Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есірткінің ілмегіне іліну оңай, құтылу қиын

0 1  316

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында Жамбыл медициналық жоғары колледжінде «Есірткісіз Қазақстан» акциясы өтті.

Бейресми форматта өткен шара барысында полиция қызметкерлері оқушыларға есірткі және синтетикалық заттарды қолданудың зияны мен оның салдары туралы кеңінен баяндап, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ колледж оқытушылары мен студенттері облыстық полиция департаменті кинология орталығының қызметкерлері ұйымдастырған арнайы көрсетілімді тамашалады.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Болашақ ұрпақтың әл-ауқатына есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы қауіп төндіреді» деп атап өткен болатын. Президент бұл дерттің жастар арасында таралуына тосқауыл қоюды тапсырды. Бүгінгі акция да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Еліміздің жас буынының дені сау, жат әдеттерден аулақ болғаны бәріміз үшін маңызды, – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.
Жамбылдық полицейлер де жастарды осы ортақ проблемадан тыс қалмауға, есірткінің таралуына және олармен байланысты қылмысқа қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
– Мұндай іс-шаралар жастарға ой салып, зиянды әдеттер мен оның ауыр зардаптарынан аулақ болуға септігін тигізеді. Менің қатарластарым есірткінің тіпті дәмін татып көрудің қажеті жоқ екенін түсінді. Өкінішке орай, есірткі сатушылардың ілмегіне іліну оңай, бірақ бұл тәуелділіктен арылу қиын, – дейді 1 курс студенті Аружан Абдулла.
Осылайша колледж білімгерлері есірткінің зияны мен оған бой алдырғандарды қандай жаза күтіп тұрғаны туралы мол мағлұмат алды.

Наргиза Туракулова,
Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.