Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ежелгі Тараз – мәңгіліктің қаласы

0 8  810

«Тараз – өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы киелі де қасиетті желі, мәңгіліктің бейне нышаны»…
  Н.Ә.Назарбаев.

Ұлы Дала! Бабаларымыздың Еуразия құрлығындағы жарқын іздерінің көрінісі осы Ұлы Далада жатыр. Бұл – ақиқат. Тарихын тасқа қашап жазған Түркілердің Шығыс пен Батыс аралығындағы көптеген елдердің мәдениеті мен өркениетіне әсер етіп өркендеткені және өздері де сол елдердің салт-дәстүрін өздеріне сіңіре отырып, қабылдағаны да рас. Бұл – әлемдік өркениеттің алма-кезек алмасып отырар табиғи құбылыс екенінің дәлелі. Иә, бабаларымыз да осылай өз мәдениетін өзгеге берді, өзгеден де алды. Бірақ, Түркі мәдениеті, Түркі өркениеті ешқашан өшкен емес, қайта жарқыраған жарық күндей шұғыласын жан-жаққа шаша отырып, әлемдік мәдениеттің ұлы бөлшегіне айналып, даланы да иеленіп, қаланы да салып, қос мәдениеттің ұлы иесі атанды. Осындай қалалық өркениетінің бірі әрі бірегейі 2000 жылдық тарихымен Түркілік мәдениеттің символына айналған – қасиетті Тараз қаласы еді.

Тараз қаласы – тарихтың даму барысында өзіндік ерекшілігі бар көне қалалардың бірі. Сан ғасырлар тарихтың құпиясын бойына жиып жатқан осы қала туралы парсы тілінде жазылған көне жазбаларда деректер сақталған. Оларда қаланың атауы «Тараз», «Талас», «Банки», «Ианги» немесе «Ианки» деп аталғаны жөнінде мәліметтер кездеседі.


Сол замандардағы Тараз қаласына келіп-кеткен тарихшылар, географтар, жиһанкездер бұл қала туралы өз ойларын қағаз беттеріне түсіріп тамсана жазғандары бізге жетіп отыр. Алғаш Тараз қаласы туралы 568 жылы жазбаға түскен Византиялық деректен кейінгі 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян: «Таразда әртүрлі елдердің көпестері тұрады» деп суреттесе, ІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы» деп жазған. Ал Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хау-каль: «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазған. Тағы бір Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси: «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, оның оры, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Медина (шахристан) қақпасы алдында үлкен өзен (Талас), оның арғы жағында қаланың бір бөлігі, оған қарай өткел бар. Жұма мешіт базар ортасында» деген. Махмұд Қашғари болса «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде: «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады. Міне, осылайша Тараз қаласына қатысты көптеген деректерден қаланың сол кездегі бейнесін анық көреміз.

Бірақ ешқайсысы қаланың нақты орны туралы ешқандай дерек қалдырмаған. Тек Л.Н.Гумилев қана өзінің «Хундар» атты ғылыми-зерттеу кітабында: «Талап алынған мол олжаны енді сақтайтын орын қажет болады. Талас өзенінің алқабынан Шөже өзі мен әскеріне арнап бекініс салдырады. 500 адам он екі жыл бойы салады. Ол жер дуал мен күзет мұнаралары бар екі қабат ағаш қабырғамен қоршалады, осыдан-ақ, бұған Римнің қорғану бекіністерін салу тәжірибесі әсер еткені байқалады. Бұл бекіністің гарнизонында жүзден аса жаяу әскер тұрған, олар римдіктер болған деседі» деп, Хун Тәңірқұты Шөженің көне Тараз қаласын қалай және не үшін салғанын атап өтеді. Бұл – біздің заманымызға дейінгі шамамен 40-шы жылдар болатын. Міне осы кезден бастап Көне Тараз қаласының тарихы басталады. Бірақ, сол кездегі Қытай империясының Шөжені бағындыру мақсатында Чэнь Тань сияқты тәжірибелі де білікті қолбасшысы басқарған көп әскер жіберіп Шөжені талқандауы барысында б.з.д. 36 жылы Тараз қаласы да қирап тынады. Алайда Тараз қаласы мүлдем жойылып кетпеді. Қираған қала қаншама уақыттардан соң басын қайта көтеріп, VI ғасырдағы Түрік қағанаты кезінде қайта гүлдене бастайды. Бірақ бұл кезде қаланың атауы өзгеріп, Талас қаласынан Тараз қаласына айналған болатын. Сөйтіп алғаш рет Тараз қаласы 568 жылы Византиялық жазба дерекке түседі. Дәл осы уақытта Византия Парсыларға қарсы одақтас табу үшін Земарх бастаған елшілерін, Шығыста дүркіреп тұрған Батыс Түрік қағанына жібереді. Міне осы елшілерді Византия тарихшысы Менандрдың айтуы бойынша Түрік қағаны Естеми (Дизабул) Тараз маңындағы ұлы ордасында қабылдайды.

