Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есімде сол күндер

0 333

Сонау ХХ ғасырдың 1959 жылы Свердлов ауданы (қазіргі Байзақ), Амангелді колхозының «Көкбастау» бөлімшесінде 7 жылдық мектепті бітіріп, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педучилищеге оқуға түстім. Оқуға түсуге емтихан тапсырып жүрген кездегі құрбыларымның жап-жас балғын жүздері әлі көз алдымда.

Ермеккүл, Отаркүл, Тұрғанкүл, Несіпкүл, Гүлжан, Аманкүл, Өлмес. Ішіміздегі ең сұлу, сүйкімді қызымыз – Тұрсынай Әменова. Ол ылғи күлсе жан-тәнімен жарылып күлетін әдемі құрбысы Жүрсін екеуі бірге жүретін. Зина, оның қою қап-қара бұйра шашы, адамға жымиып күлімсірей қарағаны оған ерекше әр беретін. Кербез қызымыз Айымхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Шырын Мамасерікова. Бәріміз бұрымдарымызға бантик байлаған жап-жас, кіп-кішкентай қыздар едік. Шіркін, сол 1959-1963 жылдардағы бізге дәріс берген ұстаздарымызды айтсаңызшы, не деген керемет білімдар педагогтар еді.
Училищенің директоры Достай Еселбаев ағайымыз қазақ әдебиеті пәнінен дәріс беретін. Ағай бізге өзінің қазақтың маңдайалды классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, т.б. классиктерден дәріс алғанын ерекше мақтаныш сезіммен айтатын. Әсіресе, М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, «Қаракөз», «Қараш-қараш», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романындағы Бүркіт пен Бәтестің шынайы да пәк махаббатын тартымды да әсерлі баяндайтыны соншалық, біз оны ұйып тыңдап, ерекше көңіл-күйде отыратынбыз. Мен өзім сабақ бітпесе екен деп ойлайтынмын. Менің мәңгі есімде сақталып қалғаны: Достай Еселбаев білім деңгейі өте көркемсөзге шебер, оратор, керемет суреткер еді. Әншілігі тағы бар. Дауыс диапазоны кең, жоғары, әдемі болатын. Сүйіп орындайтын әні де – «Сұрша қыз». Сонымен қатар бағаға да жомарт еді.
Иә, көптеген мұғалімдеріміз есімде. Педагогика пәнінен Қасымбеков, қазақ тілінен Фарида Әлтаева, математикадан С.Молдабаев, Әлметов, орыс тілі мен әдебиетінен кураторымыз Раиса Оразова, домбырадан Күләш Бекмұхамбетова, музыканттарымыз Шершинев, Маэр Роберт Антонович, т.б.
Роберт Антонович – менің дауысыма ерекше көңіл бөліп, дауысымды қойған ұстазым. Ол өте жоғары деңгейдегі білімді, жаны нәзік музыкант болатын. Ағай музыканы жүрегімен қабылдайтын. Р.Антонович Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Татьянаның Онегинге хаты» әндерін жақсы көретін. Әсіресе, ең сүйіп тыңдайтын әні – «Айттым сәлем, Қаламқас». Бұл әнді маған айтқызып, көзін жұмып алып, беріліп тыңдайтын. Сонан соң көзін ашып: «Ту-у-у, қандай керемет! Бұл әнді сен сияқты ешкім орындай алмас», – деп мені көтермелеп қояды. Онысы мені тырыса түссін дейтіні болар. Ағайдың бұл мақтауы мен үшін ең жоғарғы награда еді. Дайындық кезінде сүйемелдеп те, сүйемелдеусіз де әндерді айтқызып, мұқият тыңдап, әнді өз мәнеріне, нәшіне келтіріп орындауға кеңес береді. Өзі өзге ұлттан бола тұра қазақтың әндерін сүйетіні маған үлкен мақтаныш еді әрі таңғалатынмын. Осы күндері Роберт ағайды есіме алғанда, ағай неліктен «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін сүйді екен, әлде ол да Абай атамыз сияқты сүйгеніне қосыла алмады ма, арман болып жүрегінде сақталып қалды ма деген ойға қаламын.
Мен училищеде қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Қазақстанға еңбек сіңірген әртістер ағайынды Шәріпбай, Молдаш Сәкиевтер – менің нағашыларым. М.Салықов, Тілек Ерғалиев – солардың жанұялық достары. Көбінесе спектакльдер дайындау барысында қазақ драма театрының бас режиссері Тілек Ерғалиев пен атақты қазақтың күміс көмей әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амангелді Сембиннің көп көмегі тиді. Амангелді ол кезде балғын, жап-жас, сүйкімді, өте тартымды, талантты жігіт болатын. Ол өнер (культпроссвет) училищесінің студенті.
