Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Фемида» – белсенділік пен білімнің ұйытқысы

0 287

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Экономика және құқық» факультеті жанынан құрылған «Фемида» жастар ұйымы бүгінде құқықтық мәдениетті қалыптастыруда, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруда айтарлықтай рөл атқарып келеді.

2010 жылы құрылып, 1 мыңнан аса адамды қамтыған «Фемида» бүгінде құқықтық бағыттағы ең ауқымды жастар ұйымдарының біріне айналды. Ұйым құрылған алғашқы күннен бастап жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық көзқарасын қалыптастыру және қоғамдық белсенділігін көтеру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.
Биыл ұйымның құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымның негізін қалаған Асылхан Кенжебекова бірлестіктің тарихы мен жетістіктерін қамтитын арнайы кітап жазып шығарды. Жуырда ұйымның экс-төрағалары мен өзге де құрметті қонақтардың қатысуымен аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шара «Фемиданың» тарихына құрмет көрсету әрі жаңа буын белсенділеріне шабыт беретін маңызды сәттердің бірі болды.
Бүгінде ұйым құрамында 30-дан астам белсенді студент бар. Ұйым көптеген мазмұнды әрі әсерлі іс-шараларымен көзге түсіп жүр. Жыл басында оның мүшелері арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, құқықтық ақпараттар кеңінен насихатталды. Сонымен қатар Жамбыл облысы Полиция департаментімен бірлесе отырып «Полициямен бір күн» атты танымдық тренинг ұйымдастырылды. Бұл шара жас буынға ішкі істер органдарының қызметімен танысып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырды.
«Фемида» ұйымының жастары түрлі спорттық жарыстарға да қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл ұйымның жан-жақты дамуға бағытталғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, ұйым белсенділері Алматы қаласында ҚР ІІМ Алматы академиясының ұйымдастыруымен өткен екі күндік форумға қатысып, құқықтық білімін жетілдіруге, салалық тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік алды.
Ерекше атап өтер жайт, ұйым аясында тәжірибелі спикерлер әртүрлі тақырыптарда тұрақты кездесулер өткізіп тұрады. Бұл шаралар құқықтық, әлеуметтік және кәсіби бағыттағы өзекті мәселелерді қамтып, студенттердің жан-жақты білім алуына ықпал етуде. Сондай-ақ ұйым прокуратура, полиция және өзге де құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта түрлі кездесулер мен практикалық іс-шаралар ұйымдастыруда.
Қазіргі таңда «Фемида» – жастардың құқықтық санасын арттыруға үлкен үлес қосып, ел болашағына бей-жай қарамайтын белсенділердің басын бір арнаға тоғыстырған орталық. Құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіптің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бұл ұйым заң саласына қызығушылығы бар жастар үшін де үлкен мектеп екені даусыз.

Диана ЖҰМАХАНОВА,
«Фемида» жастар ұйымының төрайымы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.