Осыдан кейін-ақ көптеген ортағасырлық тарихшылар, географтар, саяхатшылар Тараз қаласы жөнінде өздерінің жазбаларына түсіре бастаған. Себебі, бұл қала сол кездегі Ұлы жібек жолындағы ірі қалалардың бірі болып және қалада сауда-саттықтың өркендеп дамуы да әсер еткені байқалады. Ортағасырлық Батыс Түркі, Түргеш, Қарлұқ, Қарахан қағанаттарының саяси-мәдени және стратегиялық бекініс орталығына айналып, Шығыс пен Батысты байланыстырушы қала ретінде маңызды рөл ойнады. Әсіресе, 10-12 ғ.ғ. гүлдену мен өркендеудің биік шегіне жетіп, ғылым мен білімнің, мәдениет пен сауданың қанат жайған негізгі көзі болды. Сол дәуірдегі Қазақ қалаларының дамуы түп негізін Сақ, Үйсін, Қаңлы, Хун тайпаларының өрлеу мәдениеттерінен алып, одан кейінгі Түрік, Қарлық, Оғыз, Қаңлы, Қыпшақ, Қарахан қағанаттарының саяси дамуымен тікелей өркендеткені анық. Оның үстіне Тараздың Ұлы жібек жолының бойында орналасуы да қаланың өсіп-өркендеуіне және саяси маңызының артуына қатты әсер еткені де белгілі. Қаланың өсіп-өркендеуіне қарай, Тараз маңынан алыс сапардан келген керуеншілердің дамылдап тоқтауы үшін, ішінде қонақ жайы мен демалатын орындары бар «Төрткүл» атты керуен сарайлардың арнайы салынуының өзі бұл қаланың саяси маңыздылығының артқандығын көрсетеді. Одан кейінгі Тараз қаласының дамуы 13 ғасырдың ауыр дүрбелеңіне айналған моңғолдардың шапқыншылығына байланысты өрбиді. Моңғол елшілерін өлтірген Хорезм шахтың кесірінен Орта Азияға жорығын бастаған Шыңғысханның шабуылынан оңтүстік өңірдегі қаншама қалалардың қирап, қаншамасы саяси дамуын тежегені өкінішті-ақ! Солардың бірі Тараз қаласы да өзінің Қараханид дәуіріндегі өрлеу дәуірінен айрылған болатын. Жалғыз Тараз емес, Қазақ даласындағы қаншама қалалардың жойылып немесе өркендеу мәдениетінен тоқырауға ұшырап шектелгені тарихтан белгілі. Тек 1269 жылы Шағатай ұлысының ханы болып сайланған Қайду ханның тұсында ғана Тараз үшін жаймашуақ кезең болды. Қала қайта гүлдеп, жаңаша дами отырып, «Ианги Тараз», яғни «Жаңа Тараз» деген атаумен тарихқа енеді. Алайда 14 ғ. басында Шағатай ханзадаларының арасында өзара күрес күшейіп, соның әсерінен көптеген қалалар мен Тараз да қатты қирауға ұшырап, кейінгі Темір дәуірінде қала біржола құлдырайды. 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуымен оңтүстік өңірлердегі қалалар үшін қайта жорықтар басталып, Қасымхан (1511-1521) тұсында Шайбанилік билеушілерге қарсы Сырдария бойына бірқатар сәтті жорықтар жасалады. Нәтижесінде Қаратау жотасының солтүстік тау етектеріндегі және Шу мен Талас өзендерінің орта ағысындағы қалалар Қазақ хандығының билігіне өтті. Талас алқабына Қазақ хандығының билігі жеткен жаңа кезең Тәуекел ханның (1583-1598) билікке келуімен басталды. Оның Сырдария аймағы үшін Бұқара ханы Абдолламен болған көп жылғы күресі кезінде орта Сырдария қалаларының Қазақ билігіне өтетіндігі жөнінде келісім-шартқа қол қоюмен сәтті аяқталады. 17 ғасырдың бірінші жартысында Шу-Талас өзендері аралығындағы жерлер үшін Бұқар ханы Имамқұлы мен Қазақ хандары арасында тағы да тартыстар болды. Ақыры Қазақ ханы Есімнің тұсында 1627 ж. Сырдария аймағы мен Шу-Талас аралығындағы қалалар мен билік түбегейлі қазақтардың қолына өтті. Осылайша Тараз қаласы мен Шу-Талас аралығы Қазақ хандығының ажырамас бөлігі болып қалды.

