Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Фәни-Құбылыс» оқырманға жол тартты

0 580

Кеше «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаманның «Сағыныш» атты жыр кеші өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ақын, «Түрксой» жазушылар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, жергілікті қаламгерлер, ақын-жазушылар, әріптестері мен оқырмандары қатысты. Кешті халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Президент Кубогы және Гран-При иегері атанған ақын, жерлесіміз Ерлан Жүніс жүргізді.
Жыр кешін ақынның өлеңдерінен поэтикалық-композициялық көрініспен ашылды. Шара барысында аймақ басшысы Жамбыл жұртшылығын жаңа жыр жинағының жарыққа шығуымен құттықтады.
– Жыр алыбы Жамбылдың атымен аталатын облыста руханият пен мәдениетке барынша көңіл бөлініп, осындай шығармашылық кештер жиі өтуі заңдылық. Әсіресе соңғы жылдары өңірде бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы жергілікті қаламгерлердің 24 кітабы жарық көріп, оқырмандарына жол тартты. Жамбылдық ақын-жазушылармен кездесу барысында «Әулиеата кітапханасы» сериясымен жинақтар шығару туралы ұсыныс айтылып, бастама биыл жалғасын таппақ. Сонымен қатар аймағымызда қаламгерлердің, өнер адамдарының мерейтойларын атап өту, шығармашылық кештерін өткізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа да жобалар, жоспарлар, қаламгерлерді қолдау шаралары қолға алынып отыр. Жалпы Жамбыл облысы – ұлт мәдениетіне көптеген көрнекті тұлғаларды берген қасиетті мекен. Солардың жалғасындай болған Хамит Есаманның қазақ әдебиетінде алар орны биікте болатынына сенімдімін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Келесі кезекте аймақ басшысы Ұлықбек Есдәулет және Нұржан Қуантайұлымен бірге «Фәни-Құбылыс» жыр жинағының тұсауын кесті. Төрт бөлімнен тұратын кітап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген. Ақынның жыр жинағына жаңа жазылған бірқатар шығармалары енгізілген. Мұнда ақын адам, қоғам, заман туралы ойларын өлең тілімен өрнектейді. Азаматтық лирикамен қоса, махаббат, балалық шақ тақырыбындағы жырлары да қамтылған. Сонымен қатар бірқатар поэмалары да топтастырылған.
Содан соң Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Маралтай Райымбекұлы, Нұржан Қуантай, Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Шырын Мамасеріковалар өз тілектерін білдірді. Әбиірбек Тінәлиев пен Мерей Әбуева тамылжыта ән орындап, жинақ авторы Хамит Есаман таңдаулы туындыларын оқыды. Сондай-ақ көрермендердің ішінен өлең оқитындарға да кезек берілді.
Хамит Есаман – әдебиет әлеміне өзіне тән ерекшелігімен келген ақын. Ол 1986 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Өңіріміздегі ақындар көшінің басында тұрған ол өзінің өміршең шығармаларымен Әулиеата елінің рухани-мәдени өміріне зор үлес қосып, туған жердің атын алысқа танытқан талант иесі. Ақынның 2008 жылы «Жалын» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасында басылған «Қараша хаттары» аталатын жыр жинақтары өлең сүйер қауымның сүйікті шығармаларына айналды. Енді олардың қатарына «Фәни-Құбылыс» та қосылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.