Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есім берерде ескеріңіз!

0 360

Қазақ қоғамы әуелден-ақ балаға ат қоюға ерекше ықыласпен қараған. Содан болар, әркез үлкенге құрмет көрсетіп тұратын қазақы салт бойынша баланың атын қою ата-әжелерге бұйырып жатады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Бұл туралы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қазақ балаға ат қойғанда кез келген адамға емес, ырымдап, көпті көрген ел ағаларына, айналасына сыйлы, аузы дуалы ақсақалдардың ақылына сүйеніп, батасын алуды мәртебе санаған. Халқымызда азан шақырып ат қою – парыз. Баланың атын қоярда үш қайтара «Аллаһуакбар!» деп азан шақырылып, содан кейін баланың құлағына «Сенің атың …!» деп үш рет қайталайды», – дейді. Расында, бұл дәстүр қаншалықты сақталуда? Баланың болашағы жарқын болсын деген ниетпен ырымдап, ертеңіне сенім арта отырып ат қою дегенді елеп-ескеріп жүргендер бар ма? Бұл сұрақ белгісіз болып қала бермек. Бір білетініміз, соңғы жылдары қазақ тарихында аты алтын әріптермен жазылған азаматтардың есімі жаңғырып жатқандай. Әсіресе, Алашорда өкіметі тұсындағы күрескер ұлдардың атын баласына қоятын дәстүр қарқын алғандай. Мұның себебі, өскелең ұрпақ ертедегі аузы дуалы, сөзі құран, мығым, кесек бітімді тұлғалардың есімін ұлықтап, ел тарихына қосқан үлесі орасан екенін жете түсінуден болса керек-ті.

Ат қою дәстүріне мән беріп қарасақ, белгілі ірі оқиғалар мен атаулы күндерге негізделген есімдерді де кездестіреміз. Мысалы, тәуелсіздік алған жылдары Нұрсұлтан деген ат сәнге айналса, Ораза айында туған балаларға Рамазан деген есім беріліп жатады. Ат қоярда алдыңғы буын ескерген тағы бір ерекшелік, қазақ отбасында қыз балалар көп туса, Ұлдана, Ұлмекен сынды есімдер береді. Балалары шетіней берсе, кейінгі перзентін Тоқтаған, Тұрар деп атаған. Ертеректе бала көз бен сөздің сұғынан аман болсын деп есімін Қиқым, Жаманбала деп те қойған. Қазір бұл дәстүр кенжелеп бара жатқандай. Халқымызда белгілі бір мерекелерге және елді мекендердің құрметіне орай қойылған Наурыз, Еділ сынды есімдер де кездеседі. Тағы бір ескеретін мәселе, ат қою деген осындай болады деп есімді елдегі оқиғаларға араластырудың қажеті жоқ. Мысалы, мұндай аттар Азиада, Саммитханнан кейін үзіле ме деп ойлаған едік, бірақ Бәйдібэкспо дегенді естіп тосырқап қалдық. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде соңғы жылдары ұлдарға Айсұлтан, Нұрислам, Рамазан, Ерасыл, Алинұр, Арсен, Алихан деген есімдер көптеп қойылса, қыз балаларға Медина, Аяла, Айша, Айару, Раяна, Кәусар, Айлин деген ат қою жиілеген. Мұндағы түрік және араб елдеріне тән есімдерді айтпай-ақ қоялық.

Қазір өзіне жарасымды атқа көңілі толмай, Анара, Аселья, Жанара деп бұрмалап алғандар да бар. Балалардың есімі мағынасына емес, оңай әрі ырғақпен айтылуына қарай ойысып бара жатқаны өкінішті. Бұған психологиялық тұрғыдан мән беретін болсақ, адамның аты тағдырына әсер етеді деген пікірге келеміз. Демек, баланың болашағына алаңдайтын болсақ, ең әуелі есім беруге ерекше мән бергеніміз абзал, оқырман!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.