Әрине, мұнымен Тараз өңірінің тарихы біте қоймайды. Кейіннен 17-18 ғғ қазақ үшін ірі зұлматқа айналған. Жоңғар шапқыншылығы оңтүстік қазақ өңірлерін қайта жаулап алды. Бұл зұлмат Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Оңтүстік қазақ жерлері 18 ғ. 50-ші жылдардың ортасына дейін Жоңғарлардың билігінде болды. Тек, Қытай Жоңғарияны басып алған соң ғана қайта қалпына келтірілді. Бұдан кейін Талас алқабының жоғарғы жағын 1815-1858 жж. Қоқан хандығы жаулап алып өз құрамына кіргізіп алды. Бірақ, Қоқан хандары Тараз қаласын қиратпады, қайта ол жерге өз иеліктерін қорғау мақсатында жаңа бекініс орнатып, көне Тараз қаласын қайта жандандырды. Осыдан бастап қала атауы Қарахан империясы ақсүйектерінің ірі өкілі әрі өз заманында Тараз қаласын билеген, халық киелі де қасиетті санаған Шах Махмуд Қарахан бабаның құрметіне «Әулие ата» деп атала бастады. Әулие-ата Қоқан хандығының ең үлкен бекінісі болып, 1856 ж. қала болып есептелді. Ал, 1860 жылдары Ресей мен Қоқан арасында оңтүстік Қазақ жерлері үшін күрес басталған кезде, сол күрестің нәтижесінде 1864 жылы Әулие-ата қаласы тікелей шабуылмен Ресей империясының құрамына өтеді. Орыстар Әулие-атаға келген кезде қалада 2,5 мың тұрғын болғаны айтылады. 1865 ж. Әулие-ата мен айналасындағы аймақ Орынбор генерал-губернаторлығының Түркістан облысына қарап, сосын 1867 ж. орталығы Ташкент болған Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына кіреді.
Міне, осыдан бастап көне шаһар Ресей тарихшы ғалымдары мен әуесқой өлкетанушылардың көзіне ілініп, қала тарихын зерттеу басталып та кетеді. Алғашқылардың бірі болып, 1867 жылдары көне қаланы П.П.Лерх зерттесе, 1864 жылдары алғаш В.Каллаур «План крепости Аулие-ата» деген қала жоспарын жасап, өзінің қала туралы ой-тұжырымдарымен бөліседі. Ол 1880 жылғы сәуірдің 30-нан 1898 жылғы қараша айының 30-ы аралығында Әулие-ата оязының бастығы болған және Түркістан әуесқойлар үйірмесінде бірнеше рет осы зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасаған. Одан кейін В.Лаврентьев «Схема бугров в черте города Аулие-ата» деген жазбасын жазады. Осы жазбада Тараз айналасындағы 50-ден астам(қала типтес) төбешіктер келтірілген. 1890 жылы Шығыстанушы Е.Ф.Каль Әулие-ата уезінің ескерткіштеріне зерттеу жүргізіп, қорғандар мен көптеген күзет мұнаралары туралы құнды деректер мен мәліметтер жинайды. Бірақ, осы Тараз қаласының дәл орнын табу қиындыққа соғып, әркім әртүрлі болжамдар айта бастайды. 1893-1894 жылдары Талас өңіріндегі қалаларды зерттеген Шығыстанушы В.В.Бартольд ортағасырлық Тараз қаласының орны Әулие-ата қаласының орнында деп өзінің алғашқы тұжырымын жасайды. Сөйтіп, Бартольдтың ұсынысы бойынша 1927 жылы М.Массон Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді және тарихи деректер арқылы көне қаланың орнын дәл осы Әулие ата қаласының орнында екенін анықтайды. Шынында да көреген Бартольдтың сәуегейлік түйсігі алдамаған екен. Одан кейінгі қазбалық зерттеуді 1936-1939 және 1979 жылдары Н.А.Бернштам бастаған археологиялық топ жүргізеді. Соғыс жылдарындағы осы ғылыми қазба зерттеудің барысында көптеген көне жәдігерлер мен өте керемет сәулет өнерінің бірі – Тараз моншасы табылады. Қаладан моншаның табылуы – Еуропалық ғалымдар үшін күтпеген әрі тосын жағдай болды. Себебі, олар көшпенді санайтын түркі халықтарының қала мәдениетін дамытқаны былай тұрсын, жанға шуақ силайтын моншаның денсаулықты күтудің тазалық көзі екенін сонау ерте дәуірде-ақ білгеніне қайран қалғанын жасыра алмай таң қалысқан-ды. Нағыз мәдениеттің Түркі халықтарында жатқанына осы монша көздерін жеткізді. Сонда да мұндай ірі мәдениетті Түркі халықтарына қимаған орыс ғалымдары қаладағы мұндай өркениетті Парсылық, яғни үнді-иран өркениетіне теліп бағуға тырысты. Әйтсе де, ол шындықты жасыра алмай, қазіргі күні бұл мәдениет Түркі елдерінің жемісі екені нақтыланды.

