Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ескірген атаулардан арылып келеміз

0 187

Еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мұндағы басты мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, латын графикалы әліпби негізінде жаңғырту, тіл мәдениетін арттырып, капиталын дамыту. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 1 индикатор, 5 нәтижелі көрсеткіш толығымен орындалды.

Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 91,8 пайызды құрап отыр. Ал мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың көрсеткіші 68,6 пайызға жетті. Ал тұрғындардың 94,5 пайызы орыс тілін, 28,1 пайызы ағылшыншаны жетік меңгергенін айта кеткен жөн. 30,5 пайыздан астамы болса, үш тілді де қатар игерген. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 7 айы бойынша ағылшын тілін үйрету курстарына – 255, орыс тіліне 22 тыңдаушы қамтылған. Шығыс құжаттарының үлес салмағы 100 пайызды құрап отырғанын да ерекше атап өтейін.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысында мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, оны рухани-мәдени құндылық ретінде дәріп-теу – маңызды міндеттердің бірі. Мәселен, ағымдағы жылдың 7 айында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша – 5, қазақ тілінің латын негізді әліпбиіне көшу мақсатын-да – 16 іс-шара, ономастика саласы бойынша 6 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік желіде «Жаңа қазақ әліпбиі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілі – ғажап тіл» сынды 3 жоба жүзеге асырылды.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 10-20 маусым аралығында «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы жарияланып, қала бойынша сауда орталықтары, шағын және орта бизнес субъектілеріне, банктер мен халыққа қызмет көрсету мекемелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді.
Мемлекетіміздің дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі әрі рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары.

Әліпбидің жаңа нұсқасы мақұлданғанымен, бекітілген жоқ. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар негізінен латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында жүргізіледі.
Жаңа қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын халық арасында жан-жақты түсіндіру, жаңа әліпбиге бейімдеу, насихаттау, диарктикалық таңбалар-мен таныстыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында қала тұрғындары арасында «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты акциясы өткізілуде.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» атты эссе жазу іс-шарасы, «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің атасы» атты жаппай диктант жазу акциясы өтті.
Эссе, диктант жазуға Тараз әкімдігіне қарасты бөлімдердегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Жаңа әліпби нақты бекітілген соң, тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынатын болады.

Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі ономастика екені белгілі. Бөлім тарапынан көше тұрғындарына, кварталдық комитет төрағаларына әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық объектілерге атау беру, оларды қайта атау мәселесі бойынша қағида талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.

Кездесу барысында көшелерге атау беруде тарихымызды дәріптейтін дәстүрлі, жер-су атаулары мен республикамызға танымал, белгілі тарихи тұлғалардың есімдерін беру барысында қолданыстағы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» – 555, «Тарихи жер-су атаулары» – 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298 тізімі таныстырылады. Көшелерді тарихи тұлғалар, жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау мақсатында 2021 жылы қаламыздағы 55 қайталанатын, 28 атауы жоқ, 11 мағынасы ескірген көшелерге жаңа атау берілді.

Халық санағына байланысты жарияланған мораторий мерзімі аяқталғаннан соң, былтыр атау беру және қайта атау жұмыстары жүргізілген шаһардағы 37 көше және ықшамаудандарға атау беру бойынша ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алып, қазіргі таңда облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулы және шешімі шықты. Атап айтсақ, ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, биыл №30 мектеп-гимназиясына Шерхан Мұртазаның, №51 орта мектебіне Нарғозы Данаевтың есімдері берілді.
Ағымдағы жылы Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне тарихи тұлғалар, жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен атау бойынша 77 көшенің ұсынысы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ономастика комиссиясының қарауына жолданып, оң қорытындыға ие болды. Қазіргі таңда облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан бірлескен қаулы және шешімі әзірленіп, алдын ала келісім алу үшін Әділет министрлігіне жолданды.

Сондай-ақ биыл көше тұрғындарынан түскен өтініштерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген, Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясында мақұлданған тізімін басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізіліп, қала көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша ұсыныс ағымдағы жылдың 19 тамызы күні өткен әкімдіктің отырысы мен қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, бірлескен қаулы және шешім шықты. Қажетті құжаттары жинақталып, Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданатын болады. Тағы бір айта кетерлігі, республика бойынша елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау мәселесі бекітілген тізімге сәйкес жүргізілетіндіктен, қала тұрғындарынан үнемі жазбаша хат ретінде және әлеуметтік желі арқылы облыс, қала көлемінде танымал тұлғалардың есімдерін көшеге беру туралы ұсыныстар түсуде. Аталған ұсыныстарды жинақтап, «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына қала бойынша 52 тұлғаның есімі жолданды. Аталған ұсыныс облыстық ономастика комиссиясында қаралып, 1 қарашаға дейін республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі.