Біз Амангелді, Шырын үшеуміз өзіміздің балғын жас шағымыздағы уақытқа сай өнер айдынында достасып кеттік.
Мен училищеде домбыра ансамбліне қатысамын. Домбыра демекші, бірде қызық әрі ыңғайсыздау жағдай болды. Менің әнді, музыканы бірден, тез қағып алу қабілетім жоғары еді. Домбыраны құйқылжытып ойнаймын. Ылғи «бестік» баға. Күләш әпкей нотамен тартуды талап етеді. Домбыраның бойындағы тактілерін ойша еске сақтаймын. Өйткені әпкей ойнап береді. Менің есімде қалады. Нотаға қарағансып ойнай беремін. Бір күні әпкей қағыстан шатастым ба білмеймін, нотасыз ойнайтынымды байқап қойып, «екілік» баға қоя бастады. «Семестрге «екілік» шығарамын» деді ашуланып. Мұндай жағдайда стипендия берілмейді. Әрі әпкейден өлердей ұялдым. Сенімінен шығып қалдым-ау деп қатты қиналдым. Қорыққаным сонша, күндіз-түні дайындаламын. Бәрін басынан бастауға тура келді. Бұл мен үшін үлкен азап болды. Ұйқы да жоқ, күлкі де жоқ, әйтеуір программаны қуып жеттім-ау. Күләш әпкей күліп, маған риза болды. Бірақ менің ойымда енді «бестіктің» ауылы қайда деген күдік. Сөйтсем, әпкей «екіні» журналға қоймай, дәптеріне қойып жүріпті. Семестрге «бес» шығарды. Әпкейдің жас болса да жүрегінің кеңдігі, ақылдылығы, шәкірттерінің талантын, қабілетін бағалай білетіндігі мені қатты толқытты. Көзімнен жас шығып кетті.
Міне, осындай жоғары дәрежелі педагогтарымыздың берген тиянақты да терең білімінің, тәлім-тәрбиесінің арқасында институтты бітіріп, алдымызда кездескен қиындықтарға, кедергілерге төтеп беріп, өмір өткелінен сүрінбей өттік. Елімізге, Отанымызға, әрқайсымыз шамамызға қарай жас ұрпақтарды тәрбиелеп, адал еңбегімізді сіңіре алдық деп ойлаймын.
Біз сыныпта құрбыларымызбен тату әрі ұйымшыл едік. Бәріміз топтасып бірге жүреміз, бірге қыдырамыз. Сабақтан бос кезімізде Ленин паркінде қыдырамыз, қазіргі Т.Рысқұлов саябағы. Саябақтың іші сондай әсем. Жайқалған жұпар иісі аңқыған гүлдер, биік-биік мәуелі ағаштар. Жоғары жақтары бір-бірімен түйісіп, күн көрінбейді. Жіңішке тартылып қойған арықтарда үнемі сылдырап су ағып жатады. Гүлдер суарулы. Ауасы өте таза. Керемет кәусар таза ауаны кеудеңді керіп жұтқан үстіне жұта бергің келеді. Әсіресе, жаздың ыстық күндерінде саябақтың іші көлеңкелі, салқын. Адам жаны рахат табады. Көшеде қурап, сынып жатқан бұтақтарды, қураған ағаштарды мүлдем көрмейсің. Ағаштар жап-жасыл. Бұл сол жылдардағы экологияның тазалығының айғағы ғой.
«Қазақстан» кинотеатры жаңадан салынған. Бәріміз киноға барамыз. Бір сериялы фильмнің билеті 10 тиын, 2 сериялы фильм 20 тиын ғана. Қазір бәрін ойласам ертегі сияқты.
Саябақтағы шағын би алаңына кешкісін биге барамыз. Шырын екеуміз ән айтамыз. Шырын ақын, өлеңдері қабырға газетінен түспейді. Жас болса да сол кезден-ақ көзге түсіп, ақын-жазушылармен кездесу іс-шараларына белсенді араласып жүреді.
Қалалық, облыстық көркем өнерпаздар байқауына Шырын екеуміз барамыз және училищенің атақты хоры бар. Мен хор бастаушымын (запевало). Орыс бөлімінде Лозовая. Хордың әндері – «Бейбітшілік туы берік қолда», «Отан», «Летите, голуби». Достай ағай: «Қара шаңырақтың» намысын жібермеңдер», – деп ұран тастайды. Біз I-II дәрежелі дипломдарға ие болып қайтамыз, намысқа тырысып.
