Әлімсақтан бері мал шаруашылығын ата кәсібіне айналдырған қазақтың бір күнін етсіз елестету мүмкін емес. Қоңыр күз түсісімен-ақ қорасын сайлап, ірі қарасын байлап, соғымның қамына кірісетін халқымыз әлем бойынша ет тағамын көп тұтынатындардың қатарында. Алайда үйіне келген сыйлы қонағына да ет асып, бас пен жамбас тартатын халқымыздың игі дәстүрі жуық арада ұмыт болатындай. Олай деуімізге аспандап тұрған ет бағасы себеп.
Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері қой еті – 15,8, жылқы еті – 11,4, сиыр еті 14,3 пайызға өскен. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мұның себебін әлемдегі нарықпен байланыстырады. Яғни, көрші елдерде бағаның едәуір жоғары болғаны Қазақстанға да әсер етіп, экспортқа шығарылатын ет көлемі жылдағыдан едеуір артқан.
Ал азық-түлік ең арзан деп саналатын өңірімізде биылғы соғымның бағасы қалай болып тұр? Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, «ет сатамын» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Солардың бірі – «Кәусар ет» жеке кәсіпкерлігіне біз де хабарласып көрдік. Ол жақта жылқы еті – 2 900, сиыр еті – 3 250, қой еті – 3 700, тартылған ет – 3 500 теңгеден сатылымға шығарылған. Бағасына келіссеңіз, қалаған түлігіңізді таңдап, сол жерде бірден сойдырып алуға болады. Қосымша ақысын төлесеңіз, үйіңізге дейін жеткізіп беру қызметі де қарастырылған. Егер қолма-қол ақшаңыз болмаса, «Kaspi RED» немесе 3-12 ай аралығында бөліп төлеу арқылы да есеп айырыса аласыз. Ет сатуды кәсіп еткен өзге орындарда да баға шамамен осындай.
Бұдан кейін ел аузында «Қайқармет» аталып кеткен «Сұлтан» сауда орталығындағы ет бағасын барладық. Мұнда өнім мол болғанымен тұтынушы аз екені көрініп тұр. Сатушылар өнімін жарнамалап, «талғамыңа сай таңдап аласың» деп бірінен-бірі қалысар емес. Сойылған мал етінің кешікпей өтіп кеткені өздеріне қолайлы. Сонымен мұндағы бағаға зер салсақ, жылқы еті – 3 100, сиыр еті – 3 300, қой еті – 3 800 теңгеден саудалануда. Қалауын тапсаң, саудагерлер бағасын төмендетіп беруге әзір. Бұл енді қызыл тіліңнің «қызметіне» байланысты.
– Ет бағасы көтерілгелі тұтынушылар азайды. Бұрынғыдай сауда жоқ. Өнімнің өзі бізге қымбатқа келіп жатыр. Үстіне тек нәпақамызды қосып отырмыз. Тұрған орнымызға да ақы береміз. Мұның бәрі оңай емес. Тіпті, кейде аудан орталықтарына өзіміз шығамыз. Шығыны көп. Жол жүру, малды арнайы алаңдарға сойдыру – оның бәріне қыруар қаржы кетеді. Әрине, осыдан соң тұтынушылар тарапынан реніш болып жатады. «Бағаны қолдан жасап, халықты қанап отырсыңдар» деп ұрысып кететіндер де бар. Қымбатшылық қос бүйірден қысып, қалтаны қағып тұрған кезеңде оларды да түсінеміз. Бірақ біздікі де күнкөрістің қамы болған соң, нарық талабына көнуге тура келеді, – дейді ет сатушы Әлия Амандосова.
Дегенмен, сом етке деген сұраныс төмендегенімен, малдың ішек-қарны, бауыр, бүйрегі мен сорпа жиынтығына (суп набор) тұрғындардың аңсары күрт ауғандай. Мұны халықтың осы өнімдерді талап әкетіп жатқанынан байқадық. Зейнеткер Берік Көмекбаевтың сөзінше, мұның бір ұшы тағы да сол қымбатшылыққа келіп тіреледі.
– Несін жасырайық, қазір етті аз тұтынатын болдық. Маңыздысын сыйлы қонаққа сақтаймыз. Тіпті, қазы-қарта, жал-жаяны ұмыта бастадық. Бара-бара ет жемейміз бе, қалай өзі?! Мал бар, бірақ неге қымбат екенін түсінбедім. 5 келі жылқы етін алып едім, бағасы 15 мың теңгеге бір-ақ шықты. Бұрын ауылдан соғым келетін еді. Қазір ондағы соғымның да бағасы қаладағы базар нарқына жетіп қалды. Сондықтан амал жоқ, тартылған ет, ішек-қарын немесе сүйек-саяқты талғажау етуге мәжбүрміз. Еттің бағасы өскен сайын дастарқанның да жұтаңдай түскені байқалады. Бұрын ет күнделікті ас болса, қазір ол тек мерекелік тағамға айналып барады, – деп зейнеткер іш қынжылысын жеткізді
Әрине, жұртшылық базардан келілеп сатып алғаннан гөрі бордақыланған малды сойып алғанды жөн санайды. Сондықтан қолында төрт түлігі жоқтар мал базарын жағалайды. Алайда бұл жақта да мал бағасы шарықтап тұр. Айталық, Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылы маңында орналасқан «Ас-Ер» мал базарында сиырлар 350-450 мыңның, ірі жылқылар 650-800 мыңның, қой 80-120 мыңның арасында сатылып жатыр. Алайда бұл – тек біз көрген күнгі баға. Соғым науқаны жақындаған сайын малдың құны еселеп артатынын да ескерген абзал. Төрт түліктің құны оның қоңына байланысты екені тағы бар. Сол үшін «базарда мал біз ойлағаннан арзан екен» деп ол жаққа асықпаңыз.
– Төрт түлікті бордақылаудың машақаты өз алдына бір төбе. Семіз мал соямын десең, қораңдағы малыңа екі есе күтім керек. Қазіргі таңда төрт түліктің соңында жүретін малшы табу да қиынға соғып тұр. Биыл жем-шөптің де бағасы шамадан тыс шарықтап кетті. Сондықтан шаруалардың көпшілігін «Малымды қыстан аман алып шыға аламын ба?» деген ой мазалауда. Өзім де мал бордақылаумен айналысамын. Баға құбылмалы болып тұрғандықтан, нақты құнын кесіп айта алмаймын. Осы кәсіптен ризығымызды айырып отырғандықтан, өзімізден артылған етті сатып, пайдаға кенелгіміз-ақ келеді. Бірақ күн сайын өсіп бара жатқан баға бұған біраз қолбайлау болатын түрі бар, – дейді ата кәсіппен сан жылдан бері айналысып жүрген шаруа Смағұл Әзімбаев.
Әрине, соғым десе ту биені жығып салатын ауыл халқы еске түседі. Әйтсе де, бұл жақта да жағдай мәз емес. Былтыр бір жылқының құны 500-600 мың теңгеге бағаланса, биыл оның құны 700-800 мың теңгеге жетіп жығылуда. Сондықтан туыс-туған, дос-жаранның бас қосып, қауқылдасып «соғымбасын» жейтін салтының да сәні қашып тұр. Қалай десек те, баға бұлай бетімен кете берсе, «Ет дегенде бет бар ма?» деп әзілдейтін халқымыздың сол еттің тісі түгілі, түсіне кіруінің өзі мұңға айналатын түрі бар…
Аман ЕСЕН