Осындай кезең-кезеңімен жүргізілген қазба жұмыстарының арқасында көптеген құнды жәдігерлер қазып алынды. Сонау Батыс Түркі қағанаты кезеңдерінен бастап, қазіргі күнге дейінгі қаланың бет-бейнесі толығымен ашылғандай болды. Әсіресе, бетінде ұйғыр тілінде және «Түргеш қаған» деген жазуы мен дөңгелек таңбасы бар қола монеталар және Шахристан бөлігінен 172-241 жылдарға жататын Кушан монетасы табылған. Одан басқа күміс пен қоладан жасалынған көптеген монеталар табылып, тиындардың ең ерте кезі VII ғасырдан басталып, аяғы Қоқан кезеңіне жеткен. Әсіресе, Түргеш қағанатына жататын мыс және күміс тиындар зерттеуді қажет ететін құнды олжалардың бірі. Бұл дегеніміз – қалада өзінің теңге соқтыратын арнайы теңге сарайы болғанын білдіріп, метал өндіретін металлургиялық құрылыс орындарының дамығанын көрсетеді. Аталған әртүрлі теңгелердің табылуына қарап, қаланың көрші елдер мен алыс-жақын шет елдерден келген саудагерлердің сауда-саттық жасайтын ірі орталығына айналғанын байқауға болады. Бұлардан бөлек иленбелі және станокты қыш ыдыстар, қола мен алтын жалатылған тұрмыстық және әшекей бұйымдары табылып отыр. Осылармен қатар көптеген қазандар, табақтар, құмандар, шырақ сынықтары, құмыралар, тегенелер, қол диірмендер сияқты заттар табылған. Археологиялық қазбадан мәдениетіміздің өркендеген өресі болған бас жағы ожаудың басындай іші шұңғыл, етегі ұзындау келген лайдан жасалған шырағдандар, әртүрлі өлшемдегі қызылқұмнан жасалған құмыралар мен керамикалық киіз үй шыққан. Топырақ пен алебастрдан жасалған үсті дөңгелек пішінді жалпақтау, биік емес аласа келген үш аяқты II-IV ғасырларға жататын орындықтар анықталған-ды. Ал 2014 жылғы қазба зерттеуде тереңдігі 2,50 метрден ұзындығы 42,70 м, жалпақтығы 19,80 м құрайтын керуен сарай анықталып, сонымен қатар солтүстік жағынан тегістелген төсенді тас жол мен батыс бетінен магистральды су құбыр жолы табылған. Тас жолдардың жалпақтығы 4,60 метрді құрап, өлшемдері ең үлкені 50х60 см болса, ең кішілері 25х30 см болып төселген. Бұл қазіргі асфальт жолдардың сол кездегі мәдени көрінісі екені айқын. Ал су құбыры жолы 52,70 метр ұзындыққа созылып, диаметрі 27 см, ұзындығы 50 см іргесінің қалыңдығы 2 см болғаны анықталып отыр. Бұл тіптен сол замандардағы су айдайтын электр қуаты жоқ кезде, суды моншаға тартып әкеліп, оны шүмектерден ағызып, одан шыққан суды қайта кері ағызып, канализациялық циркуляцияны жасаған көне дәуірдің инженерлеріне таң қалмасқа амалың жоқ! Ыстық су, мұздай суларды жүргізген құбырларының осы уақытқа дейін бұзылмай сақталуының өзі сол кездегі өндірістердің сапалы жұмыс атқарғанын да айғақтайды. Қазба жұмыстары барысында, шахристанның шығыс қабырғасында қақпа орны сақталмағанын, ортағасырлар кезіндегі цитадель мен шахристанды қоршаған қамалдардың қалыңдығы мен олардың неден тұрғызылғанын анықтап берді және ежелгі Тараз қаласының қалыптасу, даму тарихының кезеңдерін анықтайтын құнды деректерге қол жеткізді. Тіпті, сол заманның өзінде парфюмерлік иіссулар сақтауға арналған конусты ыдыстардың табылуының өзі көптеген ғалымдарды қызықтырары анық.