Әлі күнге көз алдымда: Ермеккүлдің (Түйебаева-Олжабаева) қою қолаң қара шашын әдемілеп, бір қырына сәндеп түйетіні, қарақаттай көзі, күлімсіреген моп-момақан мейірлі жүзі адам жүрегіне біртүрлі жылу ұялататын. Ол – сыныптың профкомы. Біз де қызықпыз-ау, баламыз ғой, Ермеккүл құрбымыздың кішкентайынан атастырған жігіті бар. Ол – Елекең. Елубай Олжабаев. Ермекке жолығуға училищеге келеді. Біз болсақ, өзімізше құрбымызды ұялтып алмайық деп жасырынып, тығылып қараймыз. Қайтейік енді, көргіміз келеді ғой. Кейде бізді байқап қойса, бізге өкпелеп, ренжіп жүреді.
Сонымен, төрт жыл көрген түстей, көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты. 1963 жылы оқуымызды бітірдік. Соңғы қоңырауда Шырын Мамасерікованың қоштасу өлеңі, директорымыз Достай Еселбаевтың жалынды сөздері, кураторымыз Раиса Оразованың, басқа да ұстаздарымыздың тебіреніп айтқан тілектері көңілімізді босатып, көзімізге жас алдық. Бір-бірімізбен қимай-қимай қоштастық.
Осылайша, біріміз жоғары оқу орындарына, біріміз еңбек жолына аттандық. Ал Ермек құрбымыз болса, училищені бітірісімен Елекеңмен отау құрды. Екеуі де жас еді. Өзінің еңбек жолын Жамбыл мектебінен бастаған ол кейіннен өзі білім алған ордасы педучилищеде тапжылмай 40 жыл шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Жастарға сапалы білім, саналы тәрбие бергені ескеріліп, «Алтынсарин» белгісімен марапатталды.
Иә, олар еңбекке ерте араласты. Жары Елубай Олжабаев та өзінің адал еңбегімен қызмет бабында жоғарылап, лауазымды қызметтер атқарды. Есімде, 1967 жылдары мен Мойынқұм аудандық комсомол комитетінде мектеп бөлімінің меңгерушісі едім. Елекең – облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. Бізді облыстық семинарларға, іс-шараларға шақыртады. Сондағы байқағаным, ол мәдениетті, қарапайым, өте кішіпейіл жігіт еді. Ұл-қыздары да «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, әкелеріне тартқан қарапайым, кішіпейіл.
Біз Ермеккүл екеуміз 40 жылдан астам уақыт өткенде кездестік. Сол баяғы моп-момақан, кішіпейіл, мейірбан мінезі. Құрбымыз ұл-қыздарына, ұрпақтарына өнегелі де жақсы тәрбие бере білген.
Елубайдың үзеңгілес, қызметтес достарынан, туған-туастарынан қол үзбей, жарының көзі тірісіндегідей араласып тұрады. Аяулы жарының аруағын құрметтеп, құранын үзбейді. Бүгінде Ермек шаңырағын өзінің ақылы мен парасаттылығының арқасында ағайын-жұртына қадірі артқан, еліне құрметті Олжабаевтар әулеті атанып, қасиетті шаңыраққа айналған.
Құрбымыздың бойына біткен мейірбанды, ибалы қасиеті – достарына, туыс-жақындарына қиналғанда бәйек болып көмекке дайын тұрады. Кімге де болса қол ұшын созудан шаршамайды. Бірде маған құрбым Шырын қоңырау шалып: «Әй, Қуаныш, мен Ермекке «Мать Тереза» деп ат қойдым», – деді ойнақы әзілмен. Мен онысын құптап: «Шынында, дәл тауып қойғансың», – дедім. Бұл Шырынның құрбысына шын жүректен сүйсініп берген бағасы еді.
Ермеккүл дегендей қамқор ана. Қамқор ананың қамқор қызы әлеуметтік жұмыспен қамту орталығының төрайымы Гаухар Елубайқызы да анасына тартқан қарапайым, кішіпейіл жан. Он жылдан астам уақыт халқына қалтқысыз адал қызмет етіп келеді. Мұқтаж жандарға ешқашан көмегін аямайды. Үнемі халықтың қамын ойлап, жағдай жасап жүреді.
Еңбегің жансын, халқының сүйкімді де сүйікті қызы! Мерейлерің өссін, Елубайдың ұрпақтары, Олжабаевтар әулеті!

Қуаныш Әбдіжәлелқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.