Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есіңе мені алғайсың…

0 284

Қазақтың қастерлі қара өлеңін Хан Тәңіріндей биіктікке көтерген мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 88 жыл. Осыған орай, Тараз төрінде тұңғыш рет ауқымды түрде «Есіңе мені алғайсың…» атты ақын рухына арналған әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.Ким

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен шараның тізгінін белгілі ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин алып, кештің мәні мен мазмұнына өзгеше реңк сыйлады. Кештің шымылдығы ақынның шығармалары оқылған көрініспен түрілді. Тараз топырағында тұңғыш рет өткен өлеңсүйер қауымның қуанышына арнайы келген ақиқық ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдароваға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қазақы жоралғы бойынша сый-сияпат көрсетті. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан поэзияның перзентіне айналған Мұқағали ақынның шығармашылығына ерекше тоқталып, тараздықтарды рухани азық берер тағылымды шараның ашылуымен құттықтады.

– Бүкіл қазақтың тағдырына айналған әулиелі жерге табан тірегеніме қуаныштымын. Хантау, Тәңіртау, Аспантау күркіреп келіп Тараздың төрінде поэзияның даңқты перзенті Мұқағалидың рухын аспандатудың өзі күллі алашқа үлгі деп ойлаймын. Ақынның өзі айтқандай, ол расында ХХІ ғасырдың құрдасы бола білді. Бұл тойдың 2000 жылдан аса тарихы бар Тараздан басталуының өзі зор ғанибет, – деді ақын.

Өз кезегінде белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутаев Мұқағали Мақатаевтың рухын ұлықтау барша қазақ халқының азаматтық парызы екенін алға тартты.

– Ұлтының ұлы азаматтарын ұлықтау тірінің міндеті, азаматтық парызы. Әр аймақ өз Махамбетімен, өзінің тау тұлғаларымен мақтанады. Қазақ тарихи тұлғалар мен елін сүйген перзенттен ешқашан кенде болған емес. Жастар Абай да, Жамбыл да, Махамбет те, Қасым да біздікі екенін біліп жүруі тиіс. Бұл тұлғалардың барлығы қазақты келер ұрпақ алдында рухтандырып, бір жұдырықта жиып ұстайтын есімдер, – деді Несіпбек Дәутайұлы. Кеш барысында ақын Қайырбек Асанов Мұқағали Мақатаев туралы естеліктерімен бөлісіп, ақынның жадында қалған тау тұлғасы, арқыраған өзендей өр мінезі туралы әңгімелеп берді. Ал поэзия перзентінің ізін жалғаған тараздық Нұржан Қадірәлі мен Марал Хантөре ақын рухына арнаған отты жырларынан шашу шашты. Сонымен қатар шаһар мектептерінің оқушылары, бірнеше көркемсөз оқу байқауларының жеңімпаздары Мұқағали Мақатаевтың жырларын жастар жадында жаңғыртып, ерекше мәнермен оқып берді. Өрендердің өнеріне риза болған көрермен ыстық лебіздерін қошеметпен білдірді.

Аталмыш кеш аясында оңтүстік өңірдегі айтыскер ақындардың басын қосқан «Ақынға керек көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты аладоп турнирі өтті. Онда Алашқа белгілі Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов, Асхат Қылышбек сынды бірқатар сөз сардарлары бақ сынап, жеңіс тұғырынан Түркістан облысының командасы көрінді. Шарада осы жеңімпаз атанған айтыскер ақындар да төбе көрсетіп, домбырамен арнау жолдады.
Кеш соңында ақиық ақынның перзенті Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова әке рухын асқақтатқан жамбылдық жұртшылыққа жүрекжарды алғыстарын жаудырды.

– Қазақ өлеңінің көркемдік сипатын биік шыңға көтерген, алаштың жүрегінен ойып орын алған әкеміз тірі болса биыл 88 жасқа келер еді. Әкем осыдан 43 жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанып кетсе де, есімі жылдан жылға күллі қазақ даласын шарлап келеді. Бұл өлеңнің қасиеті мен киесі деп білеміз. Әкеміздің рухына тағзым етіп, мазмұны мен мәні жоғары кеш ұйымдастырған Әулиеата топырағына басымызды иеміз. Әкеміздің әруағы баршаңызды қолдап жүрсін,– деді Жұлдыз Мақатаев.

Шараның қорытынды бөлімінде ақынның перзенті мен келіні аталмыш шараны ұйымдастырып, ұлт руханиятының шырақшысы болу жолында аянбай тер төгіп жүрген Қайырбек Асанов, Қалқаман Сарин, Берік Уәли, Нұржан Қадірәліге «Мұқағали атындағы халықаралық қор» тағайындаған ақын атындағы арнайы медальді тақты.

Өлеңсүйер жастар мен поэзияның құдіретін жан жүрегімен сезінген тараздықтардың басын қосқан кеште Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншілері Жазира Сметова, Мадина Сағымбекова, Дулат Жасұзақ, Ғани Мәтебаев мұзбалақ ақынның сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені», «Сарыжайлау», «Сарыала қаз…» атты әндерін шырқады.

«Жапырақ жүрек жас қайыңға» жанын айырбастап, «Мен таулықпын» деп арқырап, «Сәби болғым келеді» деп қатал қоғамды қатаң айыптаған ақынның рухы көкте шалқыған кеш қазақ саз әлемінің аққуы Елена Әбдіхалықованың әніне жазылған Оңал Азаматованың орындауындағы «Есіңе мені алғайсың…» шығармасымен түйінделді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.