қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерге байланысты «қызыл дабыл» режимін енгізді.
«Эль Менчоның» көзін жоюдан кейінгі зорлық-зомбылық толқыны салдарынан 73 адам қаза тапты, олардың ішінде 25 құқық қорғау органдарының қызметкері бар.