Осы жәдігерлердің нәтижесінде көне қаламыз Тараздың осыдан екі мың жыл бұрынғы мәдениетіміздің ірі ошақтарының бірі болғаны дәлелденді. 1940 жылдарға дейінгі зерттеулердің нәтижесі бойынша қала VI-VII ғ.ғ. жатады деп есептелсе, соғыстан кейінгі және соңғы зерттеулердің қорытындысы негізінде біздің заманымыздың I ғасырларына жататыны анықталды. Бұл біз үшін үлкен жетістік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бұрын да Ұлы Даланың көшпенді мәдениетін ғана дамытып қоймай, қала мәдениетін де әлемдік өркениеттің қатарынан қалдырмай, солармен қатар дамытқан өркениетінің жемісі екені шындық. Қазба жұмысы анықтағандай бабаларымыздың сол дәуірдегі ірі мәдениеттің иелері болуы, мәдениеті дамыған Европа елдерінің көшпелі Түркі халқы туралы теріс пікірдегі ойларына ауыр соққы болып тигені айтпаса да түсінікті. Осылайша, көненің көзі болып, көкірегі ояу ұрпағына жеткен Тараздың асты сырлы тарихқа тұнып тұр. Әлі де қазба жұмыстарын жүргізетін қаншама жерлер бар. Тарихымыздың терең қойнауына үңілетін болсақ, қасиетті Тараз өңірі тағы да өзінің қатпар-қатпар қойнауынан бізге белгісіз талай тарихтың сырын ашары ақиқат.

А.Шайдилдаев,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.