Бүгінде облыс орталығында жалпы саны 1416 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер бар. Оның ішінде қазақша атаулардың саны – 954, тарихи тұлғалар – 536, жер-су атаулары – 178 және дәстүрлі атаулар – 240. Ал орысша атаулардың жалпы саны – 462, орысша кісі есімі – 203, мағынасы ескірген орысша жер-су атаулары 259-ды құрайды. Сондай-ақ қалада аншлагтарды ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде. Айталық, былтыр аншлагтары түсіп қалған, ескірген 144 көшенің және жаңадан атау берілген 94 көшенің аншлагтары ауысты. Бұдан бөлек, биыл дәл мақсатта қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Көрнекі ақпарат пен жарнамаларға келсек, бұл – жиі көтеріліп әрі сынға да үнемі ұшырайтын салалардың бірі.

Бүгінде жарнама беруші сататын затына мән береді де, жарнаманың тіліне мән бермейді. Тілді білмей немесе сауаты жетпегендіктен емес, салғырт қарағандықтан түрлі кемшіліктерге жол беруде. Ал қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән. Сондықтан да қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен ақпараттар кездеседі. Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар да аз емес. Көшелерде, сауда орындарындағы, дүкендердегі «канцтовары», «хозтовары» «ведется видеонаблюдение», «мы открылись», «закрывайте двери», «требуется продавец» секілді мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген ақпараттар тұрғындардың наразылығын тудыруда.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтің түрлерін, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін жазу сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың да қазақ тіліндегі нұсқасы сирек. Осы орайда «Жауаптылар қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тұста айрықша атап өтерлігі, заңнамалық қателіктерді жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тексеріп, бақылай алмайды. Мұндай құзыретті 2018 жылы Кәсіпкерлік кодексінен алып тастаған. Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден әрі аса алмаймыз. Көпшілігінде жарнама берушілер – жеке сектор өкілдері. Ал шағын бизнес субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға мораторий енгізілген. Алайда құзыреттілік алынып, мораторий жарияланғанымен қарап отырған жоқпыз. Әрине, бұл салада деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, оларды заңнама талаптарына сай орналастыру бойынша құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Біз кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасаймыз. Әрине, бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заң бұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді.

Кәсіпкерлік нысандарының атаулары «Қазақстан Респу-бликасындағы тіл туралы» Заңмен реттелмейді. Ал кәсіпкерлер жұмыстарын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі негізінде жүргізеді. Әрбір заңды тұлға «Электрондық үкімет» веб-порталы және кірістер басқармасына тікелей өтініш жазу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тек қана аты-жөнін көрсету арқылы тіркеледі. Тіркелу барысында нысанның атауы көрсетілмейді.
Бүгінде облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Меморандумның тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлықтары, жеке кәсіпкерлер және жарнама агенттіктерінің өкілдерімен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты семинар-кездесу, қоғамдық көліктердің тақтайшаларындағы мәтіндерді біріздендіру және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы талаптарының сақталуын зерделеу мақсатында «Мемлекеттік тіл – қоғамдық көлікте» атты акциясы өткен болатын. Сонымен қоса шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың (жарнама) сауатты жазылуына, орналасуына тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін бөлімнен «Call-center» құрылып, жауапты маман бекітілген. Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмектер де көрсетілуде. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктерді алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде.

Сондай-ақ биыл «Қала келбеті – 2022» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты айлық, «Таза қалаға – таза жарнама» атты акциясы ұйымдастырылды. Айлық барысында жалпы зерделенген көрнекілік саны – 2665, оның ішінде анықталған кемшіліктер саны – 12, ескерту берілген көрнекілік саны – 12, нысан иелері тарапынан алынып тасталған қателігі бар көрнекілік саны 2 екені анықталды. Қателік анықталған нысан иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тіл – мемлекеттің тірегі, жаны. Оның қолданыс аясын кеңейтіп, халықтың сауатын арттыру алдыңғы орында. Сол себепті бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ұдайы жалғаса бермек.

Бақыт ТОҚСАНБАЕВА

қалалық мәдениет және тілдердің дамыту бөлімінің басышы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.